Ғабит Мүсірепов қалай атылмай қалды?
Қазақ әдебиетіндегі алып тұлғаның бірі, классик жазушы, Социалистік Еңбек Ері Ғабит Мүсіреповтің өмір жолы мен қазақ әдебиетін дүниежүзілік деңгейге шығарған еңбектері әлі де толық зерттеуді қажет етеді. «Алыпты алыптар ғана таниды» дегендей, заманымыздың заңғар жазушысы Ғабиттің өмірі мен шығармашылығы кеңінен зерттеген Шыңғыс Айтматовтың оған деген құрметі ерекше болғандығын білеміз. Ол өзінің шығармашылық естелігінде Ғабиттің отызыншы жылдары Голощекиннің қазақ халқына жасаған озбырлығын «Қазақстанда кіші қазан төңкерісін» жасау кезіндегі қияметіне, басын бәйгеге тігіп қарсы тұрған санаулы Алаш азаматтарының қатарына жатқызып, өліммен бетпе-бет келген жағдайларын баяндайды.
Екі тілде еркін жазатын Ғабит Мүсірепов Кеңестер Одағының классик жазушылары Н.Тихонов, К.Фадеев, А.Шолохов секілді басқа да қаламгерлермен жақсы қарым-қатынаста болған.
Ғабиттің өзінің баласындай жақсы көретін қазақтың ақиық ақыны Мұхтар Шахановпен сыйластығы өз алдына бөлек әңгіме. Мүсірепов өмірден өтерде қазақ халқына деген сүйіспеншілігі мен арман-тілегін тек қана Мұхтар Шахановқа айтып кеткені көп нәрсені аңғартады. Оқырман қауым Шаханов пен Айтматовтың шығармашылық тұрғыда екі ұлттың егіз баласындай дос болғандығын, бірлесіп бірнеше пъесалар жазғандығын, депутаттыққа сайланғанда ұлт мүддесі үшін тәуекелге барып, Кремльдің мінбесінен сөз сөйлегендерін, бір-біріне сүйеу болғандықтарын жақсы біледі. Соның бір-екі дәлелін айта кетейін. «Сексенінші жылдары Ташкенттен Бішкекке қайтып келе жатқан көңілді шағымызда Шыңғыс Айтматовтан қазақ-кеңес әдебиетінің алыптары Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин жайлы ой-пікірін білмекші болып, Шәкеңді (Айтматовты) өте күрделі әрі рухани жағынан әңгімеге тарттым, – деп еске алады Мұхтар Шаханов. – Көңілді келе жатқан философиялық терең ой жүйесі, үнемі жазушылық творчествосына ұштасып жатқан ақыл-ойдың алып иесі, атақты жазушы Шыңғыс Айтматов өз ой-пікірін бүкпестен ашық әңгімені бастап, бара-бара әңгімеміз Ғабит Мүсіреповтің төңірегіне ойысты.
– Шет жағасын өзің де білесің, мен қазақ әдебиетінің классиктері Мұхтар Әуезовпен де, Сәбит Мұқановпен де, Ғабит Мүсіреповпен де және Ғабиден Мұстафинмен де сәлемім түзу болған, – деді Шыңғыс Айтматов. – Осы тұлғалардың ішінен Мұхтар Әуезовтен ғана терең рухани жақындық сезіндім. Оның өзінде де әңгімеміз әдебиет, тарих, саясат айдынынан алысқа ұзамады. Ал сен Ғабит Мүсіреповпен ерекше жақын қатынаста болдың. Өлерінің алдында қазақ халқына арналған ең соңғы сөзін де саған айтып жаздырды.
Жастау кезінде маған айтқан азаматтың ерлігі мен шыншылдығы жағынан Ғабит Мүсіреповті қазақ жазушылары ішіндегі дара тұлғаларының бәрінен биік қоямын, – деген еді Шыңғыс Айтматов.
Иә, сол бір қазақ халқының басына бұлт үйірілген жылдары, белгілі қаламгерлердің бәрі дерлік жеке бастарының қамын ойлап, бұғып қалғанда Мүсірепов елден ерекше екі ерлік жасады. Оның бірінші ерлігі өткен ғасырдың отызыншы жылдардың басында Голощекин қазақ жерінде қолдан ашарылық ұйымдастырғанда, Қазақстанды ол сегіз жылға тарта уақыт басқарғанда және оның алдындағы қанды кезеңді қоса есептегенде 4 миллионнан аса адам аштан қырылған. Партия басшысының бұл қанқұйлы қадамын өз ішімізден шыққан сол кездегі КазЦИК-ті басқарған кейбір қазақтар құлшына құптап отырған. Аштықтан көз ашпай отырған халыққа 16 түрлі салық салынды. Солардың ішіндегі ең сорақысы әр үйге 4-5 келіден мүйіз салығы салынды. Халық таңдайларына тартып отырған біреу-жарым малының мүйіздерін қағуға жәжбүр болды. Жан сақтауға тырысқан жұрттың едәуір бөлігі Қырғызстанға, Өзбекстанға, Ресейге, Ауғанстанға, Қытайға, Моңғолияға қарай шұбырды. Аштықтан кейбір ауылдар түгелдей қырылып қалды. Еуропаға, Туркияға барып қоныс тепті. Кейбір ғалымдар қазақ халқының бүкіл әлемдегі санын 15 миллионға жақындатады. Егер Голощекин қолдан ұйымдастырылған ашаршылық болмағанда, қазақтардың бүгінгі саны 40 миллионнан асып жығылар еді. Кезінде Қазақстандағы жан түршігерлік ашаршылық жайлы Н.С.Хрущев Сталинді хабардар етіпті. Сонда Сталин «Ол пәлекеттерден тек осындай жолмен ғана құтылуға мүмкіндік бар» деп жауап қайтарыпты. Осы бір қиын кезеңде тек үш-ақ адам жанкештілікке барып, даралана бой көтереді. Оның бірі осы жойқын әділетсіздікке қарсы күресте өзінен басқа тағы төрт адамды тартып, «Бесеудің хаты» деген атпен жоғарғы билікке батыл наразылық білдірген Ғабит Мүсірепов болса, екінші Сталинге өз тарапынан азаматтық мінез көрсеткен Тұрар Рысқұлов, үшінші Ораз Жандосов еді.
Осы мерзім ішінде Сталин Голощекинді орнынан алады. Ал Мүсірепов Алматыға аман-сау қайтады.
– Мұны Ғабит Мүсіреповтің бірінші ерлігі деп білу керек, – деп екінші ерлігіне көшеді. – Мүсіреповтің екінші ерлігі сол тұстағы бірде-бір әдебиет, өнер қайраткерлерінің қолынан келмеген ерлік, – деп Ш.Айтматов сөзін бастағанда мен де оның сөзін қоштай қойдым,– дейді М.Шаханов
Бейімбет Майлин қазақ әдебиеті классиктерінің ішіндегі ерекше тұлға болған жазушы. Кезінде Ғ.Мүсіреповпен бірігіп пъеса да жазған, үлкен сыйластықпен дос болған кісілер, – деп сөзін жалғастырды.
– 1937 жылы Бейімбетті қауіпсіздік комитеті «халық жауы» деп ұстап әкеткенде Мүсірепов бұлқан-талқан боп ызаланған қалпында Алматы қалалық партия комитетіне барып: «Егер Бейімбет Майлин жау болса, мен де жаумын, елге, мемлекетке жан-тәнімен берілген адамды жау санаған мұндай коммунистік партияның қатарында бұдан былай бір сәт те тұрғым келмейді»,– деп партиялық билетін лақтырған. Досына, рухани қаламдасына деген қайсар адалдық, сол кездегі тұлғалар арасында мүлде кездеспейтін жағдай еді. Ал партбилетін лақтыру сол кездің жағдайымен қарағанда тікелей өлімге бас тігу болатын. Осындай оқиғалардан кейін Мүсіреповтің халық жауы ретінде атылмай, қалайша тірі қалғанына таңым бар, – деді Шыңғыс Айтматов.
–Партия комитетінен шыққаннан кейін Ғабең жұмысына барады да Мәскеуге КСРО Жазушылар Одағына, өзімен достық қатынаста жүрген Александр Фадеевке телефон соғады. Кейде адамның тағдыры бір сәтте шешіледі емес пе? Фадеев кабинетінен шығып, КОКП Орталық Комитетіне барып қайту үшін табалдырықтан енді аттай бергенде хатшы қыз оған Мүсіреповтің бір тығыз шаруамен хабарласып тұрғанын дауыстап жеткізеді. Фадеев кабинетіне қайта еніп, Мүсіреповпен ұзақ сөйлесіп, мән-жайға қанығады. Сөйтіп Орталық Комитеттегі осы мәселемен шұғылданатын бөлім бастығына өтінішпен барып, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетіне «Мүсіреповке тиіспеу туралы» тапсырма бергізді. А.Фадеевтің арқасында ғана Мүсірепов атылмай аман қалды. 1989 жылы КСРО халық депутаты болып жүрген кезімде Ғ.Мүсіреповтің осы екі ерлігі жайлы Андрей Сахаровқа айтып бергенімде ол «Алматыға барғанымда мені сол кісінің қабіріне ертіп апарыңызшы. Қабіріне міндетті түрде бір шоқ гүл қоямын» деген еді. Бірақ А.Сахаров көп ұзамай о дүниелік болып кетті. Бірде ұлы тұлғаның сол сөзі есіме түсіп, бір орам гүлді «Андрей Сахаровтың атынан» деп жазып Кеңсайдағы Мүсіреповтің бейітіне апарып қойдым. Иығымнан ауыр жүк түскендей өзімді жеңіл сезіндім дегенімде, сөзімді мұқият тыңдап келе жатқан Шыңғыс Айтматов «қазақтың классик әдебиетінің дара тұлғасы Ғ.Мүсірепов сол ерліктерімен дараланған нағыз батыр деген еді» деп әңгімемізді аяқтаған едік деген болатын Мұхтар Шаханов.
Рысбай КӘРІМОВ,
зейнеткер