Менің үлкен атам – жаужүрек батыр
Әрбір ата-ана дүниеге келген баласын бесіктен тәрбиелеп өсіргенде «менің балам оқымысты болсын», «өнерлі де, білімді болсын», «еліміздің нағыз патриоты болсын» деп армандайды. Үйдегі алған тәрбиемнен білгенім, өмірдің мәні – мектепте жақсы оқып, адал еңбек ету, қолыңнан келсе, адамдарға жақсылық жасау, үлкендерді құрметтеу, кішілерге қамқор болу, ата-анаң сияқты отбасын құру, бала тәрбиелеу.Ол үшін алдымен елімізде бейбітшілік болу керек, қоршаған табиғатымыз, жұтқан ауамыз, ішкен тамағымыз таза болу керек,яғни жақсы өмір сүруге барлық жағдай болу керек деп ойлаймын.
Бірақ мектептегі тарих пәнінде, тыныш өмірдің бұзылып, неше түрлі апаттар, аштық, соғыстар болғанын оқимыз. Мысалы, ХХ ғасырда екі рет дүние жүзілік соғыс болған. Соңғысы екінші дүние жүзілік соғыс, соның ішінде 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы болды. Бұл – Германия мен Кеңестер Одағы арасындағы соғыс, немістер мен советтердің соғысы. Оған одақтас 15 республика қатысқан, құрамында біздің Қазақстан да болды. Осы соғыста аталарымыз майданға аттанған, ал әжелеріміз тылда қалған, яғни ауылда қара жұмыс істеген.
Бұл соғыс әрбір отбасына қайғы мен қасірет әкелді, соғысқа кеткен аталарымыз үйіне қайтып келмеді. Мен және менің бауырларым бұл соғыс туралы әңгімелерді ата-анамыздан естіп білдік. Сондықтан соғыс мен үшін біздің ел тарихының бір бөлшегі ретінде менің отбасыма да қатысты әулеттің тарихы деп ойлаймын. Атамның үйінде ауылда қалған үлкен әжем мен соғыстан қайтпаған атамның суреті тұрады. Атамның үстіндегі әскери киімі қанық жасыл түсті, ал әженің басында ақжаулығы бар сурет. Менің атам – ауданға белгілі журналист Мырзамұрат Ілиясов, оның «Қырық жылдық кезеңнің хикаясы» деген кітабы бар, онда ол соғысқа кеткен әкесі туралы жазады. Үлкен атам туралы «Ол – сенің атаң» дейтін маған.Естеліктер мен мақаласы да қызық. Үлкен атамның аты-жөні – Ілияс Шалабаев.
Атамның бұл әңгімесінде соғыс туралы кинодан кейінгі жағдай туралы айтылады. Ол: «жаңа ғана аяқталған «Адам тағдыры» кинофильмі үлкен қызым Күлпашқа күшті әсер етті білемін. Теледидардан назарын шұғыл аударып алды да,төрде ілулі тұрған портретке тесіле қарады.Сөйтті де:
– Папа-ау,папа? – деді.
– Ау, жарқыным?
– Біздің атамыз соғысқа қатысқан ғой, иә?
– Иә, құлыным, қатысқан. Бала жүзі мен әке суретіне кезек қарап ойланып қалды. «Енді қандай сұрақ қояр екен?». Бір мезетте әңгімеге Серік пен Гүлжан араласты.
– Атам мылтық атқыш болған ба? –десе, екіншісі:
– Пойызға сен де шығарып салдың ба? –дейді.
Баламсың деген, сұрақтарының сөзін қара! Екеуіне де «ия» дедім. Енді не дерсің?» дейді де, әкесін былайша суреттейді:«Осы бір қарлығаш қанат мұрты бар, шоқша сақалды кісі суретінің төрде тұрғаны болмаса, мен де балаларым сияқтымын ғой. Әке жүзі,оның қан майданға қалай аттанып, жол сапарына қалай жиналғаны маған да көмескі.
Оның қалай қоға қару ұстап, зұлым жаумен қалай шайқасқаны да белгісіз. Бір білетінім, шешем марқұмның «Әкеңнің жылы тышқан еді.Сталинград майданында мың тоғыз жүз қырық екінші жылдың күзінде аттандырып салдық». Қайдам дұшпанмен қалай соғысқанын? «Қызыл Октябрьде» отырғанымызда, Белтай деген аңшы досы үйге келіп, мылтық оқтамақ болғанда «Сәл кідіре тұрыңдаршы, далаға шығып кетейін» деуші еді. Сөйткен азамат оқ пен оттың арасында қалай жүрді екен?» деген сөздері ғана.
Мейлі солай-ақ, болсын, мейлі мылтық ата білмесін. Соғысқа дейін қай адам қолына мылтық ұстап, қай адам оны кезінде, өнер тұтты дейсің? Әсіресе, дархан далада бала болып өскен Сыр қазағына не сын бар? Соған қарағанда атам жаужүрек батыр екен деймін.Мылтық ұстау білмесе, үйренді. Бала болып өссе, майдан шебінде шынығып, қар төсеніп, мұз жастанды. Ұлы Отаны, алыстағы туған жері мен қарт шешесі, аяулы жары мен жаңа аяқтанған жас сәбиінің болашағы үшін бәріне көнді, бәріне төзді. Солар үшін жауға деген өшпенділігі артып, әрбір ұрыс сайын қаһарлана алға ұмтылды».
Осыларды оқығанда, менің көзіме жас келді, шынымен де ерлік қой, бәрі де тек алға ұмтылған, мүмкін басқа амалдары да болмаған шығар, соғыстың аты соғыс, шегінерге жол жоқ.
Үлкен атамның бет-жүзі мен ерлігі туралы көп білмеймін ғой, содан шығар,соғыс жайлы кинолар көрсем болды, көк түтінге оранған, кескілескен соғыстың ішінен атамды іздеймін.Соғыста жауынгерлердің бірі окоптан атып түрегеліп, қолындағы гранатасын көтере жауға қарсы ұмтылса, екіншісі жер бауырлап келіп, дұшпанның күзетшісіне тұтқиылдан тап бергенде, ал үшіншісі ну ормандағы партизандар немістердің қару-жарақ тиелген машиналарын жарып жіберіп жатқанда сол адамдардың біреуі көз алдыма менің атам сияқты болып елестейді.
1942 жылы 9 қазанда Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумы мен Халық Комиссарлары Советінің және Қазақстан КП «б» Орталық Комитетінің Сталинградты қорғаушы қазақстандықтарға Үндеу жариялайды. Оған жерлес жауынгерлер «Біздің Қазақстанның қақпасы болатын Сталингадты қорғап жатырмыз. Біз оны фашистерге бермеуге ант етеміз» деген жауап қайырды. Мен бұл дауыстан ата үнін, сөзін естимін.1943 жылы 6 ақпанда «Казахстанская Правда» газеті «Қазақтар майданда жауға қарсы жақсы соғысты» деп жазыпты, бұл менің атамның ерлігіне де айтылған сөз деп түсіндім.
Әжемнің айтуы бойынша сонау елуінші жылдардың бас кезінде он бір-он екідегі бала едім. «Әдебиет» колхозының тұрғыны Әбдірей деген кісі шашын алып отырып: «Әкең ауылда жүргенінде қолы қандай қанды қақпаншы болса, соғыста да сол кәсібінен бір танбады. Бірде орыс орманында бекініс жасап жүріп, ішіп-жемнен тарықтық. Сонда сенің атаң тұзақ құрып, орманның ор қоянына тойдыратын, оның терісін қанжығасынан тастамайтын. Ілеке, онсыз да жеткілікті ғой, тастасаңызшы ананы десек, жүзіне күлкі үйіріліп, Неге тастайын? Ауылда екі-үш жасар ұлым бар еді. Соғыс біткен соң ішік жасап беремін балама деуші еді” дейтін. Демек, менің атам да соғыста ер болған, жауды жеңгеннен кейін ауылға аман-есен қайту үміті болған, баласын көруді армандаған. Оны сондай батырлық пен қайсарлыққа, өжеттікке үйреткен соғыс болды.
Одан әрі қарай мынадай материалды оқыдым. “Сендердің атаң да қан майданда жүріп, ауылына хат жазуды ұмытпаған кісі. Соңғы хат мың тоғыз жүз қырық үшінші жылдың алғашқы күндерінде келсе керек. Онда «аяғымнан жеңіл жараланып, госпитальға түстім. Таяу күндері ұрысқа аттанамын» депті. Бұл атаңның соңғы сөзі, бұл – атаңның туған жерге, ата-анасы мен бала шағасына, ағайын-туыс, жора-жолдасына деген соңғы сәлемі еді. Сол хаттан соң атаң жайлы хабар жоқ. Тегі аталарың госпитальдан жазылып шығып, қайтадан Сталинградты қорғауға қатысқан болар”
Қаһарына мініп, зұлым жауға қарсы арыстанша атылған болар. Бәлкім сол сәт атамның көз алдында шыр көбелек айналған шығар. Сол сәт атамның көз алдына Сыр бойы, жетпістен асқан анасы мен жиырманың үстіне енді ғана иек артқан асыл жары, аяғын апыл-тапыл басқан баласы елестеген болар. Әлде ол жақта госпиталь жау бомбасының астында қалып, атамыз дұшпанмен жекпе-жекке келе алмай, арманда кетті ме екен? Ол жағы да белгісіз. Бірақ соғыс жайлы кинокартина көріп,әдебиет оқысам, ақырғы демі біткенше жаумен алысып, қарыс жер шегінбеген жауынгерді атам теп ұғамын. Бұл сұрапыл соғыста 70 млн-дай адам қаза тапқан. Соның бірі менің үлкен атам болды.
Бұрынғы Сталинград қаласы қазір Волгоград деп аталады, сонда «Мамаев қорғаны» деген үлкен зират бар. Сол – біздің атамыздың бейіті. Есейген соң барып көремін. Жан-жағының бәрі тас мүсінге толы.
Соның бірі әсіресе түксие қабақ түйіп, дұшпанына кіжіне ұмтыла түскені – менің атамның ерлігіне, менің атама орнатылған ескерткіш. Осы қасиетті орынға барарында да,қайтарында да күндіз-түні бірдей жанып тұрған алаулы маздақты көресің. Ол – біздің атамыздың басында жанып тұрған өшпес шырақ. Ол – біздің атамыздың ерлігіне, сонау бақытты заман үшін қасық қаны қалғанша жауымен күрескен ерлігіне көрсетілген ұлы құрмет. Қазір сонда күн сайын мыңдаған адам барып, тағзым етеді.
Болашақта атам туралы тағы зерттегім келеді, соғысқа қай жерден кеткен, қай жерде жерленген екен деп ойлаймын. Өз көзіммен көріп, тағзым етсем деймін.
1941-1945 жылдарда Қазақстаннан соғысқа 1,5 млн-ға жуық адам қатысқан екен. Ұлы Отан соғысы 1418 күнге созылды. Бір күнде шамамен 14104 адам, ал бір сағатта 588 адам, бір минутта 10 адам, алты секундта 1 адамның өмірін алып отырды. Міне, осындай қорқынышты арифметика!
Олардың ерлікке толы өмірін білу – біз сияқты оқушыларға керек. Басқаларды білмеймін, менің жаужүрек атамның есімі біздің әулетте мәңгі есте сақталады. Жыл сайын 9 мамыр күні отбасыммен бірге атам Мырзамұрат Ілиясовтың «Ол – сенің атаң» деген мақаласын оқимыз. Бұл да журналист атамнан қалған дәстүр жалғастығы деп ойлаймын.
Зарина Мырзамұрат,
З.Жарқынбаев атындағы
№202 орта мектептің оқушысы