» » БЕЙБІТШІЛІКТІҢ БЕДЕРІ БҰЗЫЛСА...

БЕЙБІТШІЛІКТІҢ БЕДЕРІ БҰЗЫЛСА...



Жұмыр жер жаралғалы адамзат баласы бірі-бірімен жауласып, соғысып келе жатыр. Бүгінгі ұрпақ сол соғыстардың әрбірінен саяси астар іздеп, оған тарихи оқиға ретінде қарап, айдар тағып, атау бергенімен, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан жер бетіндегі барлық қантөгістер адам баласының сол баяғы ашкөздігі, тойымсыздығы, қанағатсыздығы, рақымсыздығынан бастау алды. Біз бүгін жүректілігімен һәм жауыздығымен тарихта аты қалған қатыгез патшалар мен қолбасшылардың және сол соғысқұмар елдердің әскери қуатын, СОҒЫС тактикасын, СТРАТЕГИЯЛЫҚ БАҒЫТ-БАҒДАРЫН дәріптеп келеміз. Әрине, бейбіт өмірдің бағасын білу үшін әрбір соғыстан сабақ алуымыз керек. бірақ басқыншы елдерге, қылышынан қан сорғалаған қолбасшылармен мақтануға тиіс емеспіз. Рас, біз де жауынгер халықтың ұрпағымыз. Арғымақ мініп, ай астында атойлаған арғы бабаларымыз да ерлігімен жарты әлемді алдында тізе бүктірді. Бірақ батыр, жаужүрек халық ешкімге қылдай қиянатын, зорлығын өткізген жоқ. Қай соғыста да қазақ халқы өзінің атамекенін, атақонысын қорғау жолында ғана атқа қонып, қолына қару алды. Ал тарихтағы қанқұйлы соғыстардың авторы атанып, миллиондаған адамдардың қырылуына себепші болған кешегі Шыңғысхан, Наполеон, Македонский және тағы да басқа осындай тиран қолбасшылардың арман-аңсары да, мақсат-мүддесі де бір болатын, олардың көздегені – әлемді тұтастай жаулап алып, жер бетіне иелік ету, дүниенің төрт бұрышына қаһарлы әмірін жүргізу еді. Алайда, олардың ол мақсаты жүзеге аспады, армандары орындалмады. Есесіне, сол жолда қаншама адам қынадай қырылып, құрбан болды. Жазықсыз жапа шеккен халықта қисап жоқ.

Төменгі сыныптарда мұғалімдеріміз бейбіт өмірдің, тыныш заманның қадірі жайында көп айтатын. Өйткені, бізге сабақ берген ұстаздардың көбі кешегі екінші дүниежүзілік соғысты көзімен көрген немесе сол сұм соғыстың қасіретін тартқан жаны жаралы кісілер еді. Мектеп оқушылары да тұмсығымен бір тал қызғалдақ тістеп алып көк аспанда еркін самғаған бейбітшілік құсы – ақ көгершіннің суретін көп салатын... АҚШ пен КСРО-ның арасындағы бейбіт қарым-қатынасқа дәнекер болған кіп-кішкентай оқушы қыз Саманта Смиттің әлемге қауіп төндірген ядролық соғысқа алаңдап, Кеңестер елінің басшысы Андроповқа жолдаған хаты дүние жүзі халқының жанын тебірентті.
Осыдан тура жетпіс сегіз жыл бұрын күнтізбенің дәл бүгінгі күні, яғни 1941 жылы маусым айының 22-сінде таң алдында фашистік Германия КСРО-ға соғыс ашты. Көшедегі баған басына ілінген радиодан естілген «Соғыс басталды» деген үрейлі суық сөз Кеңес халқының үрейін ұшырды. Бұл соғыс тек КСРО-ны ғана емес, әлем елдерін дүрліктірді. КСРО мен Германия 1939 жылдың 23 тамызында өзара шабуыл жасаспау фактісіне қол қойған еді...
Дереккөздерге сүйенсек, халық арасында ХХ ғасырдың Шыңғыс ханы атанған Адольф Гитлер 1933 жылы фашистік диктатура орнағаннан кейін өзінің қанқұйлы жос­парларын іске асыруға кірісті. Оның бұл жоспарын Италия мен Жапония үкіметтері қолдады. 1940 жылы 27 қыркүйекте Германия және Италия мен Жапония "Үштік пакт" деп аталатын келісімге қол қойды. Ол келісім бойынша осы елдер ықпал жүргізу аймақтарын бөлісіп алып, өзара әскери көмек көрсетуге келісті. 1940 жылдың қараша айында өткізілген кеңес-герман келіссөздерінде неміс дипломаттары осы пактқа қосылуды Кеңестер Одағына да ұсынды. Кеңес үкіметі «егер Германия Кеңестер Одағының өз әскерлерін Румыния, Болгария, Финляндия және Түркияға енгізуге келіссе, онда қосылуға дайынбыз» деп жауап берді. Немістер бұл шартқа келіспеді. Осыдан соң Гитлер КСРО-ға шабуылдың жоспарын бекітті. 1940 жылы желтоқсанның 18-інде қарулы күштердің бас қолбасшылығы Гитлердің өзі қол қойған, КСРО-мен болайын деп жатқан соғыстың негізгі мағынасы және стратегиялық бағыт-бағдары баяндалған №21 директиваны жіберді. Бұл – әйгілі "Барбаросса" жоспары еді. КСРО-мен соғыстың жоспары 1941 жылы 31 қаңтарда шығарылған «Әскерлерді стратегиялық топтау мен орналастыру туралы директива» деген директивада егжей-тегжейлі баяндалды. Оған қол қойған құрлық әскерінің бас қолбасшысы В.Браухич болды. 1941 жылы мамырдың 1-інде Гитлер КСРО-ға шабуылды маусымның 22-сінде бас­тауды түбегейлі шешті...
1941 жылдың 21 маусымында Гитлердің Муссолиниге жолдаған хатында: «Негізі, бар орыс әскері біздің шекараларымызда шоғырланып тұр. Ауа райы жылыған кезден бері көп жерде қорғаныс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Егер жағдайлардың қысы­мымен неміс авиациясын Англияға қарсы жібере қалатындай болсам, онда Ресей оңтүстік пен солтүстіктен бізге қысым көрсете бастайды деген қауіп бар. Солай бола қалған жағдайда әуеде басымдық бізде жоқ болғандықтан, мен тек үндемей шегіне беруге ғана мәжбүр боламын. Авиацияның жеткілікті қолдауынсыз мен Шығыстағы дивизиялардың көмегімен орыстардың қорғаныс бекіністеріне шабуыл­дай алмас едім. Осы қауіпке назар аудармаса, онда біз бүкіл 1941 жылды жоғалтып алуымыз ықтимал, соның өзінде де жағдай жақсыға қарай өзгермес еді. Керісінше, Англия өзінің орыс серіктесіне сеніп, бітімге келуге одан бетер қарсыласатын болады. Оның үстіне олардың осы үміттері орыс қарулы күштерінің дайындығы артқан сайын күшейе беретін болады. Ал 1942 жылдан бастап америкалықтардың соғыс материалдарын жаппай жөнелтуі басталатынын алыңыз…
Ақыр соңында мен сізге тағы бірдеңені айтқым келіп еді… Мен осы шешімге келгелі бері өзімді іштей азат сезініп отырмын. Мен осы шиеленісті шешуге қаншалықты талпынсам да, Кеңестер Одағымен ынтымақтас болу менің өзімді зәрде қылатын еді. Себебі бұл менің бүкіл өткен өміріме, менің дүниетанымыма, өзімнің бұрынғы барлық борыштарыма қарама-қайшы келетін. Осы ауыр жүктен енді құтылғаныма бақыттымын», деп жазады...

ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК
Германияның экономикасы мен бар тіршілігінің милитаризациясы, жаулап алған елдерінің өнеркәсібі мен стратегиялық қорларының немістердің қолына түсуі, жаулап алынған және одақтас елдердің арзан жұмыс күшін қолдану Германияның әскери-экономикалық қуатының елеулі түрде артуы­­на әкелді.
Ұлы Отан соғысының қарсаңында Германияның өзінде және жаулап алынған елдер мен одақтас елдерде жылына 439 млн тонна көмір, 31,8 млн тонна болат өндіріліп, 11 мың зеңбірек пен миномет, 11 мың ұшақ шығарылатын, ал 1941 жылдың 1-ші жартысында 1 621 танк пен өздігінен қозғалатын артиллерия қондырғысы шығарылды. Бұл деректерден Германияның өнеркәсіп қуаты жағынан КСРО-ның үстінен басымдыққа ие болғандығы анық көрінеді. Бірақ қару-жарақ шығару жағынан Германия дәл сондай басымдыққа ие болған жоқ.

КЕҢЕС БАРЛАУ МЕКЕМЕЛЕРІНІҢ ЕСКЕРТУЛЕРІ
1941 жылдың бірінші бөлігінде кеңес барлауы немістердің шабуылға дайындалып жатқаны туралы хабарлаумен болды. Хабарларда қарама-қайшылықтар кездесіп отырды. Мысалы, шабуыл басталатын күн (мамырдың 1-і, 15-і, маусымның басы, 22-ші маусым), соққылардың бағыттары, соғыс жоспарлары туралы хабарлар әртүрлі болды. Осының бәрі Германияның шынайы ақпаратты жалған ақпаратпен араластырып, түрлі буындар арқылы таратқанының салдары болды.
Кеңес жетекшілері барлаушыларға әрқашан сене берген жоқ, себебі кейде олардың берген ақпараттары (мысалы, Рихард Зорге жіберген мәліметтер) расталмай отырды. Кейбір дерек көздері бойынша, Германияның соғыс бастайтыны туралы ескертулер қарама-қайшы (ал қазіргі зерттеулер көрсетіп отырғандай, кейде тіпті жалған) мәліметтер қамтып отырды. Ақпарат шынайы болған күннің өзінде одан жаңсақ қорытындылар жасалып отырды (мысалы, әскери барлаудың жетекшісі Голиковтың қате қорытындылары). Германиямен соғыс жасаспау туралы келісім, неміс әскерилерінің Британия аралдарына дайындалып жатқан шабуылы туралы әңгімелері 1941 жылы соғыс болмайтын шығар деген үміт тудырып отыр­ды. Германия басқа шабуылдарының қарсаңындағыдай ешқандай саяси талаптар жасамады. Сталин Германияның шабуыл­ жасауы мүмкін екендігі туралы барлау мәліметтеріне сенбеді.
Тарихи деректерге көз жүгіртсек жаның түршігеді. Жұмыр жерді қанға бөктірген бұл соғысқа 61 мемлекет, яғни, дүние жүзі халқының 80 пайызы қатысқан. Соғыс қимылдары 40 мемлекет жерінде жүріп, 110 млн адам әскерге алынған. 50-55 млн адам қазаға ұшырап, 4 триллион доллар көлемінде шығын шыққан. 1710 қала жермен-жексен болып, жер бетінен жойылып кеткен, 70 село қирап, 32 мың өнеркәсіп орыны, 98 мың колхоз, 1876 совхоз күлге айналған, сонымен бірге мыңдаған гектар орман алқаптары өртеніп тып-типыл болған. Адамзат тарихындағы осы бір ең қасіретті, ең қанды соғыс біздерге бейбіт күннің бағасын арттыра түсті. Мыңдаған қандастарымыз қыршынынан қиылды. Отан қорғау жолында опат болған сол боздақтардың шаңырағы ортасына түсіп, қаншама жас келіншек жесір атанып, қаншама бала жетім қалды. Бүтін бір буын ұрпақ әке тәрбиесін, әке мейірімін көрмей өсті. Тамұқ жылдардың тақсіретін тартқан сол балалар қолдарына ағаш қару алып бір-бірімен соғысып ойнап, "ата жауы­нан" қан майданда қалған әкелерінің кегін алып ержетті...
Ал мылтық дауысын естімей өскен бүгінгі балалардың ойыны бөлек. Иә, лайым келер ұрпақ "соғыс" ойынын ойнамасын.

Қуат АДИС
22 маусым 2019 ж. 775 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 710

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031