ОТАН ҚОРҒАУ – ҚАСИЕТТІ БОРЫШ
Ата-бабамыз кең байтақ жер мен осынша байлықты біздің буынға аманаттау жолында талай қиын кезеңді бастан өткерді. Ұлы Отан соғысында оқ пен оттың ортасында жүрсе де өскелең ұрпақтың болашағы мен еліміздің келешегін жадынан әсте шығарған емес. Оған дейінгі зұлмат жылдарда да бойдағы жарқын болашаққа деген үміт сәулесінің өшпеуін Тәңірім бүгінгідей бейбіт өмірмен сүйіншіледі десек, артық айтқандық болмас. Қазір Аллаға шүкір дейміз, еліміз аман, жұртымыз тыныш. Ширек ғасырдан астам тәуелсіздігіміздің тарихы бар. Ал Қазақ деген ұлы халықтың тамырына бойлаймын десең, түбім түркілерден бастау алады. Халқымыздың бүгінгідей бейбіт күн кешуі, жастарымыздың арғы тарихына адаспай бойлауы осы – ұлы мақсат жолында аянбай күрескен батыр бабаларымыздың еңбегінің жемісі.
Еліміз 1991 жылы тәуелсіздікке қол жеткізіп, өз алдына дербес мемлекет болды. Сол жылдан бері іргесі бекіген Қазақстанның кемел келешегі жолында да тындырымды жұмыстар жүзеге асты. Шекарамызды бекітіп, төл теңгемізді айналымға енгізу жолында үлкен қадамдарға барған Тұңғыш Президентіміз алғашқы Жарлығын Қарулы Күштерді құрудан бастады. Бұл саяси құжаттың еліміз үшін маңыздылығы орасан. Себебі бұл Жарлықта тек мереке ғана емес, «Отан» деген ұлы сөздің мән-мағынасы, батыр бабаларымыздың елге, жерге деген патриоттық сезімі ашық айтылды. Алғашқы жарлықты халыққа жариялау кезінде де Елбасы мұны толық түсіндірген болатын. Сол уақыттан бері мемлекетімізде «7 мамыр – Отан қорғаушылар күні» мерекесі тойланып келеді. Еліміздің барлық аймағында әскери шерулер ұйымдастырылып, патриоттық әндер шырқалады. Жастар Отанға, туған жерге, елге деген төл туындыларын тарту етеді.
Жалағаштықтар да бұл мерекені жоғары деңгейде атап өтуді дәстүрге айналдырған. Кешегі орталық алаңда өткен салтанатты шарада мектеп оқушыларына дейін үлкен әскери шерулер ұйымдастырып, мемлекеттің жарқын болашағы жолында аянбай еңбек еткен, оқ пен оттың ортасында болған ардагерлердің рухына тағзым етті. Алдымен аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев жалағаштықтарды мерекемен құттықтап, жастарды тәуелсіздік деген ұлы сөздің қадірін терең түсінуге шақырды.
– Ата-бабаларымыз тәуелсіздікке дейін небір қиын күндерді басынан өткерді. Сонда да бізге бейбіт өмірді, тәуелсіздік деген шегі жоқ байлықты аманаттап кетті. Енді осы қолдағы бақты ұшырмай, қадірін білу біздің міндетіміз. Ұлы Отан соғысы жылдарында Жалағаш жерінен қаншама боздақтар қан майданның ортасында болып, үлкен ерліктің үлгісін көрсетті. Біз тарихқа бойлай отырып, батыр бабаларымыздың арқасында бүгінгідей бейбіт күн кешіп жатқанымызды түсінеміз. Отанды қорғау жолында үлкен ерліктер жасалды. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен осындай кең байтақ жер бізге аманатталды. Еліміз егемендік алғалы Қазақстанның өз әскері құрылды. Қазір сол әскер құрамындағы жастарымыз Отанын қорғауға сақадай сай. Бүгінгі шарадан да біздің ауданымыздан келешек Отан қорғаушылардың қалыптасып келе жатқанын аңғарамыз. Баршаңызға бүгінгі мереке құтты болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болсын, – деді аудан басшысы.
Мереке аясында жастар патриоттық әндер шырқап, барлық ауылдық округтегі және аудан орталығындағы білім ошақтарынан келген оқушылар әскери шерулер ұйымдастырды. Сондай-ақ соғыс ардагерлеріне арналған ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойып, бабалар рухына тағзым етті.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ.