ТАРИХЫНА ТЕРЕҢ БОЙЛАҒАН ЕЛ АЗБАЙДЫ
Отансүйгіштік, прагматизм, туған жерге тағзым ету, мәдени мұраларға құрметпен қарай отырып, тарихымызды қастерлеуге кейінгі ұрпақты баулу біздің буынның басты міндеті деп есептеймін. Біз бұл ұғымдарды өскелең ұрпақ бойында қалай жаңғыртамыз? Бұрын отбасы тәрбиесі арқылы бұл процестің барлығы қарапайым тұрмыстық өмірде жүзеге асатын. Әрине, оған елдегі барлық отбасының ілесуі мүмкін емес. Дегенмен, елдің ертеңі үшін тек экономиканы нығайту қажет деген ойдан арылып, рухани тұрғыдан да ақсап қалмау қажеттігін жадымыздан шығармаған абзал. Мемлекеттің кемел келешегі деп білетін бүгінгі жастардың бойында мұндай қасиеттерді қалыптастыру үшін өткенді ұлықтап, бабаларымыздың бізге осындай байлықты аманаттау жолындағы ерлігін дәріптеуіміз қажет.
Біз өткенге көз жүгірту арқылы қазақ деген қайсар елдің кемеңгерлігін, ержүректігін, намысшыл жұрт екенін аңғарамыз. Елбасы айтқандай, тарихта қазақ ұялатындай ешнәрсе болған жоқ. Рас, небір зұлмат жылдар мен қиын-қыстау кезеңдерді ел басынан кешірді. Бірақ мойымады, кеудедегі тәуелсіздікке деген ұлы мұрат жұртымның бүгінгідей кең байтақ жерде шат-шадыман күн кешуіне сеп болды. Қазір еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Енді Елбасы айтқандай, мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озық болуы тиіс. Мұны Тұңғыш Президентіміз өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында да қуаттайды.
Тәуелсіздік жылдары тарихымызды түгендеуде, кемел келешек үшін тер төккен батыр бабалардың өмір жолын дәріптеуде үлкен іс жасалды. Бұны біздер үшін де, өскелең ұрпақ үшін де рухани жаңғырудың тиімді тетігі деп есептеймін. Тіпті, өткенді ұлықтап, өшкенді қайта жандыру үшін мемлекет бір емес, бірнеше арнайы бағдарлама жасады. 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандардың қайта жаңғыруы қолға алынғаны жарқын жобалардың жемісі іспетті. Ал, 2013 жылы «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы арқылы қыруар іс тынды. Әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелі түрде жинап, зерттеуде сапалы жұмыс жасай алдық деп білемін.
Мұның бәрі Елбасының сарабдал саясатының арқасында келешек үшін қолға алынған шаруалар. Тұңғыш Президент бағдарламалық мақаласында осының бәрін баяндай отырып, енді алда мұнан да ауқымды және іргелі жұмыстарды жүзеге асыру міндеті тұрғанын жеткізді. Сондай-ақ жауапкершілігі жоғары біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымызды, бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз жайында өзінің көзқарасын барша қазақстандықтармен бөлісті.
Елбасы бүтін бір мақала арқылы әлі де тарихымызды түгендеуге сара жол салып берді. Мемлекеттің келешегі үшін маңызды мақала болғандықтан мұны жалпы жұрт саяси құжатқа балады. Бұл – бағдарламалық мақалаға берілген лайықты баға. Тарихына терең бойлаған елдің азбайтынын бізге түсінетін уақыт жетті.
Жанғабыл ИБРАЕВ,
аудандық архив басшысы.