ТОЛАҒАЙ ТАБЫС – ТӘУЕЛСІЗДІК ТАРТУЫ
Тәуелсіздік – кез келген мемлекеттің басты байлығы. Бәлкім, басқалардан бәсі биік бұл сөз бәзбіреулер үшін жай ғана жаттанды ұранға айналған шығар. Бірақ, байыбына барсаң, бұл байлыққа тең келер құн жоқ. Неге? Себебі, бодан болудың қандай қасірет екенін біздің жұрт жақсы біледі. Тәуелсіздіктің үлкен байлық екенін түйсігімен түсінген соң болар, еліміз мемлекеттің басына қонған бұл баққа құрметпен қарайды. Осы уақытқа дейін берекелі әрі ауызбіршілікпен шат-шадыман күн кешуіміздің себебі осы.
Қазақ жұрты өз алдына дербес мемлекет болып құрылуға дейін небір зұлмат жылдарды басынан өткерді. Оған тарих куә. Қаншама зиялы қауым өкілдері жазықсыз жаланың құрбанына айналды. Есесіне ел әлеуметтік жағынан да, рухани тұрғыдан да үлкен шығынға ұшырады. Сонда да, қабырғасы қайыспаған қазақ жұртының жүрегіндегі «Тәуелсіздікке қол жеткіземін» деген ұлы мұраттың жалыны өшкен жоқ. Міне, Тұңғыш Президентіміздің «Өткенге көз жүгіртсек, тарихта қазақ ұялатындай ештеңе жоқ» деуі де осыған дәлел болмақ.
Расында, тарихта қазақ ұялатындай ештеңе жоқ. Ұлан-байтақ жер бабамыздан бізге аманатталды. Бұл дәстүрдің лайым сабақтастығы жалғаса жатар. Атам қазақ арман еткен ұлы мұратқа біз мирас болдық. Бірақ, осынша байлықты бізге табыстау жолында қан мен тердің қатар төгіліп, қанша жанның құрбан болғанын әрбір қазақ жадынан шығармауға міндетті. Қазір Аллаға шүкір дейміз, ширек ғасырдан астам тарихы бар тәуелсіз мемлекетпіз. Ең алғаш Қазақстанды тәуелсіз деп түркі тілдес бауырлардың ішінен Түркия мемлекеті мойындады. Мойындап қана қойған жоқ, тәуелсіздікке жасалған алғашқы қадамды Мәңгілік елдің қаланған алғашқы іргетасы деп білді. Қазір қол жеткен барлық байлық үшін барша қазақ тәубе дейді. Себебі, жұртым байыппен іс қылуды жадынан шығармайды. Енді отыз жылға жуық уақытта нендей іс жүзеге асты? Осыған тоқталайық...
Шекарамыз бекіп, шет елдермен иық теңестіргелі елімізде толымды тірліктер жүзеге асты. Бір ғана төл теңгемізді айналымға енгізуге дейін Тұңғыш Президентіміздің сарабдал саясатпен іс қылуы көпке үлгі емес пе?! Елордамыз Алматыдан бұрынғы Ақмолаға ауысып, Сарыарқаның төрінде алып шаһар қанатын кеңге жайды. Сол уақыттан бері елорда әлемнің бейбітшілік және келісім ордасына айналды десек, қателеспеспіз. Бұған дәлел осынша уақытта әлем елдерінің бірқатарында орын алып жатқан діни қақтығыстар мен күрмеулі мәселелер осында бірнеше рет шешімін тапты. Жалпы, 30 жылға жуық уақыт ішінде қол жеткізілген табыстар Тұңғыш Президенттің өмір жолымен тығыз байланысты болды. Сондықтан, жұртының оған құрметпен қарауы да орынды.
Тізе берсек, тәуелсіздік жылдарында тарқатып айтар дүние көп. Енді сол жылдары өзіміздің Сыр өңірінде нендей жұмыстар жүзеге асты? Осыған тоқталсақ...
Жалпы, екі ғасырлық тарихы бар бұрынғы Ақмешітті бүгінде елордаға қарап бой түзеген еліміздегі бірден-бір аймақ десек жарасып-ақ тұр. Ал, Сыр елінде тәуелсіздік жылдары жүзеге асқан жұмыстарды тарқатпас бұрын оның бұрынғы әлеуетіне көз жүгіртейікші. Еліміз еңсесін тіктеуге енді қадам жасаған кез болса керек. Ол кезде қай өңірдің де ахуалы көңіл көншітпейтін. Әсіресе, қазіргі Қызылорданың болашағы қиын шақта еді. Тіпті, Мемлекет басшысының алдына Қызылорда облысын таратып жіберу жөнінде арнайы құжат та барған. Бірақ, шешуші сәтте Тұңғыш Президент киелі өңірдің келешегіне сеніммен қарады. Арнайы Жарлыққа да қол қоюдан бас тартып, кері қайтарды. Ал, қазір әлеуеті артып, қанатын кеңге жайған Қызылорданың бұрынғы жағдайы осындай болды десе сенер ме едіңіз? Әрине, күмәнмен қарайсыз. Біз соңғы 5-6 жылда алып құрылыс алаңына айналған бұл аймақтың бұрын мұндай жағдайда болғанына сенбесек те, Елбасы кейін сол облыстың осындай әлеуеті артқан аймаққа айналарына сенім артты. Нәтиже де жаман болған жоқ.
Алып шаһар қазіргі таңда тоқсан пайызға өзгерді десек, қателеспеспіз. Бірақ, рухани жағынан өткенін ұлықтап, өшкенін қайта жандыруда салтынан жаңылмай келеді. Біздегі өзгеріс тек әлеумет әлеуетінің артқаны. Ал, рухани жағынан Сыр елі бұрыннан жұтаң жұрт емес.
Бұрын өнеркәсіп саласы жағынан ақсап тұрған аймақта қазір өндіріс орындары көптеп бой көтеруде. Тіпті, олардың бірқатары мерзімінен бұрын жұмысын бастап та кетті. Өткен жылы Сыр елінде цемент зауыты іске қосылса, жыл аяғына дейін шыны зауыты да жұмысын бастамақ. Бұл өндіріс нысандары халықты жұмыспен де қамтиды, жергілікті өнімді де сыртқа экспорттайды. Бір жағынан жергілікті халықты да өз өнімімен қамтамасыз етеді. Біз осындай алып кәсіпорындардың іргетасын қалау арқылы импортқа тәуелділіктен арыламыз.
Айтпақшы, бұл өңірде соңғы 5-6 жылда құрылыс қарқын алып, жергілікті халықтың баспана мәселесі шешімін табуда. Осынша уақыт ішінде көптеген шағын аудан бой көтерген облыста биыл тағы үш шағын ауданның құрылысы қатар жүреді. Біржан Көштаев деген ақсақал «Бұрын қаланың бір шағын ауданынан жер алайық десек, үйдегі жүгірмектер «Әке, ол жер шет қой» деп шығатын. Қазір облыстың қай жері шет, қай жері орталық екенін білмейсің» деп еді бір сөзінде. Сөзінің жаны бар. Расында, қазір Қызылордада бұрынғысынан едәуір өзгеріс бар. Жаңа сөз басында елордаға қарап бой түзеді деп жатырмыз. Шынында солай. Қаланың ішкі бетін игеріп үлгерген ел ағалары енді көпірдің сол жағалауындағы екінші қаланың құрылысын бастап та кетті. Бастап кеткен жоқ, қазір аяқтап қалды. Осы жылы ондағы бірнеше нысан мен көп қабатты зәулім үйлер ел игілігіне беріледі. Міне, кезінде сенім артылған өңір бүгінде сол үдеден шыға білді.
Жалпы, Тұңғыш Президентіміз қандай шешім қабылдаса да артында тұтас жұрты барын жадынан шығармады. Елорданың іргетасын қалауда да осы ұстанымнан тайған емес. Сарыарқа төрінде алып шаһар қанатын кеңге жайды. Сондықтан, бас шаһарды салуда Елбасының еңбегі ерен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үлкен орданы Тұңғыш Президенттің атына беру туралы ұсынысы бірауыздан қолдау табуы да заңдылық. Ер еңбек етсе, ол қай уақытта да дәріптелетініне атқарылған жұмыстар дәлел болса керек.
Ерлан СОЗАҚБАЕВ.