» » ЖАҚСЫЛЫҚҚА ЖАНЫ ҚҰМАР елміз

ЖАҚСЫЛЫҚҚА ЖАНЫ ҚҰМАР елміз

Жомарттық, адалдық, бауырмалдық бұл – қазақ халқының бойынан қандай жағдай болмасын жойылмайтын қасиеттер. Оған тарих куә. Ала тақиялы өз ағам бата берерде "досың қазақтан болсын" деген сөзді аузынан тас­тамауы да текті халыққа қарап айтқан тегін сөз емес. Ал, бұл елдің қонақжайлылығы мен бауырмалдығы байыбына барсаң шегіне жетпейсің. Енді өткенге көз жүгіртейік...
Сталин режимінде әр жылдары халықтар жер аударылды. Қолында ешқандай дүниесі жоқ қара халықты вагондардан әр елге тастап кете барды. Сол жылдардағы қазақтың жомарттығын қараңызшы. Өздері саман үйде тұрса да жазықсыз жандарға пана болып, олардан қолдан келген көмегін аямады. Сол тұста жазықсыз сотталған жандардың жары қазақ жеріндегі "Алжир" лагерінде қара жұмысқа жегілген еді. Үкіметке керексіз деп табылған нәзік жан­дардың әрқайсысына күніне 40 бау қамыс шабу міндеттелді. Бұлар жұмыс жасап жатқан аймақтан әрі­ректе бір ауыл қоныстанған еді. Кезінде өздері де талай нәубетті басынан өткерген қауымды "Қайтсек бұларға өз жәрдемімізді бере аламыз?" деген сауал мазалады. Осылайша күзетшілерден айласын асы­ру­дың бір амалын тапқандай болды.
Ертесіне үлкендер ойын балаларына "қара жұмысқа жегілген жандар­ды әжуалап құртпен атыңдар" дейді. Балалар таспен атқандай оларға күліп құрт лақтырады. Әлгі күзетші "Көрдіңдер ме, сендердің халық жауы екендеріңді тек үкімет қана емес, ақыл тоқтатпаған балалар да біледі" деп одан бетер масайрай күледі. Өздері құлдықта жүрген қауымға жастардың тас атуы мен күзетшінің мысқылы ауыр тиді. Десе де, ауыл балалары күнделікті бұларға тас атуын тоқтатпады. Бір күні тұтқындағы әйелдердің бірі Гертруда Платайс әлгі балалар атқан тастан қорғанбақ болғанда аяғы тайып жерге құлайды. Сонда көптен бері тойып тамақ ішпеген байғұстың мұрнына ірімшік пен құрттың исі келеді. Әлгі тас деп ойлаған тағамның бәрін жинап алып, тұтқындағы қазақ әйеліне көрсеткенде оның құрт екенін айтады. Сонда әлгі әйел өздері қиын жағдайда жүрген жандардың шексіз жомарттығына қайран қалады. Міне, жомарттық, адалдық, бауырмалдық деген жақсы қасиеттердің қазақ халқының бойынан қандай жағдай болмасын жойылмайды дегенім осы еді.
Осындай қиын-қыстау кезеңдегі қарапайым өмір жайында бірнеше фильм жарыққа шықты. Тіпті, қаншама шығарма да өз оқырманына жол тартты. Мұның бәрі сол қазақ деген елдің жақсылығын көрген өзге ұлт өкілдерінің өтінішімен, айтқан естеліктерінен туған тың дүниелер еді. Болмаса қазақ өзі жасаған жақсылығын жария қылуды жаны сүйетін жұрт емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын еліміздегі "Алғыс айту күні" мерекесі де өзге ұлт өкілдерінің өтінішімен жүзеге асқан еді. Жомарттығына тәнті болып өзім деп тұрған жұртты өзге деуге де қысылады екенсің.
Аталған мереке 1 наурыз күніне белгіленген күннен бастап, нәубет жылдардағы қазақ жұртының жомарттығын естіп, осындай бауырмал елдің азаматы екеніме мақтанамын. Отыз жылға жуық тарихы бар тәуелсіздігіміздің баяндылығы да қазақтың осы пейіліне берген тәңірдің тартуы ма деп ойлаймын.
Қазақ су ішкен құдығын былғамаған жұртқа қашанда құрметпен қарайды. Олар да бұл жақсылықты тек мереке қарсаңында ғана емес, ұдайы естен шығармайды. Байтақ жерде барша­ қазақстандықтардың бір ел, бір тағдыр деп бейбіт күн кешуінің сыры осында.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ.
26 ақпан 2019 ж. 856 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930