Бір үйден соғысқа аттанған 4 азамат
Ақпанбет атамыздың балалары Мырзабай ахун ауылында Нұрғали мен Есқали, Анаркүл, Күнсұлу қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Інісі Байжан Айтпанбетұлы мен келіні Зеріккүл, жалғыз бала Ерғазы бейбіт қоғамда өмір сүріп жатқанда 1941 жылы шілденің шіліңгірінде аяқ астынан сұм соғыстың хабары келді. Тыныш отырған ел әбіржіп, асығыс ер азаматтарын майданға аттандыруға дайындалды. Еңсесі түскен атамыз інісін, 3 ұлын шақырып, “Ел намысын қорғауға бара жатырсыңдар, үлкен-кіші демей жинап жатыр, аман барып, сау қайтыңдар, арыстарым” деп көзіндегі жасын көрсетпей төмен қарап кеткен екен. Алладан Мырзабай ахун мешітіне түнеп сұрап алған құлындарын қалай қисын, ақ батасын берген күйі қала беріпті. Ата деп інісінің баласы Ерғазы мен інісі Байжан мойнына асыла кетіпті. сол кезде аңырап атамыз жылап тұрып, басу айтып шығарып салыпты. Көп еркелететін Ерғазыны қатты қимай кетеді, “кіп-кішкене пысықай бауырым-ай” деп көзбен ұзатып тұрып қалады. осылайша соғыс майданына ағайынды төрт жігіт аттанды.
Нұрғали әкемізді әскерлер дайындайтын “Максим” пулиметін ататын бөлімде алып қалады. Аталарымыз Ақпанбет, әжеміз Әнипа, келіні Зеріккүл мен анамыз Балжан, ауылда қалған ақ жаулықты аналар мен қарт кісілер соғысқа аттанған ерлеріне, балаларына жүншұлық пен киім, қолғап тоқып, құрт дайындап жіберіп отырыпты. 1941-1945 жылдарда тылда жұмыс істеген олардың еңбегі бағаланып, бірнеше рет мерекелік медальдармен марапатталған, ерлердің орнына жұмыс істеп, кірпіктерін ілер-ілместен майдандағы азаматтарын күтумен күндерін өткізіпті.
Сұм соғыс 1945 жылы мамыр айында аяқталған. Ел іші абыр-сабыр болып, келмегендеріне үміт отын сөндірмей күтумен отырыпты. 1-ші болып Есқали ағамыз майдан шебінде қолынан, иығынан 2 рет жарақат алып, елге оралады. Нұрғали әкеміз аяқтан жараланып, госпитальға түседі. Соғыс аяқталғаннан кейін, яғни 3 айдан соң екі балдақпен І топ мүгедегі болып елге оралады. Еңбек етіп, зейнетке шығып аяғына 3 рет ота жасатып, ақыры көз жұмды. Мұны соғыстың салған жарасы деп отыратын әкеміз жәй ғана.
Ол кезде “Соғыс жөнінде әңгіме айтуға болмайды, қайтып соғыс болмасын, қайталанбасын” деп отыратын еді.
Қақырада саға бойында қазіргі Мырзабай ахун ауылының тұрғындары Зеріккүл әжем арыстай азаматтары, күйеуі Байжан мен ұлы Ерғазыны жолға қараумен екі көзі төрт болып, зарыға күтумен үмітті үзіп отыратын. Қаралы қағаз жоқ, өзін-өзі жұбатумен қай жылы, қай жерде қайтыс болғаны белгісіз күйінде қала берді.
Осы жерде ағамыз Алтынбек Қоразбаевтың «Қара кемпірдің зары» деген өлеңі ойға орала кетеді. Сұм соғыс қаншама үйдің жалғызы мен тірек болар азаматынан айырды. Зеріккүл әжемді, тағы сәлделі кемпір дейтін “атын атамайтын” екі қарт кісіні қамқорлығына алып, қараусыз қалмасын деп алғысын алды. Ол кездің адамдары бөлек қой.
1969 жылдары “Байжаным мен Ерғазым келе жатыр” деп кемсеңдеп, көз жұмған екен, қайран менің, ақ жаулықты аналарым-ай. “29 жыл күткен жары да, ұлы да келмей, үмітін үзбей өмірден өткен еді” дейді әкеміз.
Біз де ол кездері іздестіретін бала болдық, етек-жеңімізді жинап, ес біліп, әкемнің сөздерінен кейін ең болмаса ерлігі жайында жастарға үлгі-өнеге, бойларына патриоттық сезім ұяласын, қан майданда от кешіп жүріп, осы заманға бейбіт өмірді орнатқан әкелерімізді біз айтып мақтан етейік деген ниетпен тарихқа терең бойладық. Көңілімізге күдік ұяламасын деп “Ер есімі – ел есінде” ескерткішіндегі тізімге Байжанов Ерғазыны қостырдым. Ал Айтпанбетов Байжан енгізілмеді, ол кісіні 90 жасқа келген Күнсұлу апамыздан естіп-біліп отырмыз. Соғыста баласы екеуі хабарсыз кеткен.
1945 жылы екі баласы жеңіспен оралып, үй-жәй болады. Нұрғали әкемізден 7 бала, 25 немере, 28 шөбере бар. “Адам ұрпағымен мың жасайды” дегендей, олар да өсіп-өніп келеді. Әкемнің інісі Есқали да 6 бала сүйіп, өзі соғыстан келе паровозда машинист болып жұмыс істеді.
Ол 1970 жылы қайтыс болады. Артында қалған 6 баланы да Рысжан жеңгеміз оқытады. 1946 жылы ағаларын жеңіспен күтіп алған қарындасы Анаркүл жездеміз Нүрпейісов Дәулетбайға, 1949 жылы қарындасы Күнсұлу Қарауылтөбенің жігіті Мақаш Жайсаңбаевқа тұрмысқа шығады. Көз көргеннен 90 жастағы апамыз қалды қазір. Әкеміз соғыстан кейін ХТС, МТС тракторларын айдаған, еңбек майданына кірісіп кеткен. Інісі Ақбалаев Жұбаназарды қасына алып, еңбекке баулып, қамқор болған. Ол кісі де қазір ауылымыздың 90 жастағы абыз ақсақалы. Мырзабай ахун ауылында (саға бойында) Шегебай талында 15 жыл сиыр баққан. Анамыз Балжан тыл ардагері, сауыншы, 14 бала туып, 7 бала тәрбиелеп өсірген. Ұлын-ұяға, қызын қияға қондырған, ауыл-аймаққа қадірлі, биязы, жас балдарды емдейтін кісі болған екен.
Жас кезімде әкемнің қызықты әңгімелерін көп тыңдап өскен едім. Әкелеріміздің ерлігіне әр уақыт басымды иіп, тағзым етемін. Нұрғали әкемізден қалған Сапарғали ағамыздың ауыл арасында қысқа әзілмен айтылған жыр шумақтары, әңгімелері ел аузында жүр.
Ұлы Сапарғали қайтыс болғанымен ізін жалғастырушы ұлы Мұхамбет бар. Ол да Отан алдындағы борышын өтеуде.
Ерлік ұмытылмайды. Себебі майдангер бабаларымыздың барлығы Отан қорғау жолында бізге өшпес өнеге қалдырды. Ал сол кісілер аманаттаған осы бейбіт заманның қадірін білу – бізге міндет.
Бибігүл.Нұрғалиқызы,
Мырзабай ахун ауылы