Қазалылық мұғалім 95 жастағы қарияны өрттен құтқарды Қазалы ауданы Әйтеке би кентінің тұрғыны Мейрамбек Жақыпов 95 жастағы кейуананы ажалдан арашалап қалды, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.Оқиға Жеңістің 73 жылдығын тойлап жатқан күні болған. Туыстарын мерекемен құттықтап, сағат үштің шамасында үйіне келген Мейрамбек көршінің үйі өртке оранғанын көреді. Алдынан Зина әжейдің немересі Қуаныш жүгіріп шығып, жағдайды жанұшыра баяндайды. Сөйтсе, үйінде қариядан басқа ешкім жоқ екен. Мейрамбек сөзге келместен басын қатерге тігіп, өртеніп жатқан үйге кіріп кетеді. Сәлден соң әжейді көтеріп, өзінің үйіне алып келеді. Жедел-жәрдем шақыртып, алғашқы медициналық көмек көрсетіп, ауруханаға жеткізеді.Ал оқиға орнына дабыл қағып келген өрт сөндірушілер отқа оранған үймен 3 сағат арпалысады. Олар өртті сөндіргенімен үйдің сау тамтығы қалмаған.Зина әжей кіші баласы мен келінімен тұрады. Үйде тағы 5 немересі бар. Қазір олар Жақыповтардың үйінде.«Мен іссапармен басқа қалада болдым. Келіншегім өрт болатын сәтте туыстардың үйіне қонаққа кеткен. Балаларым далада ойнап жүрген көрінеді. Қайғылы жағдайдың алдын алған көршіме қалай алғысымды білдірерімді білмеймін», – дейді қарт ананың баласы Жайық Жолшиев.Қазіргі таңда Әйтеке би кентіндегі №266 мектеп-лицейде дене тәрбиесі пәнінен дәріс беретін Мейрамбек адам шығыны болмағанына қуанады.«Зина әжейді бүкіл көрші-көлем болып ерекше сыйлаймыз. Ол кісі өртке оранған үйдің ішінде қалды дегенде бейжай қарап тұра алмадым. Үйге кірсем өрт болып жатқанынан хабары жоқ, иіске шашалып жатыр. Әжеміз соғыс кезінде тылда еңбек еткен ардагер. Оның сол кездегі жасаған ерлігінің қасында менікі түкке де тұрмайды ғой. Менің орнымда басқа біреу болса, ол да осылай жасар еді», – дейді Мейрамбек.Баспанасынан айырылған отбасы Қазалы ауданы әкімдігіне жай-күйін айтыпты. Ал әкімдіктегілер заң шеңберінде жаңа үй салып беруге көмек көрсететінін жеткізген.http://www.syrboyi.kz Оқиғалар 07 маусым 2018 ж. 844 0