» » ӘЛЕМНІҢ СЕГІЗІНШІ КЕРЕМЕТІ

ӘЛЕМНІҢ СЕГІЗІНШІ КЕРЕМЕТІ

Cиань – бөлек құбылыс. Сианьға алғаш табан тіреген жан оны бірден байқайды. Бұл қаланың тарихы да ерекше. Қытайдың 13 патшалығының орталығы саналған ежелгі қалалардың бірі. Әрі ежелгі төрт астананың бірі екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Тарихына – 6000 жыл. Ескі қорғандар, ескі ғимараттар жаңа өркениетпен үйлесім тауып, Сианьның келбетін аша түскендей.  Сиань қаласы – Жібек жолы бойымен шыққан саудагерлер керуенінің тұрағы болған. Мұнда патшалық қорғандар, Чиннің бірінші императорының кесенесі бар. Қаланы ерекшелеп тұрған дүниенің бірі – терракоттық жауынгерлер армиясы. Күлгін түсті саз балшықтан жа­салған әскерлердің кешеніне барсақ деген арман бұрыннан бол­ған. Сол арманымыз орын­далып, Сианьға алғаш табан тіре­ген бізді жолбастаушы қызымыз бірден терракота (саздан жа­салған) жауынгерлері армия­сының музейіне алып келді. Терракота жауынгерлер ар­мия­сы – Қытай императоры Цинь Ши Хуандидің (кей де­ректерде Шухуанди деп те айтылып жүр) Сианьда орна­ласқан кесенесіндегі күйдірген саздан жасалған қытай жауын­герлері мен олардың сәйгүлік­терінің жерлену атауы. Сазды мүсіндер Цинь әулетінің алғашқы императоры Цинь Ши Хуандимен бірге жерленген. Кесенені аршып алу жұмыстары 1974 жылы бас­талған екен. Сол жылы Қытайдың солтүстік-батыс жағындағы Сиань қаласының маңынан құдық қазып жатқан шаруа кісі 20 ғасырдың ең үлкен археологиялық табысы – терракоттан кептіріп жасаған әскерлердің жерасты галереясын тапқаны. Бірінші галереяда көлемдері адамдардың бойымен сәкес келетін алты мыңнан астап сарбаздың мүсіні болса, қалған екеуінде одан да көп болған. Киімдері әскери шендеріне байланысты әртүрлі, олар орасан зор әскердің бір бөлігін құраған. Императордың моласы әлі зерттеле қоймаған, бірақ ол жерасты сарайына ор­наласқан деп санайды. Алғашқы қазба жұмыстары 1978 жылдан 1984 жылға дейін, екіншісі – 1985 жылдан 1986 жылға дейін жүргізілсе, үшінші қазба жұмыстары 2009 жылдың 13 маусымынан басталған. Саздан жасалған сарбазда­рының тарихына қатысты аңыз да, дерек те көп. Соның бірі – император өмірден өтерде ең таң­даулы 4 мың жауынгерді өлтіріп, өзі­мен бірге жерлеуге пәрмен еткені туралы. Алайда мұны жанын­дағы кісілер қолдамаға­нын, бұлай болған күнде мемлекет әскери элитадан айырылатынын айтады. Сөйтіп, императорды райынан қайтарады. Содан кейін барып, мың сан жауынгердің сары саздан күйдірілген мүсін­дерін жасатады. Оны жер астына орналастыруға әмір береді. Сиань сарбаздары туралы аңыз осылай дейді. Бізді қызық­тырғаны аңыз емес, әскерлердің саны, орналасу тәртібі. Қара­саңыз, жер астында шамамен 8 мыңдай сарбаз, 520 жылқы, 150 аттылы әскери жылқы жегілген 130 күйме тұр! Қызығасыз. Жар­тысы аршылып алынған, жартысы жер астында жатыр. Құдды бір тірі армия дерсің! Осы бір сегіз мың әскердің әрқайсысы бөлек бір өнер туындысы. Ғажайып бейне. Жолбастаушы қыз сол замандағы адамдардың бейнесі толықша келгенін, әрі биік болғанын ай­тып қалды. Әр мүсін бір-бірін қайталамайды. Бет-әлпеті де бөлек. Жауынгерлер, офицерлер, генерал, бас штаб қызметкерлері, шенеуніктер, акробаттар, музы­канттар… бейнесін көресіз. «Сиань сарбаздары – әлемдегі сегізінші керемет» деп санайды жергілікті жұрт. Расында да солай. Әлемдегі кереметтердің бірі емес деп айта алмайсыз. Саздан жасал­ған сарбаздар айту бір бөлек те, көзбен көріп, көңілге тоқу бір бөлек. Ғажайып дүниені сезінудің өзі – бір ғанибет. Терракоттық сарбаздар тұрған аймақта үш павильон бар. Ең үлкені – №1 павильон. Ұзындығы – 229 метр, ені – 61 метр. Бұл ғимаратта шамамен алты мыңдай жауынгердің мүсіні тұр. 1980 жылы ғалымдар әскер­лердің екінші колоннасын тап­қан. Онда шамамен екі мыңдай мүсін бар. 1994 жылы үшінші павильонды ашады. Мұнда – бас штаб орналасқан. Кешенді жа­сауға 30 жылдан астам уақыт кет­кен деседі. Ал бүкіл әскерді жасап шығуға 87 шебер уақыт жұмсаған. Әр мүсінде оны жасаған мүсін­шінің ен-таңбасы бар. Саз бал­шықтан адам кейіптеу, мінез біті­мін беру, жауынгерлердің киім-кешегін, атты әскердің болмысын айнытпай беру – шебердің шебері ғана жасай алады. Сары саз сарбаздары (терра­кот­тық) туралы жазбасында белгілі публицист Сауытбек Абдра­хманов былай деп жазады: «ХХ ғасырдағы ең үлкен архео­логиялық жаңалықтардың бірі – осы. Ежелгі Қытайдың мүсін өнерінің ғажайып үлгісі болып табылатын бұл кешеннің көп бөлігі әлі ашылған жоқ, ашылған жақтарының өзі толық аршылған жоқ. Жуық арада ашылмайды да, аршылмайды да. Қазба жұмыс­тары, жауынгерлерді қалпына келтіру ісі шамамен 70 жылда аяқталады деп отыр қытай ғалым­дары» дейді Мәжіліс депутаты. Депутаттың ойынша, ғалым­дар саздан жасалған сарбаздардың санынан орналасу ретінен бастап, сауыт-сайманындағы тойтарма түймелерге дейін терең мәнге ие дегенді айтады. Оларда қытайлар үшін қасиетті саналатын «6» және «9» саны өте жиі кездеседі. «999» деген санды ежелгі қытайлықтар жақсылық пен жұмақтың бала­масы деп біледі. Демек, Цинь Хуанди соңынан ерген сар­баздарын жақсылық пен жұмаққа бастамақ болған. Депутаттың бұл сөзінің де жаны бар. Өйткені Қы­тайдағы ірі мегаполис қалалардың қазақша атауы Бақыт, Жақсылық, Шаттық дегенді көбірек меңзейді. Жақсылыққа сенеді, бақыт тауып, шаттықта өмір сүргісі келетінін анық байқауға болады. Тарихи кешендегі толық ар­шылып, ашылып бітпеген қазба жұмыстары – келешектің үле­сінде. Бастысы – бұл тарихи мекенді көруге асығып, әлемнің түкпір-түкпірінен қаншама туристер ағылуда. Бәрінің де арманы – сары саз сарбаздарын жақыннан көру. Оған дәлел – кешен алдындағы ұзынсонар ке­зек. Сианьдықтар әлемнің сегі­зінші кереметін ардақтап ғана қоймай, оны туризм көзіне айналдырған. Мұнда жыл – он екі ай адам үзілмейді. Яғни, тарихи кешен де – табыс көзі. Өткен жылы EXPO – 2017 көрмесі аясында «Терракота әс­керлері» көрмесі өткен еді. «Сиань сарбаздарының» 50 әскері көрме төрінен табылған болатын. Биылғы жылы сиандықтар қазақ­тың жәдігерлерін өз қаласында насихаттауды жөн көріпті. Сары саз сарбаздарынан кейін Шэньси провинциясының тарихи музейін көруге мүмкіндік туды. Тарихи музейде Ұлттық музей көрмесі өтіп жатыр екен, соған тап келдік. Ұлттық экспонаттарды, қазақтың зергерлік бұйымдарын көрмеге қойыпты. Мұнда да қаптаған туристер. Қазақстан көрмесін көруге ұмтылғандарды да, тарихи музейдегі жәдігерлерді тамашалап жүрген жандарды да көп көрдік. Жергілікті халық ұлттық құн­дылықтарды дәріптеуге айрықша мән берсе керек. Тарихи му­зейінен де, Сиань сарбаздары кешенін де айрықша қадірлеп отыр. Құндылықтарды құрметтеу деген – осы. Гүлзина БЕКТАС

www.aikyn.kz
09 қыркүйек 2018 ж. 1 197 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 707

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031