Қазақстандағы апта ішінде болған тағайындаулар
«ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі осы аптада елімізде болған кадрлық тағайындауларға шолуын ұсынады. Аптаның басында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің келісімімен, Маңғыстау облысы әкімінің өкімі бойынша Маңғыстау облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы болып Ержан Күмісқалиев тағайындалды. Ержан Көпжасарұлы 1983 жылы туған, білімі жоғары, мамандығы заңгер. Еңбек жолын 2007 жылы Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласы №3 орта мектебінің тарих және құқық пәнінің мұғалімі қызметінен бастады, кейін директордың оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары болды. 2008-2016 жылдар аралығында Маңғыстау облыстық Ішкі саясат басқармасында бас маман, бөлім басшысы, басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарды. 2016 жылдың қараша айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Маңғыстау облысы Қарақия ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Ал Әсет Мұқажанов Алматы қалалық әкімдігінің байланыс қызметінің басшысы, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың баспасөз хатшысы болып тағайындалды. Әсет Мұқажанов 1990 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Бейжің экономикалық университетін «әлемдік экономика» мамандығы бойынша бітірген. Әр жылдары «Самұрық Қазына» әл-ауқат қоры АҚ, «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығында, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде қызмет істеген. 2014-2016 жылдары Коммуникациялар және жаңалықтар басқармасын басқарған. ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметінің» ресми өкілі болған. 2016-2019 жылдары ҚР Премьер-Министрі кеңсесінің құрылымында еңбек еткен. Өткен апта алматылықтар үшін тағы ір тағайындаумен есте қалды. Санжар Ізтілеуов «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ-ның төрағасы болып тағайындалды. Ізтелеуов Санжар Бейсенбайұлы 1975 жылы туған. 1992 - 2001 жылдар аралығында коммерциялық және халықаралық ұйымдарда түрлі қызметтер атқарды. 2003 - 2005 жылдары – ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі экономикалық саясат және индикативті жоспарлау департаменті макроэкономикалық болжау бөлімінің бастығы болды. 2005 - 2006 жылдары - «ҚазТрансГаз Дистрибьюшн» АҚ келісімшарттық мониторинг және клиринг департаменті директорының орынбасары. 2006 жылдан бастап - «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ басқарушы директоры - инфрақұрылымдық жобалар дирекциясының бастығы. 2011 - 2012 жылдары - «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары. 2013 жылдың шілдесінен бастап «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 2014 жылдың мамырында басқарма төрағасының міндетін атқарушы. 2015 жылғы қаңтардан 2017 жылғы сәуір аралығында - Басқарма төрағасы болып тағайындалды. 2017 жылдың қазанынан 2019 жылдың шілдесіне дейін «Қазақ Туризмі» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 2019 жылдың 31 шілдесі күні «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ Басқарма төрағасы болып тағайындалды. «Алматы даму орталығы» АҚ қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады.
Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз
https://www.inform.kz/kz/kazakstandagy-apta-ishinde-bolgan-tagayyndaular_a3555383
Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз
https://www.inform.kz/kz/kazakstandagy-apta-ishinde-bolgan-tagayyndaular_a3555383