СЫР КЛУБЫ СОҢҒЫ САТЫДА
Алаңдағы соңғы ойындарына қарап “Қайсар” командасы артында қалың жанкүйер барын ұмытып кетеді-ау” деген ой келеді кейде. “Турнирлік кестеде соңғы екі жылда алғашқы алтылықтан бір көтерілмеді” деп қапа болып отырсақ, биыл соңғы сатыға жайғасыпты. Бұл командалық ойынның жоқтығы ма, жоқ әлде бапкердің берген бағытынан кеткен қателік пе? Оны алдағы уақыттың еншісіне қалдырайық. Себебі жуырда ғана бас бапкерін ауыстырған жергілікті командаға тағы да жаңа бапкер тағайындалды.
Жалпы көктемнің алғашқы айларынан бастап қасқырлардың қақпасы доптан босамай, қарсыластары 3 ұпай еншілеу үшін алаң таңдамай келеді. Мәселен, наурыз айының ортасынан бері 14 кездесу өткізген жергілікті футбол клубы оның 9-ында қарсыласына есе жіберсе, төртеуінде тең тарқасып, бар болғаны 1 ойында ғана жеңіске жеткен.
Армениялық Т.Барсегян елорда клубына ауысқанда-ақ қасқырлардың алдағы ойындарына жасаған болжамымыз жоққа шықпады. Алайда бұл “Тұтас бір команданың тағдыры жалғыз легионерге қарап қалды” деген сөз емес. Команда сапында М.Байжанов, Елжас Алтынбеков, Думан Нәрзілдаев сынды тәжірибелі отандық ойыншылар да бар. Бірақ сүреңсіз ойын, әр кездесуде қателікке бой алдыру, жергілікті команда қақпасында тулаған доп, жанкүйер ретінде әзірге осындай жайттарға жиі куә болып келеміз.
Наурыз айының ортасында өз алаңында “Таразды” қабылдаған “Қайсар” алғашқы таймның 22 минутында қарсыласынан 2 гол айырмашылығымен алда келе жатқан еді. Ойынның 5 минутында Елдос Ахметов өз қақпасына доп тоғытып, қарсыласын алға шығарса, бұрынғы команда капитаны Мақсат Байжанов есепті еселеп, жеңісті жақындатты. Бірақ бұған жамбылдық клуб ойыншылары мойымады. Тіпті сол алғашқы тайм соңына дейін қасқырлардың қолынан жеңісті жұлып алды. 2:3 есебімен 45 минутты қорытындылаған қарсылас команда мұнан кейін қорғанысқа басымдық беріп, Сыр стадионынан 3 ұпайды еншілеп қайтты.
Мұнан кейінгі кезекті ойынды да жергілікті команда өз алаңында өткізді. Алматылық “Қайратқа” қарсы кездесуде жанкүйерлер жергілікті команда 90 минут тең тарқасса да, тіпті жеңіліс тапса да кешіріммен қарайтыны белгілі. Алайда жанкүйерлердің шамына тигені қонақтардың қақпамызға тоғытқан жауапсыз үш голы еді. Кеше ғана құрылған “Тұранмен” өткен Түркістандағы кездесуден жеңіс күткен едік. Бірақ бір ұпайдың өзіне 93 минутта әрең қол жеткіздік.
Жаңағы 14 кездесудің ішінде жалғыз жеңісіміз “Ақтауға” қарсы өткен ойын еді. Мұнда да алдымен қонақтар есеп ашып, жанкүйерлердің көкейіне күдік ұялатты. Алайда екінші таймда жергілікті футбол клубы жеңісті қолдан жұлып алды. Жалғыз жеңістен кейін жанкүйерлер жергілікті командаға үлкен үміт артты. Алайда қалың жұрт артқан сенімді ақтауға “Қайсардың” қауһары жетпеді.
Мұнан кейінгі сырт алаңдағы 4 кездесу, Сыр стадионындағы 3 ойында да жеңілістен көз ашпадық. Кешеге дейін турнирлік кестеде алғашқы алтылықтан түспей келе жатқан жергілікті команда бүгінде соңғы орынға жайғасыпты. Екі жыл бұрын Ел чемпионатының кубогын жеңіп алған қасқырларға босаңсуға болмайды. Себебі кестеде сатыламаса, бірнеше жылдан бері әрең жеткен премьер-лигадан да шығып қалуы ғажап емес.
“Қызылордалық “Қайсарды” енді 64 жастағы Владимир Никитенко жаттықтырады” деген жағымды жаңалық әлеуметтік желіде желдей есті. Мұның кейін ресми ақпарат екенін біліп, біз де қуанып қалдық. Себебі тәжірибелі бапкер бұған дейін де қасқырларды баптап, оң нәтижелерге қол жеткізген еді.
2008 жылы В.Никитенко баптаған жергілікті клуб ойыншылары ел біріншілігінде нәтижелі ойын өрнегін көрсеткен болатын. Ал 2012 жылы тәжірибелі бапкердің қасқырлардың премьер-лигадағы орынын сақтап қалуда қолтаңбасын қалдырғаны қалың жанкүйердің әлі күнге дейін есінде. Жаңа бапкер бұған дейін 40-тан астам спорт шеберін шығарса, 30-дан аса аяқдоп шеберін ұлттық құрама сапына қосуға даярлады.
Бұған дейінгі сүреңсіз ойын мен дәстүрлі жеңіліске не сеп болғанын анықтайтын уақыт жеткен сыңайлы. Жергілікті команданың алдағы кездесулерінен жеңіс күтеміз. Себебі жанкүйерлерін сан мәрте жерге қаратса да, Сыр клубының соңғы сатыдан жоғарылауына мүмкіндік мол. Алда әлі Қазақстан кубогынан бөлек 10-нан аса кездесу бар.
Ж.ЖАЗКЕН