ТОКИО – 2020: ҚАЗАҚСТАН ҚОРЖЫНЫНДА 7 ҚОЛА
2004 жылы ел құрамасы Афинада өткен олимпиадаға қатысып, жалғыз алтынға қол жеткізген еді. Дәл осы тұста “Шаншар” әзіл-ысқақ театрының директоры Уәлибек Әбдірайымовтың бір монологы есіме түсіп тұрғаны, ағамыз сол тұстағы саладағы кемшіліктерді тілге тиек ете отырып, “Спортшыларды жарысқа үкілеп шығарып салып, жалпы қазақ болып тақым қыстық. Содан қыса-қыса тақым жабысып қалды” деп қалың жұртты күлкіге қарық қылғаны бар. Кекетейін демейді ғой, мақсаты – спортшылар сыннан сабақ алса деген ой. “Белгілі сатирик спорттың ішінен неге тек боксты сынады?” деп отырған шығарсыздар. Рас, басқа да спорттың түрлерінен біздің оңып тұрғанымыз шамалы. Бірақ расында қазақ бұған дейін былғары қолғаппен шаршы алаңда бақ сынауда қарсыласына аса есе жібере қоймайтын. Өкініштісі биылғы олимпиадада ел қоржынына бірде-бір алтын түспеді.
Қазақ қашанда сөзбен қамшылап, өзі де сөзге тоқтаған жұрт қой. Кеше бір әлеуметтік желі қолданушының “Өзі байрақты бәсекеде бақ сынамай оған қатысушыларды сынау орынсыз” дегендей пікір қалдырыпты. Сонда қоғамда болып жатқан жайттарға қатысты жәй ғана өз ойыңды жеткізу де қисынсыз ба? Ал бұлай болған күннің өзінде сөз бостандығын қайда қоясыз? Біреу жайлы пікір айту үшін алдымен өзіңе жақсылап қарап алған да жөн сияқты. Өйткені әлгі пікірді әлем желіге жазып отырғандардың бір кісіні бүгін мақтап, ертесіне ол хақында теріс пікір қалдырып жатқанын талай көзіміз шалды. Бұған кейін ораламыз, ендігі сөзіміздің бағытын байрақты бәсекеге бұрайық.
Әлем елдері “Бокстан 69 келі салмақта алтын медалдың иесі қазақтар” дейді екен. Төрткүл дүниенің бұл салмақта біздің спортшыларды мойындауына не себеп? Дәл осы сауалмен осыған дейін өткен олимпиадалардың тарихына үңілдім.
Жалпы 1991 жылы тәуелсіздігін алып, өз алдына егемен ел болған Қазақстан ең алғаш 4 жылда бір келетін олимпиада ойындарына 1996 жылы қатысыпты. Италияның Аталанта қаласында ұйымдастырылған байрақты бәсекеде Василий Жиров бокстан жас мемлекет қоржынына алтын салды. Мұнан кейінгі үлкен додаларда байрағымыз биікте желбіреп, әнұранымыздың шырқалуы дәстүрге айналды десе де болады. Отандық спортшы дүбірлі додада “Вел Баркер” кубогын да иеленді. Кубоктың бұл түрі ешқандай салмақ дәрежесіне қарамай техникасы мықты спортшыға ғана беріледі. Енді жаңағы 69 келі салмақ дәрежесіндегі спортшыларымызға сәл аялдайық.
“Әлем елдері бұл салмақта біздің спортшыларымызды неге мойындайды?” деген сауалдың жауабын тарқатып көрейік. 2000 жылы Сиднейде өткен олимпиадада 69 келі салмақ дәрежесінде қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, ақтық мәреге Ермахан Ибраимов жолдама алған еді. Финалда да қарсыласын сан соқтырған отандық спортшы бокстан ел қоржынына алтын салды. Дәл осы жылы біздің былғары қолғап шеберлері нәтижелі өнер көрсетті. Түркістанның тумасы Бекзат Саттарханов та Сиднейдегі сайыста ел қоржынындағы алтынның санын еселеді.
2004 жылы ұйымдастырылған олимпиада да біздің құрама үшін жаман болған жоқ. Афинадағы айтулы додада Бахтияр Артаев дәл осы салмақта ел қоржынына алтын салды. Сондай-ақ ол 1936 жылы тағайындалған “Вел Баркер сыйлығын да жеңіп алды. Осылайша өзін нағыз былғары қолғап шебері екенін мойындатты.
2008 жылы Қытайдың Бейжің қаласында өткен байрақты бәсекеде де дәл осы салмақ дәрежесінде көк туымыз биікте желбіреді. Ақтық мәреде Бақыт Сәрсекбаев кубалық қарсыласынан басым түсіп, жанкүйерлерге, барлық отандасына жеңіс сыйлап, ел артқан үмітті ақтады. Ал 2012 жылы 69 келі салмақта сынға түскен Серік Сәпиевтың жеңімпаз болатынын сарапшылар финалға дейінгі жекпе-жектеріне қарап-ақ болжап қойыпты. Расында ақтық мәреде Серік Сәпиев қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. Осылайша еліне олимпиаданың алтынын сыйлады. Сондай-ақ Аталанта мен Афинада қос спортшымыз қол жеткізген кубокқа бұл да ие болды.
Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласындағы олимпиада да бокстан 69 келі салмақта бағымыз жанды. Ақтық мәреге дейін қарсыластарынан басым болған Данияр Елеусінов ала тақиялы ағайынның намысын қорғаған өзбек спортшысын финалда шаң қаптырды. Осылайша ел қоржынына алтын салған саңлақ қалың жұрттың үкілеген үмітін ақтады.
Міне, бұл салмақта бокстан қазақтың былғары қолғап шеберлерін әлем халықтарының мойындайтыны осында екен. Ал биыл ше, уақытынан 12 ай кеш ұйымдастырылған Күншығыс еліндегі олимпиадада қалың жұрт күткен нәтижеге қол жеткізе алмадық. Қоладан әріге бара алмағанымыз соншалық, халық “Қазақ спорты қола дәуіріне бет бұрды” деп реніш білдірді. Бұл менің ойымша орынды. Соңғы 3 жылда байрақты бәсекеге қатысушылардың дайындығына шамамен 100 млрд теңге бөлінген көрінеді. Бірақ қол жеткізгеніміз 7 қола. 206 мемлекет қатысқан дүбірлі додада 88 елдің қоржынына медаль түскен. Ал Қазақстан 76 орынға жайғасып отыр. Яғни қоржыны бос қайтпаған 88 елдің ішінде 76 орында бой көрсеттік. Бұдан сабақ алып, алдағы олимпиадада нәтиже шығаруға тиіспіз. Алғашқы таймда нокдаун алған Сәкен Бибосыновқа төрешілер тарапынан сәл қысым болғандай көрінді. Үлкен дода болғаннан кейін мұндай ара-тұра болып тұрады. Жалғыз спортшының жанайқайына түсіністік танытқанымызбен қалғандарының қателігіне көз жұма қарай алмаймыз. Алдағы сайыстан да нәтиже күтетініміз сондықтан.
Олимпиаданың турнирлік кестесінде бізден әлдеқайда төмен сатыға жайғасатын ала тақиялы ағайындар әзірге 33 орында. Әлі де олардың ақтық мәреге жолдама алған спортшылары бар. Міне, бізге осындай нәтиже керек.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ