НӘТИЖЕ ҚАШАН БОЛАДЫ?

Жалпы ақ Олимпиада тарихында Қазақстан спортшылары 8 медаль қоржынға салса, оның тең жартысы шаңғышы Владимир Смирновқа тиесілі. Ел мақтанышы Бейжіңдегі дүбірлі дода қорытындысымен қазақстандық спортшылардың төмен нәтиже көрсетерін әу бастан біліпті.
– Шорт-трек пен могулды қоспағанда, өзге спорт түріндегі өкілдеріміздің әлем кубоктары мен халықаралық жарыстарда үздіктер қатарынан көрінбеуі Олимпиадада жүлде болмайтынын меңзегендей болды. Коньки жарысында аздаған үміт болды. Ал қалған спортшылардың бар мақсаты – Олимпиада ойындарына қатысу болған сияқты. Қазақстандық делегация негізгі міндетті орындады деп ойлаймын. Яғни көптеген спорт түрінен жолдама ұтып алды. Енді спорт шенеуніктері келесі Олимпиадаларда жүлде алу үшін бүгіннен бастап Қазақстандағы дарынды жастарды іздеп, соларға бар жағдайды жасауы керек. Себебі тасада қалған таланттар өздігінен көтеріле алмайды. Спортқа инвестиция құю керек, жаңа спорт түрлеріне көңіл бөлген жөн, халықты көбірек тарту қажет. Дәл осындай еңбексіз бізде ешқашан медалға үміт болмайды, – деді ол.
Отандық спортшының сөзін толық жоққа шығара алмаймыз. Расында тасада қалған таланттарды іздеп, болашақ жұлдыздардың бағын жақпай, оң нәтижеге қол жеткіземін деу бос әуре. Алайда “Спортқа инвестиция құю керек” деген сөзіне келісе алмаймын. Себебі Қазақстанда мол қаражат қаралатын саланың бірі һәм бірегейі – спорт және оған ешкімнің дауы жоқ.
Саланың жаңа министрі Дәурен Абаев Олимпиада аяқталысымен үлкен кеңес өтетінін мәлімдеген еді. Алты ай бұрын Күншығыс еліндегі Олимпиададағы отандық спортшылардың сәтсіздігінен кейін де дәл осындай басқосу болған. Кеңес қорытындысы дүбірлі додадағы төмен көрсеткішті әлемді жайлаған індетпен байланыстырған. Алдағы алқада да осындай тұжырым жасалса, өз басым таң қалмаймын. Осы орайда “Сол дерттің зардабын көп татқан жалғыз Қазақстан ба?” деген сауал туындайды. Олай болмаса, әлем неге дүрлікті? Ал басқа елдер де дертті дендетпеуге бас қатырса, неге ата мекені қар көрмеген мемлекеттер спортшылары жүлдеге қол жеткізіп жатыр? Тізе берсек, сауал көп, жауап жоқ.
Бейжіңде бағымыз жанбаса да бұған дейінгі Олимпиадалармен салыстырсақ, кейбір спорт түрлерінде ілгерілеу бар. Бұған тоқмейілсуге тағы болмайды. Себебі керісінше кей спорт түрлерінен төмен нәтиже байқалып отыр. Жалпы Күншығыс еліндегі байрақты бәсекеде әлем елдері біздің киім үлгімізге тамсанған болатын. Бұл додада да дәл осы жағдай қайталанды. Олимпиададағы олжамыз осы ғана.
Бейжіңдегі байрақты бәсекеде Қазақстан спортшылары үшін қоржынға қола салудың өзі арманға айналса, кейбір елдер алтын алуда бұрынғы рекордын жаңартты. Норвегия осыған дейінгі ақ Олимпиадада 14 алтынға ие болса, биыл оның саны 16-ға жетті. Ал Викингтер елі Пхенчханда жалпы саны 39 медаль иеленіп, Ванкувер Олимпиадасында жалпы саны 37 медаль алған АҚШ-тың рекордын жаңартқан еді. Биыл олардың қоржынында 37 медаль бар.
6 млн ғана халқы бар Норвегия биыл топ басында. Ал бұл мемлекет мұндай нәтижеге қалай қол жеткізді? Шыны керек, Норвегияда бұқаралық спорт қарқынды дамыған. Бұл елде 11 мыңнан астам спорттық клуб пен жаттығу алаңы бар екен. Ал оларда жаттығу ақысыз. Тіпті мемлекет қысқы спорт түрлеріне қатысты құралдарды сатып алуға субсидия бөледі екен.
Бұл елде балалар 12 жасқа дейін жарыспайды. Өйткені халықтың түсінігінде спорт балалар үшін уақытты тиімді өткізетін ойын болуы керек. Кейін іріктеуден өткен балалар элиталы спорт клубына ауысады. Ал одан чемпиондар шығатыны айтпаса да белгілі.
Жалпы Норвегия 1988 жылғы Олимпиадада бірде-бір алтынға қол жеткізе алмады. Мұнан кейін спорт саласына реформа енгізген олар кейінгі бәсекелерде нәтиже шығарды. Бір ғана сәтсіздік оларға үлкен сабақ болды. Ал бізде 2002 жылдан бері сәтсіздіктер сериясы жалғасып келеді. Бізге де мұндай реформа жасамасақ, дәстүр сабақтастығы 4 жылдан кейін Италияда жалғасары сөзсіз.
Жандос ЖАЗКЕН