» » 4 КОМАНДА КЕЛЕСІ КЕЗЕҢДЕ

4 КОМАНДА КЕЛЕСІ КЕЗЕҢДЕ

Футболдан чемпиондар лигасының келесі ке­зеңіне өтетін командалар да анықталып жатыр. Аптаның екінші күні мюнхендік “Бавария” өз алаңында “Зальцбургты” ойсырата жеңді. Ә дегеннен 2 мәрте 11 метрлік айып добын сәтті орындаған “Баварияның” сұрмергені Р.Левандовски ойынның 21 минутында-ақ дубль атанды. Араға екі минут салып хет-трик атанған шабуылшы “Зальцбург” қақпасынан тағы да саңылау тапты. Мұнан кейін К.Коман асырған допты С.Гнабри Кён күзеткен қақпада қайта тулатты. Алғашқы таймның өзінде қонақтар қақпасына 4 гол тоғытқан алаң қожайындары келесі таймда еркін көсілді.

Қос команда арасындағы қарымта кездесудің осылай өрбитіні ә дегеннен белгілі болды. Себебі, Ю.Нагельсман шәкірттерін қарсыластары Ав­ст­рия­да әбден састырған еді. Бас бапкердің ойын­шыларға алғашқы таймда-ақ қонақтардың адымын аштырмауға кеңес бергені тағы да анық. Олай болмаған жағдайда «Бавария» «ПСЖ» секілді келесі кезеңнің жолдамасын қолдан бере ме еді, кім білсін.

Қорғанысқа басымдық бере жүріп, осы есепті сақтап қалса да, «Баварияны» жанкүйерлері ке­лесі кезеңнен көретініне сенімді болды. Алайда айқын басымдықтағы есепті германиялық клуб ойыншылары месе тұтпады. Бұл сөзімізге келесі таймдағы алаң қожайындарының үстін-үстін жаса­ған шабуылы дәлел болары анық. Нәтижесінде ойын­ның 54 минутында Т.Мюллер Л.Сане асырған допты қонақтар қақпасында тулатты.
Арада 15 минут өткенде Нойер күзеткен қақпа да сыр берді. Ойынның 70 минутында М.Кьергор жұбаныш голын соқты. Бұған алаң қожайындары бір емес, екі голмен жауап қайтарды. Отандасына екінші мәрте доп асырған Л.Сане Т.Мюллерді дубль атандырса, араға екі минут салып, өзі де қарымта кездесудің нүктесін қойды.
Сырт алаңда 0:2 есебімен жеңіске жеткен «Ливерпуль» дәл осы күні «Энфлид» стадионында С.Индзаги шәкірттерін қабылдады. Бұл кездесуде алаң қожайындарының қорғанысқа басымдық бере отырып, шабуылға аса күш салмайтынын әуелден білгенбіз. Себебі 0:1 есебімен қарсыласынан жеңіл­се де, бұл есеп «Интерге» ешқандай көмек бол­майтынын тағы білеміз. Алғашқы таймда қос команданың ойыншылары бір-бірінің қақпасынан саңы­лау таппады. Келесі таймда Л.Мартинес А.Санчес асырған допты Алиссон күзеткен қақпаға тоғы­тып, жанкүйерлеріне үміт сыйлаған. Алайда араға минут салып, нәтижелі пастың авторы алған екінші сары қағаз Чили ойыншысының ойынды орта жолда тоқтатуына сеп болды. Мұнан кейін алаңға қонақтар сапынан 3 жаңа ойыншы келгенімен есеп еш өзгеріссіз қалды.

Португалияда «Спортинг» қақпасына жауапсыз 5 гол соққан Х.Гвардиолла шәкірттері қарымта кездесуде қонақтар қақпасынан саңылау таппады. Қысқасы оларға ешқандай голдың қажеті де жоқ еді. Себебі өз алаңында 0:4 есебімен ұтылса да «Манчестер Сити» келесі кезеңге өтеді. Сондықтан олар ойынның тұтастай 90 минутын тек қорғанысқа арнады. Есеп – 0:0.

Сырт алаңда 1:0 есебімен қарсыласына есе жібер­ген «Реал Мадрид» қарымта кездесуде сарап­шылардың пікірін жоққа шығарды. Иә, іштей біз де «ПСЖ-ның» келесі кезеңге өтеріне тым сенімді болсақ та, ойынға дейінгі ойымызды «келесі кезеңге кім өтетінін уақыт көрсетеді» деп түйдік, расында уақыт сарапшы екен.

«Сантьяго Бернабеу» стадионында К.Мбаппе еркін көсілді. Тіпті К.Бензема хет-трик атанбағанда, сөзсіз бұл кездесудің үздік ойыншысы қонақтар сапындағы оның отандасы болар еді. Ойынның 34 минутында-ақ «ПСЖ» шабуылшысы Куртуа күзет­кен қақпадан саңылау тапқан. Алайда оны бас төреші Д.Маккели есепке алмады. Арада 5 минут өткенде бәрібір К.Мбаппе гол соғып, командасын алға шығарды.
Бір ғана қателік тұтастай 90 минуттық ойынның тағдырын өзгертті. Өз қақпасында допты әріптесіне асырамын деп алаң қожайындарына беріп қойған Доннарумма К.Бенземаның соққысына тосқауыл бола алмады. Бір ғана қателік, бір ғана гол К.Анче­лот­ти шәкірттеріне үлкен үміт сыйлағанын олардың келесі таймдағы ойынынан айқын аңғаруға болады.

Хорватияның маңдайалды ойыншысы Л.Модрич қарымта кездесуде гол соқпаса да бірнеше нәтижелі пасымен көзге түсті. Ойынның 76 минутында франциялық шабуылшының дубль атануына да Л.Модричтың нәтижелі пасы себеп болды. Мұнан кейін тоқсан минут тең тарқасып, қосымша 30 минут қорғанысқа басымдық берсе, 11 метрлік айып добы мадридтық «Реал» үшін үлкен үміт болады деп түйдік. Алайда К.Бензема ойын тағдырын мүлде басқа арнаға бұрды. 78 минутта хет-трик атанды һәм қарымта кездесудің нүктесін қойды. Бір сөзбен айтқанда, екі жеп, биге шықты.
Алдағы аптада әлі де чемпиондар лигасының келесі кезеңге жолдамасы сарапқа салынады. Өз алаңында тең тарқасқан «Бенфиканың» «Аяксқа» жол берері тағы да анық. Ал сырт алаңда тең тарқасқан «Манчестер Юнайтед» пен Симоне Диегоның шәкірттері арасындағы ойын қалай өрбиді, осы жұмбақ болып тұр. Ал «Стэмфорд Бридж» стадионында 2:0 есебімен жеңіске жеткен «Челсиға» сырт алаңда ойын мәнерін өзгерту керек. Себебі франциялық клуб өз алаңында мұндай сыл­бырлықты кешірмейді. Испанияда тең ойын көр­сеткен «Ювентусқа» да келесі кезеңге өтуге мүмкіндік жоқ емес. Алайда қарсыласының алғашқы таймда шабуылды үдетіп, келесі таймда қорғанысқа басымдық беретін әдеті тағы бар. Сондықтан италиялық клуб ойыншылары осыны ескеру керек. Әзірге «Реал Мадрид» ғана сарапшылардың пікі­рін жоққа шығарды. Ал «Лилль» мен «Бенфика» ойын­шылары да осындай тосыннан мінез таныта ма, оны да алдағы уақыт көрсетеді.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

14 наурыз 2022 ж. 2 063 0