"Қайрат" сербиялық клубтан ойсырай ұтылып, Чемпиондар лигасындағы жорығын аяқтады
Алматылық "Қайрат" сырт алаңда Сербияның "Црвена Звездасынан" ойсырай ұтылды. Есеп 5:0.
Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінінің қарымта матчы Белград қаласындағы "Райко Митич" стадионында өтті. Ойынның небәрі тоғызыншы минутында Александр Катай есеп ашса, араға он минут салып Лоис Диони есепті еселеді. Бірінші таймның аяқталуына санаулы минуттар қалғанда "Црвена Звезда" футболшылары Устименко қорғаған қақпаға үшінші допты тоғытты. Гол авторы тағы да Александр Катай. Сербиялық клубтың ойыншысы айып добын сәтті орындады. Екінші таймды да алаң иелері белсенді бастап, 48 минутта "Қайрат" клубының қорғаушыларының қателігін сәтті пайдаланып төртінші голды ұрды. Бұл жолы Мирко Иваничтің қанжығасы майланды. Ал 55-минутта Филиппо Фалько матчтың нүктесін қойды. Осылайша, "Црвена Звезда" мен "Қайрат" арасындағы қарымта кездесу 5:0 есебімен сербиялық ұжымның пайдасына аяқталды.
Айта кетейік, қос ұжымның арасындағы алғашқы матч Алматы қаласында өткен болатын. Ол кездесуде "Қайрат" сербиялық клубты 2:1 есебімен ұтты. Енді "Црвена Звезда" Чемпиондар лигасының үшінші кезеңінде молдовиялық "Шерифпен" ойнайды. Ал қазақстандық ұжым Еуропа лигасында жорығын жалғастырмақ. Онда "Қайрат" армениялық "Алашкертпен" кездеседі. "Қайрат" пен "Алашкерт" арасындағы алғашқы ойын 5 тамызда Алматыда, ал қарымта кездесу 12 тамызда Ереванда болады деп жоспарланған. Бұл үжымды жеңген жағдайда қазақстандық клуб Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне өтеді, ал ұтылса Конференция лигасының плей-офф кезеңіне шығады.