» » Чемпиондар лигасы: «Королдік клуб» жартылай финалда

Чемпиондар лигасы: «Королдік клуб» жартылай финалда

Өткен аптада УЕФА Чемпиондар лигасының 1/4 финалының қарымта ойындары өз мәресіне жетті. Лондандағы «Стэмфорд Бридж» стадионында қонақта болған мадридтік «Реал», қарымта ойында өз алаңында «Челсиді» қабылдады. Естеріңізге сала кетейік, бірінші ойында «королдік» команда «аристократтарды» 3:1 есебімен ұтқан болатын.

Қарымта ойын басталысымен доп лон­дон­дық команданың игілігіне көшкендей болды, Т.Тухел шәкірттерінің допалысы ширақ кө­рінді. Кезекті қауіпті шабуылдарының бірінде «Челсидің» жартылай қорғаушысы Мэйсон Маунт кездесудің алғашқы голын соқты. Сөйтіп 1 тайм қонақтардың айқын ба­сым­дылығымен аяқталды. 2 тайм ысқырығы шалынғаннан бастап допты өз иелігіне алған лондондықтар есепті еселеді. 51 минутта қорғаушы Антонио Рюдигер Тибо Куртуа қорғаған қақпадан тағы бір мәрте саңылау тапты. Ал 75 минутта неміс шабуылшысы Тимо Вернер есепті 3:0-ге жеткізді. Бірақ бес минуттан кейін «Реалдың» ша­буылшысы Родриго мергендік танытып, ойынды экстра-таймға ұластырды.

Жанкүйерлердің көкейіндегі «Келесі кезеңге кім өтеді?» деген сұраққа 90 минутта жауап табылмағаны, алаңдағы тартысты одан әрі қы­зықтыра түскендей болды. Кездесудің қо­сым­­ша уақытында ойыншылар жыл­дам­дығы төмендеді, аяқдоп шеберлерінің физи­калық тұрғыдан шаршағаны анық байқалды. 96 минутта Ж.Винисиус шығарған пасты ұтым­ды пайдаланған мадридтік «Реалдың» ша­буыл­шысы Кәрім Бензема қонақтар қақпа­сына шешуші голды баспен соқты. Кездесу 3:2 есебімен лондондық команданың пайдасына аяқталды, бірақ жалпы есепте 5:4, яғни 1 гол айырмашылығымен Карло Анчелотти шәкірттері жартылай финалға жолдама алды.

Параллель өткен ойында «Бавария» «Ви­льяр­реалды» қабылдады. Бірінші ойында «Неміс машинасы» атанған мюнхендіктер испандық командаға 1:0 есебімен есе жіберген болатын.

«Баварияның» шабуылшысы Роберт Леван­довски 52 минутта есеп ашып, «Альянц Арена» стадионына жиналған мюнхендік жанкүйерлерге үміт сыйлады. Ал 88 минутта Самуэль Чуквуэзе «тас қамал» атанған Нойер қақпасынан саңылау тауып, таразы басын теңестірді. Жалпы ойын алаң иелерінің басымдығымен өтті, бірақ «Бақ жана ма, бап жана ма?» дегендей, бұл кездесуде «Вильярреал» футболшыларының асығы алшысынан түсті. Еуропаның бірнеше дүркін чемпиондарын жартылай финалға өту жолдамасынан құр қалдырған Унай Эмери шәкірттері футбол әлемінде ешкім күтпеген жағ­дай жасады.

13 сәуірде Мадридтегі «Ванда Метропо­литано» стадионында УЕФА Чемпиондар лига­сының ширек финалындағы жауапты ойында «Атлетико» «Манчестер Ситиді» қабылдады. Кездесу жанкүйерлер күткендей тартысты өтпеді, Д.Симеоне шәкірттері манкуниандықтардың әлсіз тұсын таба алмады. Екінші таймның қо­сымша уақытында төреші мадридтік клубтың қорғаушысы Фелипені алаңнан қуды. Ойын 0:0 есебімен аяқталды. Осылайша келесі кезеңге ағылшындық Манчестер Сити өтті.

Еске салайық, алғашқы ойында «Манчестер Сити» «Атлетико Мадридті» 1:0 есебімен жеңген болатын. Жалғыз әрі жеңісті голды Кевин Де Брюйне өз атына жазды.

Жартылай финалда Пеп Гвардиола шәкірт­тері «Реал Мадридпен» күш сынасады. Қос команда арасындағы алғашқы ойын 26 сәуірде, ал жауапты ойын 4 мамырда өтеді.

Параллель өткен ойында «Ливерпуль» мен «Бенфика» командалары кездесті. «Энфилд» стадионында өткен кездесу өте тартысты, голға толы болды.

Ойынның 21 минутында алаң қожайындары сапынан Ибраим Конате есеп ашты. Одан кейін қонақтар Гонкало Рамостың арқасында таразы басын теңестірді. Осылайша 1 тайм тең есепте аяқталды. Екінші таймда «Ливерпульдің» үздік шабуылшыларының бірі Роберто Фирмино қос бірдей гол соқты. Бірақ қонақтар сапынан Роман Яремчук пен Дарвин Нуньес мергендік танытып, командасын жеңілістен сақтап қалды.

Естеріңізде болса, бірінші ойында Юрген Клопп шәкірттері 1:3 есебімен жеңіске жеткен бо­латын. Қос кездесу бойынша 6:4 есебімен ағыл­­шындық «Ливерпуль» жартылай финалға өтті.

Мерсисайдтық клуб жартылай финалда «Вильяр­­­реалмен» шеберлік байқасады. Алғаш­қы ойын 27 сәуірде өтсе, жауапты кездесу 3 ма­мыр­ға жоспарланған.

Жандос ЖАЗКЕН

19 сәуір 2022 ж. 1 148 0