Жаны шыққандай жерге жата қалатын Неймар өз әрекетін түсіндірді
Бразилия құрамасы мен франциялық ПСЖ-ның көшбасшысы Неймар биылғы Әлем чемпионатындағы өз әрекетін түсіндірді. Футболшының сөзінше, жерге жата қалуына өзіне қарсы өрескел ойнайтын ойыншылар кінәлі екен деп хабарлайды life.ru порталына сілтеме жасаған NUR.KZ.
Еске сала кетейік, құлап қалса жаны шығып кетердей болып жерге жата қалатын бразилиялық жұлдыздың алаңдағы әрекеттерін көпшілік сынға алған еді."Үнемі сол соққылардан зардап шегу маған ұнайды деп ойлайсыздар ма? Бұл өте ауыр. Ойыннан кейін ауырған жеріме бес сағат шамасында мұз басып жатуға мәжбүр болам. Бұны сіздерге түсіну қиын. Әрине, мен интернеттен өзіме қатысты түрлі әзілдерді көрдім. Бұған мен де әзілмен қараймын.Көптеген сәттерде мен қарсыластарыма қарағанда жылдаммын. Сондықтан олардың маған қарсы өрескел ойнауынан басқа амалы қалмайды. Мен бұны түсінемін. Ал бұндай сәттерді байқайтын арбитрлар бар", - деп жауап берді әйгілі футболшы Sky Sports басылымына берген сұқбатында.
Тіпті, Дания құрамасының бұрынғы қақпашысы Петер Шмейхель Неймардың бұл әрекетіне Фифаны шара қолдануға шақырған.