Тарихтағы тұңғыш Әлемдік этноспорт ойындары қазақ жерінде өтпек
13-14 тамыз аралығында Түркияның Ыстамбұл қаласында ЮНЕСКО-ның этноспорт жөніндегі кешенді косультативті ІV кеңесі өтті. Осы жиында 2021 жылы Қазақстанның елордасы Астана қаласында тарихтағы тұңғыш Әлемдік этноспорт ойындарын өткізу шешімі қабылданды. ЮНЕСКО-ның тұрақты өкілдері, қырықтан астам мемлекеттің Спорт министрлері, депутаттары мен лауазымды тұлғалары және халықаралық спорт федерацияларының басшылары бас қосқан кеңесте Қазақстанның аталмыш бастамасына үлкен қолдау жасалды. Сондай-ақ, осы сапарда ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясына толыққанды мүше болып қабылданды.
Еске салып өтсек, биылғы жылдың 1-2 шілдесінде ЮНЕСКО-ның Дәстүрлі спорттар мен ойындар комитетінің өкілдері Астанаға арнайы сапармен келіп, ЮНЕСКО, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы арасындағы үшжақты ниеттестік жөніндегі хатқа қол қойылған болатын. Қазақстан мемлекетінің І Әлемдік этноспорт ойындарын өткізуге үміткер елдің бірі екендігі сол кезде мәлімделген.
Сонымен, ЮНЕСКО-ның бастамасымен өткен дәстүрлі спорт жөніндегі Дүниежүзілік кеңесте 2021 жылы І Әлемдік этноспорт ойындарының Елордамыз төрінде ту көтеретіні нақты айтылды. Тарихта тұңғыш рет ұйымдастырылатын бұл Әлемдік этноспорт ойындарын ЮНЕСКО-ның Дәстүрлі спорттар мен ойындар комитеті, Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы бірлесе өткізеді. Сөйтіп, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толатын мерекелі жылы Астанада жер жаһанның таңдаулы ұлттық ойындарынан өтетін спорт бәсекелері тамашаланатын болады.
qamshy.kz