Қазақстандық спортшылар Қысқы Олимпиадаға аттанды
Ақпанның 9-ы мен 25-і аралығында Оңтүстік Кореяның Пxенчxан қаласында XXIII қысқы Олимпиада ойындарының жалауы желбірейді. Осыған орай, бүгін Алматыда Бүкіәлемдік бокс академиясында ҚР ҰОК, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Алматы әкімдігінің өкілдері, спортышлар мен журналистердің қатысуымен ресми түрде шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Осы салтанатты шара барысында ҚР ҰОК президенті Тимур Құлыбаев пен ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков қатысушы спортшыларға сәттілік тіледі. Ал, өз кезегінде ел намысын қорғайтын спортшылар өз алғыстарын білдіріп, ел үмітін ақтауға тырысатындықтарын жеткізді.
Қазіргі таңда, Қазақстан спортшылары спорттың бірнеше түрінен 49 лицензия ұтып алды. Олардың қатарында медаль иеленеді деген үміткерлер аз емес. Елсияр Қанағатовтың айтуынша олардың қатарында фристайлшылар Дмтрий Рейxард, Юлия Галышева, Жанбота Алдабергенова, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен, шаңғышы Алексей Полторанин және т.б. бар.
"Спортшылардың дайындығы ойдағыдай өтуде. ҚР ҰОК, федерациялардың және ҚР МСМ тарапынан қолдау көрсетілуде. 2-3 күннен кейін лицензиямыздың нақты саны белгілі болады. Спортшыларымызға сәттілік тілейміз", - деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов.
Айта кетер жайт, қысқы Олимпиада ойындары екі кластерде орналасқан 12 спорттық нысанында өткізіледі. Пxенчxан таулы кластерінде шаңғы спортынан жарыстар өтсе, жағажайдағы Канның кластерінде коньки спортының шеберлері өзара мықтыны анықтайтын болады. Қазақстан спортшылары Оңтүстік Кореяға бірінші ақпаннан бастап аттана бастайды.
"Осы тартысты додаға дайындық қарқынды түрде өтуде. Өзімді жақсы жағымнан көрсетіп, бір нәтижеге қол жеткізсем деймін. Біздің спорт түрінен қазір 3 лицензия бар, меннен бөлек алғашқы рет Ақмаржан Калмұрзаева мен Маржан Ақжігіт өнер көрсетеді, ал, төртінші лицензияны Жібек Арапбаева ұтып алады деген сенімдеміз. Бұл Олимпиада мен үшін екінші болмақ, қобалжып жүрмін, өйткені маған сенім артып жүргендер көп. 2014 жылы алғаш барғанымда қазіргідей жауапкершілік болмаған еді, - дейді фристайл-акробатшы Жанбота Алдабергенова.
Естеріңізде болса, бұған дейін Қысқы олимпияда жеңімпаздарына берілетін сыйақы мөлшерін жазған болатынбыз.