» » ЕЛ МЕРЕЙІН ҮСТЕМ ЕТКЕН ЕСЕНКЕЛДІ

ЕЛ МЕРЕЙІН ҮСТЕМ ЕТКЕН ЕСЕНКЕЛДІ

Ауылда той-томалақ, құдайы-астарда Сәпи қарт жайында ақсақалдар әңгіме қаузап отырушы еді. Сөзіне құлақ түрсем, Сәпи деген заманында өте қарулы кісі болыпты. Талай техниканы бір өзі қолмен тарта әкеткен қария жайлы бірнеше оқиға бүгінде көп айтылады. Тіпті, көлік батып қалғанда «Сәпи келсе сәтімен» деген сөз ауылдастарының тұрақты тіркесіне айналған. Себебі, ол жайлы естеліктердің көбі осындай оқиғалармен өрбитін. Талай көлікті жолдастарымен бәстесіп те сүйреген кейіпкеріміздің заманында біраз кісіге қолғабысы да тиіпті. «Тектілік тұқым қуалайды» деген рас та шығар сірә, кешегі АҚШ Лас-Вегас қаласында өткен ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында әлгі қарттың немересі Есенкелді Қыдырбекұлы топ жарып, көк байрағымызды биіктен желбіретті.
Байрақты бәсекеде ел қоржынына үшінші алтынды салған Есенкелді Сәпи 81 келі салмақта сынға түсті. Алтын медальға ие бол­ған қазақстандық зілтемірші өз қатарластарынан оқ бойы оза шауып, әнұранымыз АҚШ-тың төрінде шырқалды.
Дүбірлі додада жерлесіміз жұлқа көтеруде 134 келіні оңай еңсерсе, серпе көтеруде де 175 келіні салмақ көрмеді. Қос жаттығу бойынша отандасымыз үздік атанып, алтын медальды еншіледі. Ал, дәл осы салмақта күміс және қола медальді АҚШ пен Перу спортшылары иеленді.
Жас атлет бұл жеңістің үлкен дайындықтың арқасында кел­ге­нін айтады. Оның айтуынша, әсіресе, бұл жеңісте жат­тық­тыру­шыларының үлкен қолтаңбасы бар көрінеді. Артылған сенімді ақтап, қос сайыста оң нәтиже көрсеткеніне олар да риза.
– Әлемдік сайыста өзімнің топ жарғаныма емес, елімнің атын шы­ғарып, көк байрағымды биіктен желбіреткеніме мақтанамын. Жарыстың жоғары деңгейде өткенін өздеріңіз де білесіздер. Кіл мықтылар іріктелген дүбірлі додаға сенім артып қосқан бапкерлеріме ризамын. Қазақстан, оның ішінде Сыр елі зілтеміршілердің Отанына айналды ғой. Ильия Ильин, Александр Зайчиков, Алмас Өтешов сынды ағаларым бастаған шепті енді өзім де жалғап жатқаныма қуанамын. Ал, бүгінгі жетістік жеңістің алғашқы баспалдағы деп білемін. Бұйыртса, талай дүбірлі додада топ жарып, мемлекетімнің мерейін үстем етуде аянып қалмаймын. Бұл менің ғана емес, барша қазақ елінің жеңісі деп білемін. Себебі, осы елдің баласы болғандықтан, оның мерейін өсіруді өзіме азаматтық борыш санаймын, – дейді спортшы.
Есенгкелдінің «Өзімнің топ жарғаныма емес, көк байрағымды биіктен желбіреткеніме қуанамын» деген сөзінен оның Отанына деген махабатының шексіз екенін аңғардық. Міне, нағыз азамат, ал, оның «Сыр елі зілтеміршілердің Отанына айналды» деген сөзінің жаны бар. Себебі, осыдан бірнеше жыл бұрын АҚШ-та Александр Зайчиков алтын медальға ие болғанда да осы сөз бірнеше мемлекеттен келген қатысушылардың аузынан шығыпты. Тек Қызылорданың ғана емес, мемлекетіміздің мерейін үстем етушілірдің дәстүр сабақтастығы бүгінгі буынның бойынан табылып жатқанына біз де қуаныштымыз.
Айта кетейік, жерлесіміз 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында бақ сынады. Ал, мұнан да үлкен додаларда оның қуанышымен бөлісуді алдағы уақыттың еншісіне қалдырдық. Жеңіс құтты болсын, барша сырбойылықтар, барша Жалағаш жұрты! Есет батырдан шыққан Есенкелдінің жеңісі – өзінің сөзімен айтқанда барша қазақстандықтардың жеңісі. Ауданнан шыққан ауыр атлет әлі талай додада мерейіңді үстем етер.

Кенжетай БАЛҒАБАЙ.

16 наурыз 2019 ж. 1 006 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 763

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930