«ҚАЙСАРДЫҢ» ОЙЫНЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ
Биылғы премьер-лига ойындарының алғашқы кездесуін «Қайсар» өз алаңында өткізді. Бұл аяқдоп шеберлері арасындағы тартысты бәсекеде атыраулықтар айласын асыра білді. Бар-жоғы екі минуттың ішінде қонақтар есеп ашып, айып добын өз пайдасына шешкен еді. Мұнан кейінгі басымдық қызылордалық команда жағында болғанымен есеп еш өзгеріссіз қалды.
Шыны керек, жанкүйерлер алғашқы тайм ортасынан ауса да «Қайсардан» жеңіс күтті. Алайда, командасы үш ұпай былай тұрсын, өз алаңында бір ұпайға да қол жеткізе алмады. Қонақтар сапынан бір ойыншы қызыл қағазбен алаңнан қуылса да, бұл бізге еш көмегін берген жоқ.
Қайсарлықтар үшін келесі кездесу де өз алаңында өтті. Бұл ойында алматылық «Жетісу» жанкүйерлерін жерге қаратпады. Ал, «Қайсар» өз алаңында есе жіберуді қалыпты жағдайға айналдырғандай болды. Бұл жолы ойынның жиырмасыншы минутында қонақтар есеп ашып, атыраулықтардай 3 ұпайды қанжығалады. Сырбойылық жанкүйерлердің көкейінде «Қайсардың» қонақжайлығы қашанға дейін жалғасады екен?» деген сауал тұрды. Келесі ойында жергілікті команда үшін жеңіліс тағы қайталанса, «Қайсарға» жанкүйерлердің көңілі қалар еді. Себебі, қос ойындағы ұтылыс та оларға оңай тиген жоқ. Бұл жауапкершілікті жергілікті команда сезінді.
Сырбойылық команда солтүстікке жасаған сапарында сәтті ойын көрсетіп, алғашқы 3 ұпайды қанжығалап қайтты. Қос тайм бір-бірінің қақпа кілтін тада алмаған «Ертіс» пен «Қайсар» арасында тартысты бәсекеде команда каптианы Мақсат Байжанов есеп ашып, жанкүйерлеріне жеңіс сыйлады. Мұнан кейін кешегі жексенбіде «Қайсар» өз алаңында елордалық «Астананы» қабылдады. Бұл ойынды басқа да аймақтар былай тұрсын, қызылордалық команданың жанкүйерлері де Астананың пайдасына шешіледі деп пайымдап қойған еді. Бірақ, мүлде олай болмай шықты.
Кездесуге коментатрлық жасаған Ермұхамед Мәуленнің өзі қызылордалық команданың ойынын жоғары бағалап, бұл ойында елордалық клуб ұтылып жатса таңқалмайтынын жеткізген еді. Расында, солай болды. Алматылық «Қайрат» командасын да айқын басымдықпен ұтқан «Астанаға» «Қайсарды» бұлай лайықты қарсылас бола алады деп ешкім ойлаған жоқ. Айып және бұрыштама добымен бір ғана Асхат Тағыбергеннің өзі Н.Эрич күзеткен қақпаға тыныштық бермеді. Армениялық легионер Тигран Барсегиян да елордалықтарды әбден састырды. Ойын барысындағы сырбойылық команда бапкерінің де айла-тәсілі астаналықтарға жұмбақ болды. Есеп ашылмағанымен ойын жанкүйерлер жалығардай жағдайда өткен жоқ. Әдеттегідей «Қайсар» 4 ұпаймен турнирлік кестеде жетінші орынға жайғасты. Кем дегенде Еуропа біріншілігіне өтуді мақсат еткен команданың ойыны әр кездесу сайын қарқын алып жатқан сыңайлы. Бұйыртса, жеңісті күндер әлі алда деп білеміз.
Е.ӘНУАРҰЛЫ.