Ауылда тұрады: Қыздар арасындағы гір спортынан қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы кім?
Қыздар арасындағы гір спортынан қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Меруерт Сүлейменова ауылда тұрады. Ақмола облысының Жарсуат ауылында аулының тұрғыны әкесіне шаруашылықта көмектесіп, ауыр техникаларды ырқына көндіреді.
Жарсуат аулында тұратын Меруерт Сүлейменованың бойындағы күш-қуат таңғалдырарлық. 15 жасынан бастап гір спортымен айналысып келе жатқан қыз – Қазақстанның 12 дүркін чемпионы. Қыздар арасында екі рет әлем чемпионы атанған. Әу баста 16 келілік гірді көтерсе, кейін 24 келілік гірге ауысыпты.
«19 жасымда әлем чемпионы атағын алдым. Бұрын спорттың бұл түрінде қазақтың қыздары аз болатын, қазір көбейіп келе жатыр», - дейді Меруерт.
63 келі салмақта талай додада жеңімпаз атанған батыр қыздың алған жүлделерінде есеп жоқ. Оның гір спортымен шұғылдануына ауыр атлетикамен айналысқан ағалары себеп болыпты. Жалпы, әр жарысқа ауылдағы үлкен жанұясы қолдау білдіріп, дем беріп отырады екен. Тіпті, Жарсуаттан көрші ауылдағы жаттықтырушыға апарып, алып келу үшін, әжесі де өз үлесін қосып жүр.
«Баланы ренжітпеуіміз керек. Ренжітпеу үшін, көлікті тізгіндеп, жаттығуға апарып жүрмін», - дейді чемпион қыздың әжесі Шолпан Ахметжанқызы.
Жарсуатта үйірме болмағандықтан, Меруерт 15 шақырым жердегі ауылда жаттығады. Жаттықтырушы Бақтияр Жұмабеков – орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Бапкердің айтуынша, Меруерт – әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ қызы. Ол Меруерттің өте дарынды, мінезді қыз екенін айтты.
Сонымен қатар Меруерт Жарсуат ауылындағы мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Қол бос кезде әкесі Асылбектің шаруашылығына да көмектеседі. Ол ауыр техникаларды еркін меңгерген.
Stan.kz