2 сәуір. Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер
ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 2 сәуірге арналған күнтізбесін ұсынды.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Халықаралық балаларға арналған кітап күні
1956 жылдан бастап Халықаралық кеңестің шешімімен жыл сайын дат жазушысы Ганс Христиан Андерсеннің туылған күніне орай атап өтіледі. Көптеген елдерде балалар мен жасөспірімдер кітабы апталығы аясында әлемнің үздік кітаптарына арналған байқаулар, көрмелер, конференциялар мен фестивальдар өткізіледі.
Бүкіләлемдік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күні БҰҰ Бас Ассамблеясының 2007 жылғы желтоқсанның 18-індегі арнайы қарарымен бекітілген. 2008 жылдан бастап жыл сайын сәуірдің 2-сінде атап өтіледі. Бұл Бүкіләлемдік күн Катар мемлекетінің ұсынысы бойынша белгіленді, мұны Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы 2008 жылғы жолдауында атап өтті. Бас Ассамблеяның қарарында, ең алдымен, балалардың аутизм мәселесіне көңіл бөлінді, сондай-ақ диагнозды неғұрлым ерте қою және тиісті тексеру жүргізу атап көрсетілген.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1930 жылы Қазақстанның ғылыми-зерттеу мекемелері қызметкерлерінің 1-ші съезі өтті. 1940 жылы Семейде Абайдың мұражай-үйі ашылды (Мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалды Абай мұражайы).
1991 жылы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтасық жөніндегі кеңеске қатысушы-елдер парламентшілерінің Мадридтегі кездесуі барысында ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясын (қазіргі ЕҚЫҰ-ның Парламенттік Ассамблеясы) құру туралы шешім қабылданды. Ассамблеяның құрылтайшы сессиясы 1992 жылғы 3-5 шілде аралығында Будапештте өтті.
1993 жылы Қазақстан Республикасы Министрлер кабинеті жанындағы Тіл жөніндегі комитет құрылды. 1996 жылы Қазақстан Республикасы азаматтарының тегі мен әкесінің атын қазақша жазу тәжірибесін қазақ халқының қалыптасқан дәстүрлеріне сәйкес келтіру жөніндегі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» Жарлығы шықты.
2002 жылы Павлодарда Қазақстан халықтарының Кіші Ассамблеясында Қазақстандағы этникалық болгарлардың «Славяне» қоры ресми түрде тіркелді.
2008 жылы Алматыдағы «Медеу» спорт кешенінде «Бейжің-2008» Олимпиадалық алау эстафетасы басталды. Олимпиадалық ойындардың басты рәмізін салтанатты табыс ету рәсімін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ашты. Мемлекет басшысы мұз айдынында орнатылған тұғырға фанфар әуенімен көтерілді. Елбасымен бірге тұғырға Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сиюнь мен 1980 жылғы олимпиадада грек-рим күресінен чемпион атанған тұңғыш қазақ Жақсылық Үшкемпіров көтерілді. Алаңда сондай-ақ, әр жылдары алтын медаль жүлдесін жеңіп алған қазақстандық спортшылар сап түзеді. Қазақстан Президенті олимпиадалық алауды Қытай елшісінің қолынан қабылдап алып, оны алғашқы болып өзі алып жүрді. Осыдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Олимпиада алауын қазақстандық атақты боксшы, 2004 жылғы Афины Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаевқа табыс етті. Айта кетейік, Бейжің Олимпиадасының ашылу рәсімінде Қазақстан жалауын алып жүру құрметі Бақтияр Артаевқа сеніп тапсырылған еді.
2008 жылы Алматыда «Қазпошта» АҚ ғимаратында ХХІХ Олимпиадалық ойындарға арналған көркемсуретті жаңа пошта маркасының таныстырылымы болды. Марканың авторы - суретші Данияр Мұхамеджанов. Маркада Алматыдағы Республика алаңының аясында Халықаралық олимпиада комитетінің, Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиады комитетінің және Олимпиада алауы эстафетасының логотипі бейнеленген.
2008 жылы Алматыда еліміздің тарихындағы алғаш рет Пошта мұражайы ашылды, сонымен қатар қалалық пошта бөлімінің ауласында пошта аллеясы және заманауи филателистикалық салонның таныстырылымы болды. Мұражай экспозициясын пошта қызметкерлері жинастырды және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік мұрағатының қызметкерлері материалдарды берді. Мұражайдың хронологиялық шеңбері тарихи кезеңдерді қамтиды, қазақстандық пошта қызметінің құрылуы мен даму туралы деректер жинақталған.
http://syrboyi.kz
Пікір 3