Ежелгі қазақтың жеті түрлі әскери қосыны
Мәліметтер «Түрік Шежіресін» (1838 жылғы Лондон нұсқасы) негіз ете жазылды, бұл «Түрік Шежіресінің» иесі Шыңғысханның үлкен баласы Жошыдан тараған бел ұрпағы Әбілғазы Бахадүр, ол Хиуа Хандығының Ханы болған. «Түрік Шежіресінің» әуелгі нұсқасы 1663-жылы Әбілғазы жағынан жазылған. Еңбек алғаш рет Франсоз тіліне 1726-жылы аударылса, кейін Ағылшын және Орыс тілдеріне аударылған. Еңбекте айтылуынша ерте заманда Оғыз Хан барлық әскерлерін жинап жетіге бөледі, осы жеті топтың атаулары жеке-жеке мына ретпен келген.
1. Құрауыл. Бірінші топ – ең алдында жүретін бірінші бөлімі. Бұл топ армяның ең алдыңғы қорғаныс әрі шабуылшы шебі болған. Түріктер бұл топты «Құрауыл» деп атаса, Моғолдар (Мұңғолдар) «Болжоңғар» деп атаған дейді Әбілғазы Бахадүр «Түрік Шежіресінде». Олар құрамалар болып, ең алдымен ұрысқа кіріп шайқас дәмін татады әрі қырғынға көп ұшырайтында осылар. Аты айтып тұрғандай олар әр-түрлі құрама топтардан құралған. Хандар «Құрауыл» қосынына әр-түрлі тұтқындармен басқа жұрыттарды көп қосатын болған, себебі қырылса ең алдымен солар қырылатын, өз әскеріне тым зақым келмейтін. Мәселен Шыңғысхан тұтқынға түскен тәжіктерді түмен-түменімен ең алдынғы «Құрауыл» қосынына қосып қалаларды алуға жеккен.
2. Ерауыл (немесе Мұнқолай). Екінші топ – Түріктер бұл қосынды «Ерауыл» (ерген топ) және «Мұнқұлай» деп атаса, Моғолдар (Мұңғолдар) «Бороңғар» деп атаған дейді Әбілғазы Бахадүр. Олар алдағы «Құрауыл» тобының артынан мәлім аралық-қашықтық қалдыра еріп отырады, бұл бөлімнің басты ролы барлық қосындар арасындағы байланысты жандандыру болған. Ал араптар бұл топты «Мүкдүмт-ил-жиш» деп атайды, себебі бұл топқа қосындағы ең батыр жігіттер ұйыстырылған деп жалғастырады еңбек йесі. Бұл қосын «Құрауылдың» артын аңдап еріп отыратындықтан «Ерауыл» немесе «Ерген топ» аталған.
3. Оңқол. Үшінші топ – жалпы қосынның оң жақ бөліміне орналасқан. Олар алдынғы екінші топ «Ерауылдан» садақ жебесі жетер ара-қашықтық яғни жебе ұшырым шалғайлық сақтап отырады. Бұл топты Түріктер «Оң-қол» деп атаса, Моғолдар (Мұңғолдар) «Оңғар» деп атайтын, Арапша «Йүменә» делінген.
4. Солқол. Төртінші топ – жалпы қосынның сол жақ бөліміне тұрақтасқан яғни «Оңқолдың» қарсы жағына орналасқан. Түріктер бұл қосынды «Солқол» десе, Моғолдар (Мұңғолдар) «Жоңғар» деп атайтын. «Оңқол» мен «Солқол» ортадағы «Жасауыл» қосынынан тең аралық сақтап жайғасқан, осы ретпен жүреді.
5. Жасауыл. Бесінші топ – жалпы қосынның қақ ортасына орналасып, «Қол» деп аталған. Олар «Оңқол» мен «Солқол» екі топтың арасында қимыл жасап, қозғалыс алып барады. «Жасауыл» қосынның қолбасы ұрыста өзінің орнын осы арадан ауытқытпай сақтап, бұйрығын осы екі арада атқарады. Бұл қосын Түрік тілінде «Жасауыл» делінсе, Арапша «Қалыб-әл-жәйш» делінген. Хандар мен Патшалар осы Жасауыл қосынында жүретін болса керек, «Түрік Шежіресінде» Шыңғысхан Найманханмен ұрыста осы «Жасауыл» қосынында тұрғандығын айтады,. Бұл қосынға бұзып-жарып кіру өте қыйын болған, себебі «Жасауылды» алдыда «Құрауыл» мен «Ерауыл» қосыны қорғаса, оң жақтан «Оңқол», сол жақтан «Солқол» қосыны қымтаған, ал артынан «Шаңдауыл» және «Бұқтырма» қосыны қорғаған.
6. Шаңдауыл. Алтыншы топ – алдынғы «Қол» тобынан белгілі аралық сақтап орналасқан, яғни олар «Қол» қосынының ат түяғынан шыққан шаңына жетеқабыл қашықтықта еріп жүруы керек. Бұл қосын Түрік тілінде «Шаңдауыл (Шаңды-ауыл)» делінсе, Арапша «Сәкех» делінген. Кейде Түріктер бұл топты «Оқшы» деп атаса, Моғолдар (Мұңғолдар) «Оқжоңғар» деп атайтын.
7. Бұқтырма. Жетінші топ – «Шаңдауыл» қосынына оң-солға бөлінбей жинақы түрде еріп отыратын қосын. Олар жаулар «Шаңдауыл» қосынының ат түяғынан шыққан шаңды көре алмайтындай аралық тастай бұға еріп отырады. Тұріктер бұл топ қосынды «Бұқтырма», Моғолдар (Мұңғолдар) «Басоңғар», Парыстар «Күменгәх» деп атайтын еді, ал Арап тілінде недейтіні анық емес, олар бұл топқа ат қоймаған сяқты. Парыстар осы тектес қосын-армя әскери түзімдерін Татарлардан (Түрік-Моғолдардан) алған. Аты айтып тұрғандай «Бұқтырма» жалпы қосынның ең артынан бұғып жасырына еріп жүретін қосын. Бұл ертедегі әскери атаулар көне замандағы Түрік-Мұңғол ел-ұлыс-рулары жорықтарында қолданылған. істетілген. Қызығарлығы бұл атаулардың Түрікшесі қазіргі Қазақтар арасына, ал Моғолшасы Мұңғолдар арасында әлі күнге дейін қолданыста, бұл Қазақтардың олармен тіке мұрагерлік жалғастырушы байланыста екенін анықтай түседі.
Пайдаланған еңбектер:
1. «Түрік Шежіресі» (1838-жылғы Лондон нұсқасы), Ж.Нұрсұлтан аудармасы.
2. «Жәмиғ Әл-Тарауиқ», Рәшід Ад-дін.
3. «Зафарнама», Язид
4. «Тәрйқ Әл-ғұзйда», Хамадұллах Қазуыни
5. «Қазақшылық, Аса Тәуекел Серілік және Қазақтардың Қалыптасуы, Алаша Хан бөлімі», Жойплй.
Жолдас Нұрсұлтанұлы
baribar.kz