Бүгін Мағжан Жұмабаевтың дүниеге келгеніне - 125 жыл
Бүгін алаштың лирик ақыны Мағжан Жұмабаевтың туған күні. Ақиық ақынның туғанына биыл 125 жыл толды.
Биыл ақынның 125 жылдық мерейтойына байланысты Түркі академиясы 2018 жылды «Мағжан жылы» деп жариялады. Академия осыған орай Түркістан идеясын ту еткен ақынның шығармаларын шет тілдерге аударып, басып шығаруды қолға алды. Осы игі істің бастамасы ретінде сәуірде Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде Мичиган штатының университет профессоры Тимур Кожаоғлы өзінің «Мағжан - оттың, еркіндік пен махаббаттың ақыны» атты кітабын таныстырды. Туындыда Мағжанның өмірі мен шығармашылығы суреттеледі. Аталған кітапта ақынның 16 өлеңі ағылшын тіліне аударылған. Сондай-ақ, Халықаралық Түркі академиясы оның таңдамалы шығармалар жинағының алғаш рет өзбек тілінде жарық көруіне де мұрындық болды.
Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін өзбек тіліне талантты ақын, білікті аудармашы, Қарақалпақстанның халық ақыны Мұзаффар Ахмад тәржімалады. Өткен жылдың соңында Түркістан қаласында Мағжанның еңселі ескерткіші бой көтерген болатын. Осыдан үш күн бұрын Петропавлда ақынның тағы бір ескерткіші ашылды. Мағжан Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы Булаев (қазіргі Мағжан Жұмабаев) ауданында туған. Әуелі ауыл молдасынан сабақ алады.
1910-1913 жылдары Уфа қаласында «Ғалия» медресесінде оқиды. Осында жүріп Абайдың өлеңдер жинағымен танысып, татар ақын-жазушыларымен достасады. Араб, парсы, түрік тілдерін оқып үйренуін жалғастырады. Орыс тілінен сабақ алады. 1913-1917 жылдары Омбыдағы мұғалімдер даярлайтын семинарияда оқып, оны үздік бітіреді. 1923-1926 жылдары Мәскеуде көркем әдебиет институтында оқиды. 1927-1929 жылдары Бурабайда, одан соң Петропавлда оқытушылық қызметтер атқарған. 1912 жылы Қазан шаһарында «Шолпан» атты өлеңдер жинағы жарық көрді. «Батыр Баян», «Оқжетпестің қиясында», «Қойлыбайдың қобызы», «Өтірік ертегі», «Шын ертегі» поэмаларында адам жанының, психологиялық әлемнің құпия сырларын, иірімдерін, даму диалектикасын асқан шеберлікпен кестелеп өрнектей білген. Кеңес жылдары екі өлеңдер жинағын жариялады. Алғашқысы - 1922 жылы Қазанда, екіншісі Ташкентте басылып шыққан. Әдеби шығармаларымен бірге Мағжанның қаламынан туған ғылыми еңбектер, оқу құралдары да кезінде халқының қызметіне жарап, елеулі мәнге ие болды. Жастарды оқу, білімге шақырған қаламгер педагогика саласында бірқатар еңбек жазды. Мектеп оқушыларына, мұғалімдерге арнап «Педагогика», «Бастауыш мектепте ана тілін оқыту жөні» еңбектерін жариялаған. 1929 жылы Жұмабаев «Алқа» атты жасырын ұйым құрғаны үшін деген айыптаулармен Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалып, 10 жыл айдауға кесілген. 1936 жылы М. Горький мен Е. Пешкованың араласуымен бостандық алып, Қазақстанға оралып, Петропавл қаласындағы мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берген. 1937 жылы наурызда Мағжан Жұмабаев Алматыға келіп, аударма ісімен айналысқан. 1938 жылы қайтадан қамауға алынып, ату жазасына кесілді. Мағжан - үздіксіз ізденген ақын. Ол қай тақырыпқа қалам тартса да, өз алдына жалғыз мақсатты - ұлтын оятуды басты міндет етіп қояды. Бұл - Мағжанның өзіндік манифесі болатын. Тіпті абақтыда, өз тағдыры қыл үстінде тұрған кезде жазған өлеңдерінде де осы манифеске сәжде қояды. Шынтуайтында да оның бір топ өлеңдері абақты қабырғасында жазылған. Ол қамау мен түрме азаптары жөнінде жазғанда да, абақты - қазақ халқының зұлмат пен езгіде өмір сүрген кезеңінің рәмізі екенін өлең жолдарына дарытады. Мағжан өз шығармашылығынан басынан-ақ ұлтының біртұтастығы, тағдыры, оның болашағы үшін әрқашан алаңдап, жан күйдірген ақын болатын. Ұлттың біртұтастығы, ең алдымен, оның ана тіліне байланысты. Сондықтан Мағжан да қазақ ұлтының біртұтастығы мен алдағы болашағын ана тілінің дамуынан көреді.
Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдың мерейтойына орай Солтүстік Қазақстан облысына жеті елдің делегациясы келеді деп күтілуде. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараты бойынша, мерекелік медальдар мен кітаптар дайындалып жатыр. «Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, АҚШ, Башқұртстан мен Ресей Федерациясының шекаралық өңірлерінен делегациялар келеді. Құрметті қонақтарды күтіп отырмыз - Жазушылар одағының мүшелері, мағжантанушы ғалымдар, ақынның туыстары, гала-концерт қатысушылары - «Мағжан көктемі» республикалық өнер фестивалінің жүлдегерлері шақыртылды», - деді облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Кемел Оспанов. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің базасында отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен «Мағжан Жұмабаевтың мұрасы және руханият» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтіп жатыр.
ҚазАқпарат