» » ТОЛҒАНАЙДЫҢ КӘСІБІ

ТОЛҒАНАЙДЫҢ КӘСІБІ

Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамытуға барынша қолдау көрсетіліп келеді. Мұндай қолдауды құр жібергісі келмейтін іскер азаматтар өз кәсібін бастап, қолға алған ісін дөңгелетіп отыр.

Биыл – жастар жылы. Осыған орай, жастарды кәсіпке баулу, олардың жобаларын жүзеге асыру бағытында мемлекет тарапынан бірқатар шаралар қолға алынды. Соның нәтижесінде жас кәсіпкерлер өңірдің дамуына үлес қосып, жаңа идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік алды. Солардың бірі – Толғанай Жұмабекқызы. Ол қазір Ақсу ауылынан жалпы жоба құны 50 млн теңгені құрайтын мал бордақылау алаңы мен жылыжай кешенін салуда.
Жаңа нысанның құрылыс жұмыстары алдағы айда аяқталады деп күтілуде. Ақсу жұртшылығы негізінен егін, мал шаруашылығымен айналысатыны белгілі. Мұнда қолға алынған бұл жоба тұрғындардың қажеттілігін өтеп қана қоймай, бірнеше ауыл азаматтарына да жұмыс көзі болмақ.
– Бұл барлық талаптарға сай ашылатын Ақсудағы алғашқы мал бордақылау орны. Алдағы жоспарымыз – ауылды дамыту бағытында басқа да кәсіп көздерін ұлғайтуды көздеп отырмыз. Бұл жұмыстар толық аяқталса, ендігі кезекте кірпіш зауытын салғымыз келеді. Бұл бағыттағы жұмыстардың алғы шарттары жасақталуда, – дейді жас кәсіпкер.
Қаладан келіп, ауылда кәсіп бастауды жөн көрген Толғанай Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың түлегі. Оқуды аяқтаған соң өз алдына кәсіп бастауды ойластырып, жоба ұсынды. Нәтижесінде мемлекеттік бағдарлама бойынша үстемақысы жеңілдетілген 10 млн теңге несие рәсімдеп, бұл қаржыға жылыжай кешенін салуды бастады. Қарызды кәсіпкер 2024 жылға дейін толығымен өтемек. Ал мал бордақылау жұмыстарының жоба құны 40 млн теңгені құрайды. Бұл кәсіпкердің өз қаржысы есебінен салынуда.
– Мал бордақылау алаңының құрылысы аяқталса, мұнда 140 бас мал әкеліп, жұмыстарды бастаймыз. Өздеріңіз көріп отырғандай, қазір құрылыс жұмысы қарқынды жүруде. Шамамен тамыз айында толық аяқталады. Қазірдің өзінде құрылыс жұмыстарына 10 адам тартылды. Нысан іске қосылса, жұмысшылардың қатарын одан әрі көбейтеміз, – дейді Толғанай Жұмабекқызы.

Ақсу ауылынан ашылғалы тұрған бұл баламасы жоқ қос жылыжай құрылысы аяқталуға жақын. Сапасы халықаралық стандарт талаптарына жауап береді. Енді, ақсулықтарды жергілікті жерде өсірілген көкөніс өнімдерімен қамтуға толық мүмкіндік туды. Мұнда өсірілген өнімдер өңірдің экономикалық әлеуетін одан әрі арттыруға үлес қосары анық. Дәмді де жоғары сапалы өнім ауыл халқынан өзге алыс-жақын ауылдарға да жөнелтіледі. Әрі бұл жаңа технология негізінде жұмыс істейтін Ақсудағы алғашқы жылыжай екенін де айта кеткен жөн.
Жалпы Қызылқұмнан Қарақұмға дейін созылған киелі Жалағаш топырағы малға жайлы, жері құнарлы. Сондықтан болар Толғанай секілді жастар ата кәсіпті қайта жандандыруға ниетті. Оған ең алдымен ауыл халқы дән риза.
Айта кетейік, «2018-2020 жылдар аймақта жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жариялануына бай­ла­нысты Ақсу ауылында был­тыр мемле­кеттік және өңірлік бағдар­ламалар аясында шағын және орта кәсіпкерлікті бастау немесе дамыту бағытында 20 кәсіпкер 259,810 мың теңгеге қаржыландырылды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын тауып, ауыл азаматтары мемлекеттік бағдарламаның тиімділігін көруде. Жоғарыда айтылған мал бордақылау алаңы мен жылыжай кешендері іске қосылса, жас кәсіпкер Толғанай Жұмабекқызы тәулігіне мыңдаған кір­піш шығаратын қуаттылығы жоғары зауыт құрылысын бастайды.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ
23 шілде 2019 ж. 1 439 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 770

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930