ТАПСЫРМА УАҚЫТЫНДА ОРЫНДАЛУЫ ТИІС
Аптаның сәрсенбісінде аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаевтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Мәжілісте алғашқы мәселе бойынша аудан әкімі аппаратының басшысы Мейірбек Құрақбаев хабарлама жасады. Ол әкімдердің есепті кездесуінде тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлердің қалай орындалып жатқанын баяндады.
Әкімдердің халықпен биылғы есепті кездесулерінде 65 ұсыныс айтылған. Басым бөлігі жол жөндеу, ауыз су, электр желілерін жаңғыртуға байланысты. Аппарат басшысы тұрғындар айтқан ұсыныстар аудан әкімінің іс-шарасына енгізілгенін жеткізді. Бүгінге дейін соның 62 пайызы орындалған. Аудан басшысы халықтың ұсынысы басты назарда болуы қажеттігін айтып, тиісті мамандарға бұл мәселені жыл соңына дейін толық орындау туралы тапсырма берді.
Биылғы қаңтар-маусым айлары аралығында өткен мәжілістерде аудан бюджетінен қаржыландырылатын атқарушы органдар мен кент, ауылдық округ әкімдеріне 183 тапсырма берілген. Күн тәртібінде көтерілген келесі мәселе осындай жиындарда берілген тапсырмалардың орындалуы туралы болды. Аппарат басшысы хаттамалық тапсырмалардың 93 пайызға жуығы орындалғанын мәлімдеді. Бұл ретте аудан әкімі берілген тапсырманың уақытында орындалуы қажеттігін назарға салды.
Осы жылдың шілдесіне дейінгі мәлімет бойынша аудандағы тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2340 бірлікті құраған. Оның 89 пайыздан астамы жұмыс істеуде. Осы сынды мәліметтерді алға тартқан аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Жасұлан Еспенбет бұл көрсеткіштердің былтырғыдан анағұрлым жақсы екенін айтты.
Бөлім басшысы өткен жылдың қорытындысымен 2300 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелгенін, оның 1914-і ғана жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. Екі аралықтағы көрсеткішті салыстырғанда тіркелгендердің саны 40 бірлікке, ал жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 170-ке артқанын көруге болады.
Мұнан соң аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жұпар Баймаханова хабарлама жасап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын тілге тиек етті.
Ауданның бас экономисінің айтуынша, жүргізіліп жатқан жұмыстар әлеуметтік саланы дамытуға, шағын және орта кәсіпкерлікті өркендетуге, жаңа жұмыс орындарын құруға, аудан экономикасын көтеруге бағытталған. Әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша өсім қалыптасқан.
Негізі әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған шаралар аудан әкімінің іс-қимыл жоспарында қамтылған. Аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы іс-қимыл жоспарының орындалу барысына да тоқталды. Мұнда кәсіпкерлік, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу, адами капиталды дамыту, қоғамдық тәртіп, мемлекеттік жекешелік әріптестік сынды бағыттар бар.
Мәжілісте жылу маусымына дайындық жайы да қаралды. Бұл мәселе бойынша аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Өмірзақ Елеусінов хабарлама жасады. Ол алдағы жылу маусымына жан-жақты дайындық жүргізіліп жатқанын баяндап, ауданға көмірдің қажетті деңгейде жеткізілетінін мәлімдеді.
Жиын соңында аудан әкімі бірқатар сала басшысына нақты тапсырма беріп, халықпен етене жұмыс істеу қажеттігін ескертті.
Азиз БАТЫРБЕКОВ