«NUR OTAN»: КЕЗЕКТЕН ТЫС КОНФЕРЕНЦИЯ
«Nur Otan» партиясы Жалағаш аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаевтың төрағалығымен партия филиалының кезектен тыс XХV конференциясы өтті.
Конференцияда «Nur Otan» партиясы Жалағаш аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаншагүл Мұстафаева хабарлама жасап, биылғы 6 айда атқарылған жұмысты баяндады.
«Nur Otan» партиясы Жалағаш аудандық филиалы республикалық желілік кестеге сәйкес жұмыс істеуде. Партияның сайлауалды бағдарламасындағы мақсат-міндеттерді және Ұлт жоспарының 100 нақты қадамындағы, бес әлеуметтік бастамадағы бағыттардың жүзеге асырылуы бойынша бірнеше шара өтті. Осындай мәліметтерді тілге тиек еткен филиал төрағасының бірінші орынбасары партиялық жобалармен де жұмыс істеліп жатқанын баяндады.
Рас, тұрғындар мәселесін айтып, партия есігін қағып жатады. Мұндайда аудандық филиал қызметкерлері қолдан келген көмегін аяған емес. Тіпті қоғамдық қабылдау бөлмесіне келген жанның мәселесін мейлінше шешуге тырысатынын жұртшылық жақсы біледі. Қаншагүл Шоңмұрынқызының айтуынша, партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне биылғы 6 айда 48 арыз-шағым түскен. Түскен арыз-шағым бойынша тиісті жұмыс атқарылып, 11-і оң шешімін тапса, 37 өтініш бойынша заңдық кеңес берілген.
Сонан соң аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Жасұлан Еспенбет партия филиалы Саяси кеңесінің жаңа құрамымен таныстырды. Саяси кеңес құрамы бастауыш партия ұйымдарының жетекшілерімен және аудандық мәслихат депутаттарымен толығып, төрағалардың үлесі 50 пайызға артты.
Жиын барысында 9 маусым күні өткен Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында үгіт-насихат жұмыстарына атсалысқан партия белсенділері марапатталды.
“ЖЖ” ақпарат