» » Билік белесіндегі бірегей бетбұрыс

Билік белесіндегі бірегей бетбұрыс


2019 жылғы наурыз айының 19-ы мен дәл сол күнгі кешкі 19.00 егемен еліміздің саяси билік жүйесіне тыңнан түрен салған бетбұрыс сәт болып қалары күмән тудырмайды. Өйткені дәл сол күнгі, дәл сол сәтте еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз еркімен өкілеттігін тоқтатып, еліміздің көшбасшылық тізгінін ендігі жерде конституциялық заңға сәйкес Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсыратыны жөнінде республикалық телеарналар арқылы ресми мәлімдеме жасаған еді. Көрермендерге тосындау болып естілген Елбасының бұл мәлімдемесі басында ел ішінде болсын, халықаралық аренада болсын, оның ішінде алыс-жақын бауырлас елдермен қатар әлемнің алпауыт мемлекеттерінде де үлкен резонанс тудырған болатын. Дей тұрғанмен, Елбасының батыл қадамы көкейге қонатын парасатты шешім ретінде бағаланып, көпшіліктен қолдау тапты.
Сәйкесінше, Тұңғыш Президенттің Жарлығымен көшбасшылық тізгінді қолға алған Қасым-Жомарт Тоқаев ендігі жерде халықтың шынайы да заңды мандатына ие болу үшін өз Жарлығының негізінде елімізде кезектен тыс өткізілген президенттік сайлау­да бәсекелес үміт­керлермен тікелей сайысқа түсіп, прези­денттік мандатты ресми түрде жеңіп алды. Ал шындап келгенде, бұл жеңіс Пре­­зи­дент Тоқаевтың сайлауалды үгіт-на­сихат жұмысының өзегі мен ар­қауы­на айналған әділет, сабақ­тастық және даму сынды үштаған­ды ірге­тасқа негізделген, сондық­тан сайлау­шы­лардың басым көпші­лі­гінің кө­кейінен шыққан 10 бағыт­ты қамтитын стратегиялық тұғырнама­сының тікелей жемісі десек, артық айтқандық емес.
Айтса айтқандай-ақ, бүгінгі таңда нақты іске асырылуын Президент Тоқаевтың тікелей өзі қолға алып, қадағалап отырған тұғырнамасының ең басты объектілері Қазақстан Рес­пуб­ликасы Конституциясының бастапқы үш бабында тайға таңба басқандай мен­мұндалап тұр. Ондағы басты құн­дылықтар мыналар:
– Қазақстан Республикасы өзін де­мократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде ор­нықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары;
– Республика қызметінің түбегейлі принциптері: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық; бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму; қазақстандық патриотизм; мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен шешу;
– Қазақстан Республикасы – прези­денттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет;
– Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық.
Міне, дәл осы тұрғыдан келе­тін болсақ, жоғарыда аталған консти­ту­циялық құндылықтардың барлығы да Президенттің бағдарламалық жол картасы мен күллі ел кеңістігінде іске асырылуға тиісті төмендегі міндет­тер­ден айқын көрініс тапқан және олардың барлығы да халқымыздың, оның ішінде әр азаматтың үдесінен шығатын мүд­делер екені де дау туғызбайды.
– Тұрақты және қарқынды эко­но­ми­ка­лық өсім арқылы халықтың табысын арттыру;
– Cыбайлас жемқорлықты жою;
– Cот және құқық қорғау жүйесін реформалау;
– Мемлекеттік бюджеттің қара­жатын ең алдымен келешегі зор жо­баларға бөліп, жаңа жұмыс орындарын көбейту, халықты жалақымен қамту, ұлттық табысты әділ бөлу;
– Тұрғын үй мәселесін шешіп, түрлі санаттағы азаматтардың қолжетімді баспанаға ие болуын қамтамасыз ету.
Президент Қ.Тоқаев жоғарыда атал­ған бағдарламалық бағыттардың мүл­тіксіз орындалуы үшін ең алдымен қауқарлы әрі толық өкілетті Президент, ықпалды да іскер Парламент және мем­лекетіміздің ең басты құндылығы – халқымыздың алдында есеп беруді міндет деп санайтын Үкіметті мем­лекеттік биліктің формуласына ай­нал­­дыру керектігін де, сондай-ақ мем­­лекеттік қызметке тек қана ­мерито­к­­­­­­рат­тарды, яғни қадірлі және қасиетті аза­маттарды тарту керектігін де күн тәрті­біне шегелеп қойып отыр.
Өз бағдарламасында байтақ мем­ле­кетіміздің шешуші кезеңдерінде эко­номикамыздың тұрақты дамуына қатысты өзге де стратегиялық мә­ні зор мәселелерді мүлтіксіз ше­шу үшін Конституцияда аталған демо­кра­тиялық тетіктердің бірі ретінде Пре­зидент Қ.Тоқаев Ұлттық қоғамдық се­нім кеңесін құруды ұсынған еді. Бү­гінгі таңда бұл кеңес діттеген ме­жесіне де нақты қадам басып, Конституциямыздың 44-бабының 20-тармағына сәйкес тиісті ережелерімен қатар міндеттері мен құ­рамы да қоса жасақталып, Пре­зи­дент арнайы қаулысымен құ­рылды және бұл қаулының орындалуын бақылау Президенттің Әкім­­шілігіне жүктелді. Демек аталған құжатпен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің конституциялық стату­сы да қоса айқындалып тұр. Сондық­тан да болар, әлгі кеңес туралы хабар жұрт­шылыққа мәлім болған сәттен бастап, республикалық ақпарат құралдарында да, әлеуметтік желілерде де бұл оң жаңалық қызу талқыға түсіп, еліміздің зиялы қауым өкілдерінің тарапынан өте жылы қабылданып, негізінен, оң палитралы ой-пікірлер туындатты.
Шындап келгенде, дәл осылай бо­латын жөні де бар еді. Өйткені «кеңе­сіп пішкен тон келте болмас» дегендей, қоғамдағы саяси күштердің басын бір диалог алаңына тоғыстыратын және Президенттің тікелей өз бас­шы­лы­ғымен жұмыс атқаратын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің болуы кө­кейкесті мәселе-тін. Енді, міне Пре­зиденттің стратегиялық бағдарламасын іске асыру барысында билік пен халық арасына сызат түсіп қалудан алдын ала сақтандыратын да, көпшіліктің мұң-мұқтажын билікке дер кезінде жеткізетін де осы кеңес болары күмән тудырмайды. Сонымен қатар билік тарапынан елдің ішкі-сыртқы саясатына қатысты тағдыршешті шешімдер қабылдау кезеңдерінде де бұл кеңестің үлесі сүбелі болмақ. Оған қоса қандай да бір сын сағаттарда ешбір бұра тартушылыққа жол бермейтін де осы кеңес болса, оның абырой-атағы арта түсетіні де қақ.
Тек осылай болса ғана Кеңестің ақыл-кеңестері мен уәждеріне Пре­зидент қана емес, Парламент депу­тат­тары да, Үкімет мүшелері де, өңір басшылары да тең құлақ асаты­ны күмәнсіз. Демек бұл Кеңес мүшелерінің алдында «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» демекші, нағыз абызға тән жауапкершіліктің үлгісі болу міндеті де күтіп тұрғанын естен шығармаған жөн.
Сондықтан президенттік қыз­ме­тіне кірісер алдында еліміздің Тәуел­сіздік сарайында өткен салтанатты шарада Қасым-Жомарт Тоқаев жоға­рыда аталған бағдарламаның маңыз­ды­лығымен қатар, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мақсат-мүддесіне де кеңірек тоқталған болатын. Ендеше Президенттің күллі жұртшылық назарына ұсынған бағдарламалық сөзінің түйінді тұстарын да атап өтсек, артық болмас.
Біріншіден, Қазақстанның жарқын болашағы үшін дауыс берген әрбір азамат пікірінің маңызды екенін бағалай отырып, Президент татулық, ынтымақ, бірлік деген қасиетті ұғымдардың хал­қымыз бен мемлекетіміздің ең басты құндылықтары екенін айшықтап, ол құндылықтарды көздің қарашығындай сақтау баршамыздың ортақ парызымыз екеніне де ерекше назар аударды.
Екіншіден, Президент еліміздің әрбір азаматының мүддесін қорғау өзінің ең басты міндеті екенін тағы да алға тарта отырып, саяси көзқарастары мен ұстанымдарының әртүрлілігіне қарамастан, оларды бөлуге еш жол бермейтінін, сондай-ақ түрлі саяси тұлғалар мен қоғам қайраткерлерінің ортаға салар құнды ұсыныстары мен бастамалары болса, оларды міндетті түрде ескеретінін және жауапкершілігі зор мемлекеттік қызметінде ашық та, әділ де әрі заңға сәйкес адал қызмет атқаратынын ешбір бүкпесіз жеткізді.
Сөз соңын осымен тұйықтай келе, дана халқымыздың мемлекет көш­басшысы мен биліктің барлық бұтақ­тарынан күтіп отырғаны да осындай шешімдер демекпіз. Ендеше жұ­мылған жұдырықтай, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, Пре­зиденттің заманауи баста­ма­лары­ның іске асуына бір кісідей атса­лысайық, ағайын!

Әділ АХМЕТОВ,
Мемлекет және қоғам қайраткері
“Еgemen qazaqstan”
10 тамыз 2019 ж. 706 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930