ЖАСТАРДЫ ЖІГЕРЛЕНДІРГЕН БАЙҚАУ
Мәдениет және өнерді дамыту орталығында «Kyzylorda Business Hub» облыстық жастардың стартап жобалар байқауының бірінші кезеңі өтті.
Байқау 3 кезеңнен тұрады. Алғашқы айналым StartUp-Weekend-те барлық аудан бойынша 400-ден астам қатысушы арасынан іріктеу жүріп, екінші кезеңде Camp-work – жартылай финалға суырылып шыққан 80 қатысушымен бизнес лагерь ұйымдастырылады. Ал қалған 3 кезеңде, яғни финалда үздік 20 жоба арасындағы жеңімпаздары анықталып, инвесторлық қолдау көрсетіледі.
– Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Business Start» инновациялық жобаларды жүзеге асыру орталығы мен облыстық жастар масәлелері басқармасының ұйымдастыруымен өткен бұл жоба байқауы 16-29 жас аралығында бизнес жасауға мүдделі жас кәсіпкерлердің өз идеясын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Жоба авторы Жандос Оразмаханов байқау арқылы жастардың кәсіпкерлік сана және кәсіпкерлік дағдыларын дамыту, беделді кәсіпкерлерден сабақ алу және бірлесе жұмыс жасау, жобаға ақшалай сыйақылар және инвесторлық көмек көрсетілетінін жеткізді, – дейді аудандық «Жастар ресурстық орталығының» кеңесшісі Асыл Қанбаева.
Айта кетейік, жоба жеңімпаздарына І орынға 500 мың, ІІ орынға 250 мың, ІІІ орынға 150 мың теңге табысталады. Бұл байқауға ауданымыздан 14 жоба қатысып, оның 10-ы келесі кезеңге жолдама алды. Сонымен қоса "70 000 теңге» ақшалай сыйлыққа – «Інжу» фотостудия жобасы, «50 000 теңге» ақшалай сыйлыққа – «Ақбаян» сән салоны мен «Relax» массаж салоны ие болды.
Шара соңында жоба ұйымдастырушылары бұл байқаудың жыл сайын өтіп тұратындығын жеткізді.
Н.ЖАНҰЛЫ