» » “Еңбек даңқы” – еңбеккердің кеудесінде

“Еңбек даңқы” – еңбеккердің кеудесінде

Күрішке орақты ерте салған Бұқарбай батыр ауылындағы «Байтабын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жиын-терім науқанын мол табыспен аяқтап, қырманды қызылға толтырды.
«Байтабын» ЖШС биыл 1400 гектар жерге күріш, 700 гектарға жоңышқа және мақсары егіп, еңбекқор жұрттың тынымсыз тірлігінің нәтижесінде егін бітік шықты. Күріштің әр гектарынан 77 центнерден өнім алып, байтабындықтар соңғы бірнеше жылда болмаған рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Ал қосалқы шаруашылықтардағы егін әр гектарынан 72-73 центнерден айналып, 98 мың тонна астық жиналды. Жоңышқаға үш рет орақ түсіп, ауыл тұрғындары мал азығын да қамдап алды.
Серіктестік төрағасы Сапарбек Мыхановтың айтуынша, күріш жинау науқанына 5 ХТЗ, 5 жатка, 6 комбайн және астық тасуға арналған бірнеше техника жұмылдырылған.
– Соңғы үлгідегі техниканың көмегімен күніне 300 тоннадан астам астық қыр­манға құйылып, комбайншылардың алды 15000 центнер астық бастырды. Атап айтатын болсақ, №1 бригададан Болат Ділдәбеков 83 центнерден, №2 бригададан Тәңірберген Әбілдаев 75 центнерден және шаруа қожалықтардан Асылбек есімді азамат 68 центнерден өнім алды. Қамбаға 460 тонна тұқым құйылды. Қазір бригадалар сүдігер көтеріп, келесі жылғы егіске дайындық жүргізуде. Ауыр техниканы жетік меңгерген күріш озаттары, сушыларға сыйақы тағайындалатын болады. Биыл сушылардан бастап, механизаторларға дейін 45 пайызға айлық-жалақысын көтердік. 100 гектарға қарайтын сушылар 114 мың, ал механизаторлар 200 мыңның үстінде жалақы алады. Осы жылы мол өнімге қол жеткіздік. Егін бітік шықса ел несібесі, диқан қауымының еселі еңбегінің жемісі, – деді серіктестік басшысы.
Күрішті күтіп-баптаумен, оны ысырапсыз жиып-теруге 111 тұрғын жұмысқа тартылған. Соның ішінде қыр­мандағы астықты тазалауға 2 ауысыммен 40-қа жуық адам еңбек етеді. Осыншама ауыл азаматтарын еңбекке тартқан серіктестік басшысы еңбекке ынта­ландыру мақсатында әрдайым сыйақы ұсынып оты­рады.
Былтыр байтабындықтар біршама техникаларын жаңалап алды. Германиядан күріш ақтайтын арнайы құрал-жабдық алдыртып, автоматтандырылған «Petkus» зауытын салды. Немістің «Petkus» құрылғысы әлем бойынша тұқым өңдеу саласының майталманы ретінде әлдеқашан мойындалып қойған. Серіктестіктің осы заманауи күріш ақтау құрылғысына көңіл бөлуі де содан. Бұл озық технология қондыруға, құрал-жабдыққа, оның құрылыс жұмыстарына жалпы құны 48 млн теңге жұмсалған. Әрине аз қаржы емес. Десек те, күріш шаруашылығын дамытып, өнім сапасын арттыру мақсатында осындай іске бел шешіп кіріспесе, тағы болмайды. Қырман басындағы мамандардың сөзінше, бұл жабдықтар күрішті қолмен айырғандай өңдейді екен. Алдымен тұқымдыққа арналған күрішті әкеп салады. Бір шетінен таза, сапалы өнім беретін тұқым шығып жатады. Екінші жағынан өнім бермейтін, бірақ пайдалануға болатын күріштерді бөлектеп тастайды. Тағы бір жағынан күрмектерді аршып алады. Бір сөзбен айтқанда, сапалы дүние екені көрініп тұр.
Осындай заманауи құрылғылардың көмегімен ша­руашылықтың шаруасы да ширай түсті. Кеше ғана облыс орталығында өткен "Алтын дән – 2019" сал­танатты жиынында облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов ауыл шаруашылығы саласының күзгі егіс науқанының қорытындысымен Жалағаш ауданын "Үздік аудан" номинациясымен марапаттап, І дәрежелі "Еңбек даңқы" төсбелгіні "Байтабын" ЖШС төрағасы Сапарбек Мыхановтың кеудесіне тақты.
Айта кетейік, ел алдында еңбегімен қадірлі «Байтабын» ЖШС басшысы Сапарбек Мыханов – Бұқарбай батыр ауылының тумасы. Жастайынан дала жұмыстарының дүбіріне ілесіп, ауыл тірлігінің жай-жапсарын жадына түйіп өсті. Сондықтан болар, еңбек жолында жиған мол тәжірибесін туған ауылының тұрмыс-тіршілігін нығайтуға бағыттады. Бүгінде, ауылдың әлеуметтік саласын көтеруге атсалысып, елдегі егін шаруашылығының табысын еселеуге аянбай күш-жігерін жұмсап келеді.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ

15 қазан 2019 ж. 672 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930