БЕРЕКЕЛІ МЕЗГІЛДІҢ БЕРЕРІ МОЛ
Атырапқа алтыннан шашу шашып, елдің ырысын тасытқан берекелі күздің де соңғы айы басталды. Сыр елінің дихандары Жер-Ана төсінен өнген дәнін ысырапсыз жинап алып, арқасын кеңге салды. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері жаз бойғы еңбегінің жемісінен халыққа да дәм татқызу мақсатында жәрмеңке өткізуді үрдіске айналдырған. Әрине, маңдай термен келген еңбектің бағасы болуы керек. Алайда жайма жәрмеңкеден тұтынушылар өздеріне қажетті азық-түлікті базар бағасынан әлдеқайда арзанға табады. Күз айында ауыл шаруашылығы өнімдерімен жарылқайтын осы берекелі базарды тұрғындардың асыға күтетіні де сондықтан.
Өткен сенбіде Жалағаш кенті, Абай көшесінің бойында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Таң азаннан кент орталығы думанға бөленді. Аталған көше бойына ұзыннан сөрелер қойылып, қаз-қатар көліктер тізіліп қалды. Азық-түліктің барлық түрі бар. Кент ішінен және ауылдық округтерден 70-ке жуық көлікпен 14 млн теңгені құрайтын 54 тонна өнім әкелінді. Өнімдер нарық бағасынан 10-15 пайызға арзандатылып сатылды.
Мәселен, Сыр маржаны – күріштің 1 келісі – 200-250 теңгеден, ал, қабы – 5000-6250 теңгеден, картоп – 70-80 теңгеден, жуа – 60 теңгеден, сәбіз – 70 теңгеден, қырыққабат – 100 теңгеден, қызанақ – 200 теңгеден, қияр – 200 теңгеден, асқабақ – 70 теңгеден, қант қызылшасы – 90 теңгеден, болгар бұрышы – 100 теңгеден, сиыр еті – 1600, жылқы еті – 1800 теңгеден сатылды. Сонымен бірге аудан халқы жәрмеңкеден балық, бау-бақша өнімдері және экзотикалық жемістер, жеміс-жидектерден қайнатылған тосаптар, бордақыланған уақ мал және мал азығындық жем-шөп, қысқы жылу маусымында тұтынатын жыңғыл отынын қолжетімді бағаға алды. Жәрмеңкеге кондитерлік өнімдер және сүт өнімдері де шығарылды. Жәрмеңкеге жиылған халықта қисап жоқ. Дәл осы күні еңбеккерлердің арасында күздік несібесінен жұртшылыққа кеусен үлестіргендер де болды.
Сауда алаңын аралап шыққан аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев аудан халқына жеңілдікпен жәрмеңке ұйымдастырған дала еңбеккерлеріне ризашылығын жеткізді. Түс ауғанша тарқамаған алтын күз мерекесі көптің көңілінен шығып, жалағаштықтар алғыстарын білдірді.