» » ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДЫ ЕЛІ ЕСКЕ АЛДЫ

ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДЫ ЕЛІ ЕСКЕ АЛДЫ

"Жақсы адам өлсе, халқының жүрегіне жерленеді". Ұстаздық еткен жылдарында бірнеше буын ұрпаққа әріп үйретіп, адами тұлғасын қалыптастырып, тәрбиелеп шығарған КСРО және "Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері" Зият Қалыбековты елі сағынышпен еске алды.
Зият Қалыбеков 1929 жылы 5 қа­занда Ақсу ел­ді мекенінде дүниеге келді. Ең ал­ғаш Қалжан ахун мешітінен қара танып, сауат ашқан ол өткен ғасырдың ортасында Ақсу ауылындағы №116 орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып алғашқы еңбек жолын бастайды. Одан кейінгі жылдары білім беру саласында қажетті мамандардың жетіспеуіне байланысты Жалағаш сов­хозы, Сарыкөл елді мекеніндегі білім ошақтарында ағарту жұмыстарын жүргізеді. Зият ағамыздың білім са­ла­­­­сындағы іскерлік тәжірибесі ес­ке­­­ріліп, бастауыш сыныптар ара­сын­да өткізілген республикалық семи­­нарда жұмыс тәжірибесі үлгі ретінде республика көлеміне тара­ты­лады. Бір­неше мәрте семинар кеңес­терде бастауыш сыныптардың білімін жетілдіру жайында баяндама жасап, одақ көлемінде өткізілген съездерге аудан ұстаздарының атынан делегат болып қатысады. Сонымен қатар ұрпақ тәрбиелеп, ұлтты қалыптастыруға көп еңбек сіңіріп, сүбелі үлес қосқан ұлағатты ұстаз "Ерен еңбегі үшін", "Еңбек ардагері" медальдарымен, "Аға мұғалім" атағы мен "ССР ағарту ісінің үздігі" белгілеріне ие болды.
Өткен апта соңында Ақсу ауылдық клубының ұйымдастыруымен Зият Қалыбековтың 90 жылдығына арнал­ған "Жанына жас ұрпақтың шуақ шашқан" атты жыр мүшайра өтті. Сахна шымылдығы түрілгенде ортаға қолына мәңгі сөнбейтін білім шырағ­данын ұстаған ақ киімді кейіпкер шығып ұстаздық жолдың ең азапты да, ләззатты сапар екенін жеткізсе, оның айналасындағы шәкірттер бейнесін сомдаған кейіпкерлер кеш иесінің еңбек жолындағы барлық жетістіктерін сахналық қимылдар арқылы көрерменнің жүрегіне жал­ғады. Ұлағатты ұстазды еске алуға ар­нал­ған шарада Зият Қалыбековтың за­­мандастары, әріптестері, шәкірттері естеліктер айтып, кеш иесінің адам­гершілік асыл қасиеттері арқылы тұлғасын аша түсті, есімін ұрпақ жадында қайта жаңғыртты. Әсіресе, әріптес ізбасарлары мен шәкірттері ол кісінің бойындағы терең білімі және сабақ өту әдісінің ерекшелігімен бірге қандай іске де зор жауапкершілікпен қарайтындығын, ұқыптылығын, талап­шылдығын, қарапайымдылығын, кіші­пейілдігін, бауырмалдығын үлкен тебі­ре­ніспен еске алды.
Есімін елі ұлықтаған ұлағатты ұстаздың ұрпақтары шара соңында жиылған халыққа және кештің өз дәрежесінде өтуіне атсалысқан барша азаматтарға, Ақсу ауылдық клубы ұжымына және аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздарына алғыс айтып, ауылдық мәдениет үйіне бағалы сыйлық тарту етті.
Бұл мүшайраға кілең жүйріктер қатысты. Сахна төріне көтерілген қаты­сушылар жас болса да, сақа ақындар секілді күркіреп жыр оқыды. Мүшайраның ережесі бойын­ша талапкерлер алдымен Зият Қалыбековтың тұғырда тұрған тұлғасын жан-жақты ашып көрсететін арнауларын оқыса, екінші бөлімде өз шығармашылығынан бір өлеңін оқуы тиіс. Иә, расында бұл жолы жас ақындар жақсы дайындықпен келгенін аңғартты. Қазылар тарапынан мүшайраға қаты­сушылардың сахна мәдениеті, өлеңді оқу мәнері, дауыс ырғағы секілді та­лаптар қатаң қадағаланды және сол бойынша әр ақынға өзіне тиісті бағасы берілді. Сахнада жыр оқыған барлық ақын да еңбегі мүшайраға арқау болған ұлағатты ұстазға арнаған жүрекжарды жырларын алып келгені көрініп тұр. Жырларындағы соны тіркестер, бұрын-соңды есітмеген тың теңеулер кө­­­рерменді елең еткізді. Алайда, бәйге болған соң жүз жүйріктің ішінен бір жүйрік қара үзіп, суырылып алға шығуы тиіс. Мүшайрада оқылған өлеңдерді өзара сарапқа салған қазылар бас жүлдеге Еңбек ауылынан келген жас ақын Злиха Жаңабайды лайық деп тапты. Расында, Злиханың жастықтың жалынымен жазылған жырлары көпшіліктің де көңілінен шығып, зор қошеметке бөленді. Жүлделі І орынды Ақсу ауылының жас ақыны Амангелді Мадияр жеңіп алды. ІІ орынды Мәдениет ауылынан келген Қорғанбек Қарақат иеленсе, ІІІ орын Есет батыр ауылының ақыны Отар Еркебұлан мен Далдабай ауылынан келген Қазбек Бақтыбайұлына бұйырды. Барлық жеңімпаздар Зият Қалыбековтың ұрпақ­тары, атап айтсақ, ауданымызға белгілі кәсіпкерлер Әбдіқаппар Боранбаев пен Анар Қалыбекова, ардагер ұстаз Тымар Қалыбекова және 1975 жылы мектеп бітірген шәкірттері тағайындаған ба­ғалы сыйлықтармен және "Алғыс хат­тармен" марапатталды.
"Жақсының аты өлмейді, ғалым­ның хаты өлмейді". Жиылған қауым та­ғылымды кештен ұстаздар есімі­нің шәкірттерінің жадында мәңгі ар­дақ­та­ла­тынын, ұстазға деген ел құр­метінің ерекше екенін тағы бір сезініп қайтты. Кеш барысында ауыл­дық клубтың өнерпаздары ән-жырдан шашу шашты.

Қуат АДИС

05 қараша 2019 ж. 525 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930