БАБА РУХЫНА ТАҒЗЫМ
«Алтын дән – 2018» мерекесі қарсаңында Жалағаш ауданы үш бірдей тұлғасын еске алып, өнегелі өмір жолын кейінгі буынға дәріптеген еді. Олардың қатарында ағарту саласында айтарлықтай қолтаңбасы қалған қоғам қайраткері Ілияс Қабылов та бар. Мереке қарсаңында Дәуімбай елді мекенінен танымал тұлғаға арнайы ескерткіш орнатылды.
Өткенін ұлықтайтын ел барда ерлердің ерен ісі қашанда жұртының жадында жаңғыра береріне біз көз жеткіздік. Былтыр ғана 115 жылдығы кең көлемде аталып өткен атпал азаматтың саналы ғұмырын өскелең ұрпаққа насихаттау мұнымен шектелмесі сөзсіз. Жуырда философ, ағартушы Ілияс Қабыловтың қайтқан күніне орай Дәуімбай елді мекенінде еске алу шарасы өтті.
Мәдениет ауылындағы І.Қабылов атындағы №32 мектеп-лицейі мен ауылдық кітапхана ұжымы ұйымдастырған шарада ақсақалдар қайраткердің өмір жолынан естеліктер айтса, аталған білім ошағының оқушылары өздерінің арнау өлеңдерін оқыды. Сондай-ақ, қатысушылар ескерткіш алдына гүл шоғын қойын, баба рухына тағзым етті.
«жж» ақпарат.