Рәміздерді құрметтеу – Отанға деген сүйіспеншілік
Жас ұрпақты отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеу тәуелсіз мемлекетіміздің басты мақсаты және бұл тек мемлекеттің ғана мойнындағы міндет емес, әрбір қазақстандықтың перзенттік парызы, азаматтық борышы. Отанын шын сүйе алмаған, өз елінің қадір-қасиетіне терең бойлай алмаған адам өз елінің нағыз патриоты болып қалыптаспайды. Ондай жасөспірім еліне де шынайы қызмет ете алмасы анық. Сондықтан бүгінгі жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу ісі өте маңызды.
Елдік нышанымыз – Ту, Елтаңба және Әнұран мемлекетіміздің рухын асқақтатып тұр. Осы мемлекеттік рәміздеріміз арқылы бізді бүгінде әлем елдері таныды, білді. Көк Туымыз талай мәрте еліміздің жеңісін паш етіп көкке көтерілгенде көзімізден моншақтап қуаныштың жасы төгілді. Әнұранымыз тәуелсіз елдің даңқын асқақтатып аспан астын кернеп шырқалғанда кеудемізге рух қуатын құйды. Әлем жұрты Елтаңбамыздан өткеніміз бен бүгінімізді көріп, бізді ұлы халық ретінде мойындады. Сондықтан біз осы мемлекеттік рәміздеріміздің қадір-қасиетін, киесін жас ұрпақтың бойына сіңіруден жалықпауға тиіспіз.
«Nur Otan» партиясының қолдауымен мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге арналған патриоттық сипаттағы акция сонау Алатаудың баурайындағы “Медеу” мұз айдынынан бастау алған еді. Аталған шара ауданымызда жалғасын тапты. Жалағаш индустриалды аграрлық колледжінде қазақстандық жастар арасында патриоттық сезімді нығайтып, мемлекеттік туды насихаттау және жастарды патриотизмге тәрбиелеу мақсатында "Менің Туым, менің Отаным" атты акция өтті. Шараға «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаншагүл Мұстафаева, аудандық мәслихат депутаты, аудандық жастар ресурсы орталығының директоры Ерхан Бақбергенұлы, «Jas Otan» жастар қанатының Жалағаш аудандық бөлімшесінің басшысы Нарбота Серәлі, колледж студенттері, оқушылар және мұғалімдер қатысты.
Салтанатты шараны ашқан Қаншагүл Мұстафаева акцияның негізгі мақсатына тоқталып, мемлекеттік рәміздердің құндылығын атап өтті.
– Отанның қадір-қасиетін сезіну үшін бір сәт Мемлекеттік Туға қарап тұрып Әнұранды шырқасаң, жүрегіңнен елге, жерге деген сүйіспеншілік оянып, қаның тулайды, – деп жастарға патриоттық серпін берді. Сонымен бірге Ерхан Бақбергенұлы Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу Отанға деген сүйіспеншіліктен басталатынын, өйткені елдігімізді айшықтап тұрған рәміздерде біздің ғасырлар бойғы тарихымыз, өмір-салтымыз, ар, намысымыз, рухымыз тұнып тұрғанын жеткізді. Өз кезегінде белсенді жас Нарбота Серәлі отанды сүюдің үлгісі айшықталған жалынды жырын оқып, жастарды еліміздің келешегі үшін атқарылар игі бастамаларды бірлесіп атқаруға шақырды. Колледж басшысы Ғани Серікбаев студенттер мен қонақтарға республика аумағында өтіп жатқан акция жайында айтып, аталған шараның қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға ықпалын тигізетінін жеткізді.
Иә, расында отандық патриотизм – елдікті, мемлекеттілікті саналы түрде сезіну, туып-өскен жерін қадірлеу, ана тілін жетік меңгеріп, оған құрметпен қарау. Отанның мүддесін ойлау, туған жеріне деген адал, азаматтық сезіммен еліңнің гүлденуі үшін еңбек ету.
Қ.АДИС