Жалағаш жастарының жетістігі
Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда Жалағаш ауданы белсенділік танытып келеді. Бұл орайда аудандық Жастар ресурстық орталығының атқарып келе жатқан жұмысын жоғары бағалауға болады. Жуырда осы сөзімізді жастарымыз тағы да бір дәлелдеп, "Жасыл ел" жастар еңбек жасағының жұмысын жүйелі үйлестіргені және тазалық мәдениетіне қосқан үлесі үшін "Жастар ресурстық орталығы" Жалағаш аудандық бөлімшесі "Үздік аудан – 2019" номинациясына ие болды.
Өткен аптада Қызылорда қаласында Жалағаш ауданы жастарының күні өтті. Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан жаңа зәулім ғимараттағы көпшілік шараға Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Шарабан Қалыбаев, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов, облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Бауыржан Мәстеков және бірқатар бөлім басшылары мен жастар қатысты.
Бағдарлама аясында «Жалағаш жерлестерімен мақтанады» атты кездесу өтті. Кездесу барысында жастар облыс көлемінде түрлі саланың тізгінін ұстаған жерлестерімізбен сұхбаттасты. Олардың қатарында облыстық ішкі істер саласының ардагері Құсайын Қоразбаев, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов, қалалық оқушылар үйінің директоры Ғалым Баймырзаев, қалалық мәслихат аппаратының бөлім басшысы Манат Шәймерденова және жыршы-термеші Бейсенбек Төлеубаев бар. Аға буын өкілдері мен жастардың арасында тығыз байланыс орнатуды көздеген кездесудің кейінгі буынға берер тағылымы мол болды. Олар бағдарламаның жұмыс кестесіне сәйкес жастармен бірге қала орталығындағы Бұқарбай батыр, Ғани Мұратбаев, Батырхан Шөкенов ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, естелік суретке түсті.
Бір күнге жоспарланған шараның басы аудан жастарының жетістіктерін насихаттаудан бастау алды. Ғимарат ішінде сән-салтанаты жарасқан этноауыл жасалған. Қанатын жайған киіз үйдің керегесі кеше мен бүгінді жалғап тұрғандай әсерге бөледі. Шұбат шайқап, қымыз сапырған ұлттық киімдегі қыздарымыз дастарханға қойылған ұлттық тағамдар мен сусындар және басқа да сүт өнімдерін дайындау жолдары мен тәсілдерін, оның денсаулыққа пайдасын тарқатып айтып берді. Шара барысында көпшілік ашық көрмеден жалағаштық қолөнершілер мен зергерлердің, жас суретшілердің туындыларын тамашалап, олардың жасалу технологиясымен танысты. Жас спортшылардың да жетістіктері бей-жай қалдырмады. Әсіресе робототехника үйірмесінің жас өнертапқыштарының ғылыми еңбектері мен ізденістері көрерменді таңғалдырды. Бұдан басқа аудан аймағынан табылған тарихи жәдігерлер мен аудан туралы жарық көрген кітаптардағы мағлұматтар көпшіліктің өңірімізге деген қызығушылығын арттыра түсті. Сондай-ақ бір бұрышта арнайы орналасқан жас мамандар мемлекеттік бағдарламалар жайында кеңес берсе, «Гламур», «Ақбаян» сән салондарының акциясы аясында келген қонақтарға бет әрлеу, тырнақ бояу, шаш сәндеу қызметтерін тегін көрсетті.
– Мемлекет бүгінгі жастарға үлкен сенім артып отыр. Халқымыз қашаннан жастарға жауапкершілік жүктеген. Сондықтан бүгін біз де мемлекеттің, халықтың сенім үдесінен шығуға тырысып келеміз. Жастар әрқашан аудандық шаралардың айналасынан табылады. Ел ертеңі үшін жасалып жатқан үлкен істерден тыс қалмай, тамшыдай болса да үлес қосып келеді. Бұл шараның да негізгі мақсаты – аудан жастарының жұмысын насихаттау, халыққа көрсету және өзге аудандармен тәжірибе алмасып, өзімізде жоқ нәрсенің орнын толтыру, – дейді аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Ерхан Бақбергенұлы.
Бір күндік шараның тағы бір маңыз беретін бөлігі – "Жастар отбасын құруға неге асықпайды?" деген тақырыптағы ашық алаң форматында өткен ток-шоу. Ток-шоуға қатысқан жастар тақырыпты талқылауда аса белсенділік танытып, өз ойларын ортаға салды. Бүгінгі күні өзекті мәселеге айналып отырған демографиялық ахуалға алаңдайтындарын білдірді. Ал "Наркескен" спорт клубының ұйымдастыруымен өткен гір тасын көтеру, қол күресі, арқан тартыс секілді бұқаралық спорт түрлерінен жастар бақтарын сынап, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Шара барысында басқарма басшысы Қуаныш Жанұзақов және аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов сөз сөйлеп, жастар жылы аясында жасалып жатқан бұл жоба тәжірибе алмасуға үлкен септігін тигізетінін айтты. Өз кезегінде Жағыпар Айтбайұлы Жалағаш ауданының 80 жылдығы қарсаңында жарық көрген аудан тарихынан сыр шертетін кітаптарды және Бұқарбай батырдың күріш дақылымен салынған портретін облыстық жастар орталығы ғимаратына аудан атынан тарту етті.
Шара соңы Жалағаш ауданы жастарының концертімен қортындыланды.
Қуат АХЕТОВ