АСАБАЛЫҚҚА ӘЙЕЛДЕР ДЕ КӨШКЕН БЕ?
Кезінде ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен Мөңке би өз заманында қолбасшы әрі би шешен Сырымға келіп түс көргенін айтады. Сырым түстің жайын тыңдап болып, оны жоруды Мөңкенің қызына беруді шешеді. Бірақ ол үш рет шақырту жібергеннен кейін әрең келеді. Қыз Сырымға «Түс адал түс, қияли түс, шайтан түс деп үшке бөлінеді. Мұны қай түске жатқызарымды білмеймін, бірақ шешімін айтайын депті. «40 ат дегеніміз – мұсылманның 40 парызы орындалмай қалатын заман болады екен; 30 аттың бәйгеден келмей қалатыны – 30 күн ораза ұстамайтын заман туады екен; 5 аттың төртеуі келмей, біреуі келгені – бес уақыт намаз қаза болып, оны біреу оқып, біреу оқымайтын кез келеді екен; қасқырдың шыққаны – кісінікін тартып алып, ұрлап жейтін зорлықшыл заманның туатыны шығар; Түлкі шыққаны – алдаушы мен арбаушы көбейетін, түлкідей бұлаңдаған заманның күтіп тұрғаны шығар; қоян шыққаны – ұрпақ үрейленіп өсетін, көлеңкесінен қорқып жүретін заман болар. Маған түс жорытқандарыңыз қате болды, күндердің күнінде әйел билеген заман келеді. Ол заманда әйелден ұят кетеді, еркектен намыс қашады, менің үш рет шақырғанда зорға келуімнің сыры осында еді» депті Мөңке бидің қызы.
Біздің қолымызға қалам алдырған жайт та осыған ұқсас болып отыр. Қазіргі кездегі той-томалақтағы асыра сілтеу, ысырапшылдық, бәсеке сынды «әттеген-айларды» талай журналистер мақаласына арқау етуде. Біздің де бүгінгі әңгімеміздің тұздығы той жайында өрбімек. Нақтырақ айтсақ, той-томалақтың сәнін келтіріп, көптің көтеріңкі көңіл-күймен қайтуын мойнына жүктеп алатын асаба турасында болмақ. Расымен, тойдың тізгінін ұстаған асаба өз ісіне шебер болса, жалғыз өзі жүріп-ақ бір күнгі қуанышты ұмытылмас бақытты сәтке айналдырып, елдің есінде қалдыруға тырысады. Қазақ «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деп, сол қуанышты күнге күні бұрын қамданады. Әсіресе тойын ойдағыдай өткізіп, көптің көңілін күпті етпеуді ойлап, той тізгінін сеніп тапсыратын асабаны ерте сайлап қояды. Қазір де солай. Мықты асаба той үстінде қиыннан қиыстырып сөз саптап, әдемі сөз, тапқырлық, көпті басқара білетін ұйымдастырушылық қабілетін іске қосып, той-жиынның сән-салтанатпен өтуіне күш салады.
Асабалық – бұл да өнер. Қазір асаба көп. Халық өз талаптарына сай және қалтасына қарай таңдай алады. Ертеректе асабалық қызметке ең құрметті, сыйлы, жұртты ұтымды сөзімен ұйыта білетін адам тағайындалатын болған. Ол өзіне жүктелген міндетті соңына дейін атқарып шығады. Әрине қаншама адамды басқарып, той иелерінің талап-тілегін мойнына алатын бұл қызмет иелері ер кісілер болатын. Соңғы уақытта елімізде той тізгінін әйел асабаларға сеніп тапсыратындар көбейді. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі жаңалықты лезде көз алдыңызға әкелетін әлеуметтік желіде осы турасында саналуан пікір толып жатыр. «Әйел бастаған көш оңбайды», «Байтал шауып бәйге алмас» деп өз сөзін түйіндеген оқырман көп. Менің де көзім бір оқиғаны шалып қалды. «Қызылордадағы әйел басқарған тойды ақсақалдың бірауыз сөзі тоқтатты» деген желеумен тараған ақпарат желіні шулатуда. Сөйтсек, өңіріміздің шалғай ауылында той иелері асабалық қызметті әйел адамға тапсырған екен. Мұны той басталарда бір-ақ білген әулеттің үлкен ақсақалы шу шығарыпты. «Әйел басқарған ел оңбайды, асабаны ауыстырмасаңдар, мұндай тойға куә болғанша қатыспағаным жақсы» деп той иелеріне талап қойған көрінеді. Содан кейін көрші ауылдан ер асаба алдырып, ақсақалдан, әулеттің үлкендерінен кешірім сұрап, тойларын өткізіпті.
Қарап тұрсаңыз, ақсақалдың дер кезінде өтімді сөз айтып, кемшілікті жөнге келтіруі көпке үлгі боларлықтай іс. Тағы бір жерде келіннің бетін әйел адам ашыпты. Бұл да біздің қоғамда орын алып жатқан келеңсіздіктердің бірі. Онсызда салт-дәстүрден алыстап бара жатқан қоғам енді «Еркек тұрып әйел сөйлесіннің» кебін киюде. Сонда асабалық әйелдерге көшкен бе? Билікті де, мансапты да, ендігі жерде той-жиынды басқаруды да әйелдерге ұстатсақ, ер азаматтардың қадір-қасиетін жоғалтып алмаймыз ба? Сіз қалай ойлайсыз, қадірлі оқырман?
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ