АЛАШТЫҢ БАҒЫНА ТУҒАН АҚЫН
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Темірше Сарыбайұлының 78 жылдық мерейтойына арналған «Шындық-Тәңір» атты дәстүрлі облыстық жазба ақындар жыр мүшәйрасы өтті.
Шараны аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов ашып, жыр бәйгесіне түскелі тұрған талантты жастарға сәттілік тіледі.
Мүшайраға облысымыздың әр ауданынан және Қызылорда қаласынан 12 ақын қатысты. Байқау екі кезеңнен тұрды. Алдымен жас ақындар өздерінің Темірше Сарыбайұлына арнаған арнау өлеңдерін оқыса, екінші кезең еркін тақырыптағы өлеңдерге берілді.
Жыр додасына Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Мұхамеджан Нұрханов, мәдениет қайраткері жыршы-термеші, Берік Саймағанбетов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің бас редакторы Азиз Батырбеков қазылық етті.
Жас дарындар арнаулары арқылы Теміршедей ақынның өнегелі өмір жолы мен кісілік келбетін ашуға тырысты. Әр жырынан шындықтың лебі есетін Сарыбаевтай Сыр сұңқарының бейнесін бір өлеңге сыйғызу мүмкін емес. Оның поэзиядан бөлек, журналистика саласында да өшпес ізі қалды. Айтысты телевизияға шығарушылардың бірі ретінде де тарихта қалған тұлғаны елі ұмытпасы анық.
Мүшайраның қорытындысымен аралдық Сәния Жақыпова ІІІ орынды алса, қызылордалық Орынбасар Бексұлтан ІІ орынға қол жеткізді. Жыр додасында өрнекті өлеңімен дараланған жалағаштық Темірбек Сәрсенбайұлына І орын берілсе, шиелілік Рыскелді Жахман бас жүлдені қанжығасына байлады. Жеңімпаздар және барлық қатысушыларға арнайы алғыс хаттар мен дипломдар, қаржылай сыйлықтар берілді.
“ЖЖ” ақпарат