ҚАЙЫРЫМ ҚЫЛУ ҚАСИЕТІ

«Хирургия бөлімінің дәрігері болғанымен оның қызметі тек операция үстеліне жататын науқастың денсаулық жағдайын алдын ала бақылап, жас шамасына қарай мөлшермен наркоз берумен ғана шектелетін анестезиолог еді. Бірақ, мен үшін бас дәрігерге кіріп, отаға қатысуға рұқсат алыпты», – дейді танысым.
...Ота жасау бөлмесі. Науқас операция үстелінде ес-түссіз жатыр. Төбеден төніп тұрған табақтан науқастың кеуде тұсына күлгін сәуле түсіп тұр. Қақырап сөгілген қабырғаның ішіндегі қанжоса болған жұдырықтай жұмыр ет тіршілік үшін тулап, аласұрып жатыр. Дәрігерлердің де қимылы қауырт, жап-жас өмірді сақтап қалу үшін олар да аянып жатқан жоқ. Маңдайларынан тер тамшылап, қолдарындағы қандауырдан қан сорғалайды. Жан-жағынан қаумалаған көмекші медбикелер олардың әрбір қимылын қалт жібермей бақылап тұр. Науқас жасанды жолмен демалып жатыр. Аузы-мұрынына кигізілген аппарат арқылы өкпесіне оттегі барып тұр. Кенет, бүлкілдеп жатқан жүректің соғысы күрт нашарлады. Бірте-бірте манитордағы ирек сызықтар созылып, жиырылып мүлдем жоғалды. Қанша арпалысқанымен уыздай өмірге араша түсе алмағандарына өкінген ақ халаттылар ота бөлмесінен көңілсіз шықты. Қимылсыз қалған қызға көзі түскен анестезиолог дәрігердің жанарынан бір тамшы жас үзіліп түсті. Тағы да бір өмір қыршынынан қиылды. Тағы да бір жүрек тоқтады. Кеше ғана «жерлеспіз ғой, сіз болсаңыз өзімді жақсы сезінемін, жалғызсырамаймын» деп мұны ес көріп еді. Иә, бірақ, науқастың үміті ақталмады. Дәрігердің тапсырмасы бойынша медбикелер әлі денесі суымаған қызды аппараттан ажыратып, мәйітханаға апарғалы жатыр. Кешегі қыздың айтқан өтініші құлағында жаңғырып тұрған жас дәрігер медбикеге: «Сәл күтейікші!», – деді жалынышты үнмен. Медбике оған таңдана қарады. Кенет, манитор шиқылдап, бетіндегі жүрек ырғағын белгілейтін сызықтар жиырылып жүгіре бастады. «Дәрігерлерді шақыр!», –деп айқайлап жіберді жас жігіт. Үзілген ота қайта жалғасты, тоқтаған жүрек қайта соқты...
«Міне, мен солай ана дүниеге барып қайтқанмын. Содан бері отыз жылға жуық уақыт өтті. Мен тірімін, өмір сүріп келе жатырмын. Көретін жарығым ғой. Алдымен Аллаға содан соң әлгі дәрігерге қарыздармын. Егер ол жігіт отаға қатыспағанда әдеттегідей медбикелер өз міндеттерін орындап, менің өкпемді жасанды оттегіден ажыратып, денемді мәйітханаға апарып тастар еді де, мен қазір сенімен бұлай сөйлесіп отырмаған болар едім», – деп күлді танысым.
Иә, «жерлес», «ауылдас», «ағайын», «құрдас» деген ұғымдардың құны құлдырап бара жатқан мына заманда, тіпті адамның өмірінің өзі арзандап кеткен бүгінгі күні бір ауыз өтінішінің арқасында ажалдан аман қалған танысымның әңгімесі маған үлкен ой салды.
Қуат АДИС