» » КҮРІШ БАҒАСЫ НЕГЕ ҚЫМБАТ?­

КҮРІШ БАҒАСЫ НЕГЕ ҚЫМБАТ?­

Бұл – тағы да сол базар жағалаған тұтынушы тұрғындардың сауалы. Иә, күріш бағасы қымбат. Базарлар мен дүкендерде кәдімгі ақ күріштің қабы (25 келі) 6-7 мың теңге. Бұл сол тауарды өндіретін ауданның жергілікті халқы үшін әрине, қолжетімсіз баға. Мәселен, бидай өсіретін аймақта нанның бағасы өз құнындағы қалпын сақтайды. Егер сол аймақта дүкендерде ұн мен ұн өнімдерінің бағасы көтерілсе оны тиісті орындар лезде бақылауға алып, себебін халыққа түсіндіруге тырысады және бағаны тұрақтандыру үшін түрлі шаралар қабылдайды. Ал біз газетіміздің бұдан бұрынғы нөмірлеріне базар бағасының тұрақсыздығы жайында бірнеше мәрте мәселе көтеріп, сыни мақала жариялаған едік. Алайда оған тиісті орындардан тырс еткен жауап болмады. Базарлар мен жеке дүкен иелері тұтынушыға ұсынған тауарына өз ойындағы бағасын қойып алып саудасын жүргізе беретін болса, азық-түлігінің түбі көрінгеннен уайым қылып, айлық жалақысына сарылып әзер жеткен қарапайым тұрғындардың қалтасының қамын кім ойлайды, талап-тілегіне кім құлақ асады?
Біздің аудан кешегі кеңес зама­нын­да-ақ "Қызылорданың Қостанайы" деген атқа ие болып, алып күріш фабрикасына айналған. Өткен ға­сыр­дың жетпісінші жылдарының ор­та­сында кент орталығына үлкен күріш зауыты салынғаны да бекерден бекер емес еді. Сол кездегі ең ірі күріш өңдейтін және күрішті тазалап, сақтайтын элеватор өзге аудандарға емес, біздің ауданға түсуінің өзі көп жайтты аңғартады. Сол кезден бастап күріш дақылын өндіруден жалағаштықтар жарыстың алдын бермей, озат атанып келе жатыр. Осы Сыр салысын егіп, әр гектарынан межеден артық өнім алған алты еңбеккер Социалистік Еңбек Ері атанып, кеудесіне "Алтын жұлдыз" тақты. Абай көшесінің бойында орналасқан элеватор аудан ғана емес, өңірдегі аспанмен тілдескен ең биік ғимарат, ең ірі өнідіріс орны ретінде талайға таңдай қақтырды. Тәулік бойы тынымсыз жұмыс істеп тұрған элеваторда мыңдаған жұ­мыс­шы еңбек етті. Күз түсіп, егін піскенде ақ маржанды алқаптан бүйірлерін "тойдырып" шыққан "Алтын дән" деп аталатын көлік керуені осы күріш зауытына қарай іркес-тіркес ағы­лып жататын. Қырман тасып, қамбаға алтын астық құйылып, дала еңбеккерлері көңілдерін бірлеген соң думанды той басталатын-ды. Көрдіңіз бе, диқандар тек ала жаз­дайғы еңбектерін жауын-шашынға ысырап етпей жинап алып астық зауытына өткізеді. Одан кейінгі жұмыс элеватордың жауапкершілігінде. Ол жерден күріш тазаланады, ақталады, сосын нарыққа шығады. Әрине ха­лық­қа қол жетімді бағамен. Ал қа­зір осы элеватордың күріш тиеген көлік керуенін күтіп тұрғанына көп жылдар болды...
Осы кезге дейін аймақ халқы соның ішінде жалағаштықтар күріштен тарыққан жоқ. Тіпті кешегі тоқыраудың тұсындағы азық-түліктің қат кезінде де ақ маржанның нарықтағы саудасы жүрді, бағасы да аспандаған жоқ еді. Өзіміз өндіретін болған соң жергілікті халық та күрішті келілеп емес, қабымен алатын. Қысқасы, қысқа жіп күрмеуге келмейтін кешегі қиын кезеңде де аудан тұрғындары күріш дақылының тапшылығын тартқан жоқ. Ал енді халықтың жағдайы түзелген бүгінгі күні неге күріштің құны күрт өсті? Айталық, аудан бойынша басқа дақылдарды қоспағанда тек күріштік алқаптардың өзі 22 мың гектарды құрайды екен. Алдағы уақытта Сыр салысын суға бастыратын жерлер тағы да ұлғайтылады деген жоспар бар. Қазір, шүкір ғой, егіншілікпен айналысамын деген ынталы топқа мемлекеттен жан-жақты қолдау көрсетілуде. Тек талабы мен жауап­кер­шілігі болса болғаны. Шілденің ыстығында егіс басында жүріп, дала қосына қонып, күріш егіп, оны күтіп-баптаудың қиыншылығын халық біледі, әрине. Бірақ біз былайғы күн­дері халыққа қызмет көрсету жайында көп айтқанымызбен, іс жүзінде сол үдеден шыға алмай келеміз. Кеңес кезеңіндегі "Еңбегіміз – Отанға" деген мақалды "Еңбегіміз – халыққа" деп сәл өзгертсек қалай болар екен?..
Не десек те, өзімізден шығатын өнімнің нарықтағы бағасы халықтың қалтасына салмақ түсірмегені абзал. Жоқ болса бір сәрі, шет мемлекеттен келеді ғой енді, деп түсінер едік. Бірақ біздің дәл қазіргі күйіміз "Ұста пышаққа жарымайдының" кері болып отыр...

Қуат АХЕТОВ
24 желтоқсан 2019 ж. 1 012 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930