ЫНТЫМАҚТЫ ӨҢІРДІҢ ЫРЫСЫ АРТАДЫ
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бақытбек Смағұл мен Геннадий Шиповских жұмыс сапарымен өңірімізге келді. Халық қалаулылары аудандағы әлеуметтік және өндірістік нысандардың жұмыстарымен танысып, тұрғындармен кездесті.
Алдымен мәжілісмендер Мақпалкөл ауылдық округіндегі «Құрманбай ата» шаруа қожалығының алма бағы мен «Ер-Әлі» шаруа қожалығының күріш тазалау цехында болып, жұмысшы жастармен кездесті. Шаруашылықтағы күріш ақтау цехында бірнеше ауыл азаматы жұмыс істейді. Жаңа технологиялармен жабдықталған цех жұмысымен және күріш ақтау қондырғыларымен таныстырған мамандар өңделген өнімнің сапасы жоғары екенін жеткізді. Осындай игілікті істі жүзеге асырып, бірнеше ауыл азаматын жұмыспен қамтып отырған шаруашылық төрағасына алғыс білдірген халық қалаулылары одан әрі ауылдағы алма баққа барды.
Жыл сайын өнім сапасымен қатар көлемін ұлғайтуға жұмыс жасаған «Ер-Әлі» шаруа қожалығының төрағасы Әліби Бекжанов қазіргі таңда шаруашылық меншігіндегі техникалардың барлығын жаңалап үлгерді. Ауыл шаруашылығының бір ғана саласы бойынша еңбек ету ізденімпаз кәсіпкер үшін аздық етті. Оның үстіне бұрыннан өзі туып өскен өңірден алма бақ ашуды жоспарлап та жүрген. Бүгінгі таңда мұнда алманың алты сұрпы өсіп тұр. Бір қызығы, мұндағы жеміс ағаштарының барлығы жабайы алмамен будандастырылған. Бұл бұрыннан тәжірибеде бар тәсіл көрінеді. Себебі жабайы алмамен будандастырыла егілген жеміс ағашы жер талғамайды екен.
Іскер азаматтың бұл игі бастамасы ауылдастарына екі қолға бір күрек тауып берді. Жұмысшылардың да айлық-жалақысы жаман емес. Ал жеміс ағаштарының алды соңғы екі жылдан бастап түйнек салды. Өз кезегінде депутаттар аталған шаруашылық жұмысына оң бағасын беріп, жергілікті тәтті алмадан дәм татты.
Мақпалкөлдегі мардымды іскерге қанық болған халық қалаулылары аудан орталығындағы «Серпін» индустриалды өндіріс аймағында орналасқан «Өркен Әлем» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің арнайы киім тігу шеберханасымен танысты.
Жалпы тігін тігіп, кесте тоқып, ою салу халқымыздың жанына жақын кәсіп. Сондықтан болар, мұндағы қолы епті қыз-жігіттердің қимылы да ширақ. Тігіншілердің басым көпшілігі «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша үш ай мерзімде оқып, кәсіби даярлықтан өтіпті. Цехтағы жаңа стандартқа сай тігін машиналары Ресейден әкелінген. Өнім дайындауға қажетті тауарлар да ең мықты өнеркәсіп орындарынан жеткізіледі. Сондықтан мұндағы тігіншілердің қолынан өткен бұйымдардың сапасы да мықты.
Айта кету керек, «Өркен Әлем» ЖШС 2017 жылдан бері жұмыс жасайды. Кәсіпорында 24 адам жұмыс істейді. Тігін цехы қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Цехтың бір жылда 7000 данаға дейін броньді кеудеше тігуге мүмкіндігі бар. Мәжіліс депутаттары қорғаныс, өрт сөндіру, полицейлерге арналған түрлі киімдерді көріп, мұндай ауқымды жұмыстың ауданда атқарылып жатқанына өз ризашылықтарын білдірді.
Мұнан соң депутаттар Жалағаш кентінде салынып жатқан күн электр станциясының құрылысымен танысты. Жобаның бастамашысы – «Nomad Solar» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Құрылысты жүзеге асыру мақсатында кент аумағынан 164 га жер телімі табысталды. Жобаны Греция мемлекетінің компаниясы ұтып алған. Қосымша мердігер – «COM KZ» ЖШС. Қазіргі уақытта қоршалау жұмыстары аяқталып, күн қуатын өндіретін панельдер орнатылып, тоқ реттегіш трансформаторлар қойылған. Енді жуық арада мұның игілігін көретін күн де алыс емес. Құрылыс маңындағы жұмысшылармен тілдескен депутаттар осындай жобаларды әр кез қолдауға дайын екенін жеткізді.
Халық қалаулылары Ақсу ауылына да табан тіреп, жаңадан бой көтерген әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарды аралады. Ауылға ат басын бұрған меймандар алдымен жас кәсіпкер Толғанай Жұмабекқызының жалпы жоба құны 50 млн теңгені құрайтын мал бордақылау алаңы мен жылыжай кешенін аралап көрді.
Ақсу негізінен егін, мал шаруашылығымен айналысатын іргелі ауыл. Жас кәсіпкер қолға алған бұл жоба тұрғындардың қажеттілігін өтеп қана қоймай, жергілікті өнім үлесін арттырып отыр.
– Бұл барлық талаптарға сай ашылған Ақсудағы алғашқы мал бордақылау орны. Алда тағы да жоспарымыз бар. Атап айтсақ, ауылды дамыту бағытында басқа да кәсіп түрін ұлғайтуды көздеп отырмыз. Ендігі кезекте кірпіш зауытын салғымыз келеді. Бұл бағыттағы жұмыстардың алғы шарттары жасақталуда, – дейді жас кәсіпкер.
Бүгінгі таңда мал бордақылау алаңында 75 аналық сиыр мен асыл тұқымды 3 бұқа бар. Ал жылыжайда қызанақ, қияр секілді көкөністер жайқалып тұр. Осылайша жас болса да үлкен істі қолға алған Толғанай қорасын малға толтырып, жылыжайындағы алғашқы өнімді нарыққа шығаруда. Ал ертең 1000 басқа арналған мал бордақылау алаңы мен кірпіш зауытын салмақшы.
Қызылқұмнан Қарақұмға дейін созылған киелі Жалағаш топырағы малға жайлы, жері құнарлы. Сондықтан болар Толғанай секілді жастар ата кәсіпті қайта жандандыруға ниетті. Жас кәсіпкер өз ісін дөңгелетіп қана қоймай, туған жерді көркейтуге атсалысуды көздеп отыр. Ауылды дамыту бағытында атқарып жатқан мұндай ауқымды жұмыстарға халық қалаулылары да дән риза. Сонымен бірге мәжіліс депутаттарына ауылдағы жаңа типтік жобада салынып жатқан 30 орындық емхана құрылысы таныстырылды. Құрылыс жұмыстары биыл толығымен аяқталып, осы жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Ақсудағы ауқымды жұмыстарды көзбен көрген мәжіліс депутаттары ауыл тұрғындарының жеке мәселелері бойынша көшпелі қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға келген тұрғындар өздерін толғандырған мәселелер бойынша өтініш-тілектерін айтты. Қойылған сұрақтардың басым көпшілігі жол, құрылыс, жұмыс, атаулы әлеуметтік көмек, көгілдір отын мәселесі төңірегінде болды. Тұрғындарды мұқият тыңдаған халық қалаулылары айтылған ұсыныстарды заң аясында шешілу жолдарына көңіл бөліп, кейбір түйткілді мәселелерді жауапты мекемелерге жолдайтынын жеткізді. Кездесу барысында «Jas Otan» ЖҚ аудандық бөлімшесінің басшысы Нарбота Серәлі Жалағаш өңірі «Жастар жылының» қорытындысы бойынша облыстық деңгейде бірінші орында екенін айтып, алдағы «Еріктілер жылында» атқарылатын жұмыстарына тоқталып, халық қалаулыларының ақыл-кеңесін тыңдады.
Бұл сапарда, аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының заңгері Сәбитбек Алшынбеков, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаншагүл Мұстафаева мен жергілікті БАҚ өкілдері мәжіліс депутаттарымен бірге жүрді.
Халық қалаулылары Жалағаштағы жұрттың берекелі бірлігіне тәнті болып, ынтымақты өңірдің ырысы артатынына көз жеткізді.
Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ