» » АЛТЫН ҚОЛДЫ ДӘРІГЕР

АЛТЫН ҚОЛДЫ ДӘРІГЕР

Түн ортасы. Әдеттегідей телефонға тағы да қоңырау түсті. Іле-шала тұтқаны көтерген дәрігер реанимацияға ауыр халде науқас келгенінен хабар алып, жұрт қалың ұйқыда жатқанда шұғыл ауруханаға жетті. Дер кезінде келген реаниматолог бүгін тағы бір өмір мен өлім арасында жатқан жанды аман алып қалды. Адам жанының арашасы бола білген білікті дәрігер, медицина саласын дамытуға зор үлесін қосқан реаниматолог-анестезиолог Ақназар Бектасовтың әрбір күні осылай өтіп жатты.
Ел-халықтың ыстық ықыласына бөленген Ақназар ағамыздың есімі ауданға ғана емес, тұтастай аймақ жұртына етене таныс десек те болады. Оның түр-тұлғасы, жылы қабағы мен сенімді іс-қимылдарының өзі жанға сая, дертке дауа болушы еді. Кереметі сол, дәрігердің ағзаңды ешбір аппаратқа салмай-ақ ауызша қойған диагноздары дәлме-дәл келіп жататын. Бүгінде ол кісі өмірден өтсе де, көңілден өшкен жоқ.
Ақназар Бектасов атқарған жұмыс уақытында өзін білікті маман, қабілетті ұйымдастырушы ретінде таныта білді. Өзінің мол тəжірибесін əрдайым жас дəрігерлермен бөлісіп, олардың білікті маман болуына үлесін қосты. Абзал жан əрқашан өз науқастарына жылы шырай танытты, уақыт тапты, көңіл бөлді, қол ұшын берді, зейнет демалысына шықса да адам саулығына еңбек етті. Ақназар ағамыздың өз ісіне деген адалдығы сондай, жасы егде тартып, денсаулығы сыр бере бастаған шақтың өзінде сүйікті кәсібінен қол үзген емес. Себебі ауданда ол кісінің орнын басатын реаниматолог-анестезиолог дәрігер жоқ болатын. Тереңірек ойласақ, осы бөлімді 1980 жылы А.Бектасовтың өзі ашқан. Содан бері қырық жылға жуық осы бөлімде еңбек етіпті. Иә, ажалмен арпалысып, ана дүниенің қақпасын қағып қайтқан талай науқас есін жиып, көзін ашқанда өзіне мейірлене қарап тұратын Ақназар ағаға алғысын жаудырып жататын. Ал дәрігер болса, қолданған шарасы адам жанына араша болғаны үшін көңілін бір демдеп, маңдайынан шыққан ащы терін алақанымен сүртіп алып, әрі қарай науқастың дертінен толық айығып кетуіне келесі емін жалғастырып жататын-ды.
Дәрігер ауданға қарасты Аққұм ауылында дүниеге келіп, осында ер жетті. Ат жалын тартып мінер жасқа келгенде әкесі Бектас жұмыс барысында қайғылы қазаға ұшырайды. Қыс ортасы болатын. Дария үстімен шанаға тиелген электр бағандарын алып өтіп, ауылға жеткізбек болған. Алайда кенеттен мұз құрсауы сөгіліп кетіп, су түбіне кете барады. Бектас әкеміз тылда еңбек етіп, жеңісті бір табан жақындатуға үлес қосқан азамат еді.
Әкеден ерте айырылған Ақназар Бектасұлы орта мектепті бітірісімен, өзі қалаған Қазақ мемлекеттік медицина институтына оқуға түсіп, 1966 жылы емдеу факультетін бітіріп шығады. Сол жылы ол өзінің еңбек жолын аудандық орталық аурухананың балалар дəрігері болып бастаған. Кейін білімі мен біліктілігін одан әрі шыңдап, 1970-1980 жылдар аралығында хирург-дәрігер болды. Хирургия саласының жұмысы қаншалықты қиын екені белгілі. Адам ағзасының ішкі құрылысын ақтарып, ем жасау аса біліктілікті қажет ететін іс-әрекет. Осы орайда ауданда алғаш рет наркозбен ота жасауды практика жүзінде қолданысқа енгізген де осы Ақназар ағамыз екенін айта кеткен жөн. Дәрігердің күнделікті жұмысы барысында көз жеткізгеніндей, аса ауыр науқастарға бірінші кезекте қан қажеттілігі туындайтын. Сол себепті ауруханада қан дайындау ісін жолға қойды. Ауыр науқастар мен ауыр жағдайда босанған аналардың өмірлерін сақтап қалуда қан орталығының пайдасы көп тиді. Ол дәрігерлік міндетін атқара жүріп, талай науқасты ажалдан арашалап қалуға донор болып, қан тапсырып тұруды әдетіне айналдырған. Осылайша өз ағзасынан қан беру арқылы 75 науқастың өмірін аман сақтап қалады. Мұндай адал еңбегі мен жомарттығы үшін 1989 жылы “КСРО-ның Құрметті доноры” атанса, осы жылдары оның медицина саласындағы еткен еңбегі бағаланып, “КСРО-ның Үздік Дәрігері” атағына ие болды. Сонымен бірге «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Қызылорда облысына 70 жыл» төс белгісімен марапатталған.
Жоғары білімін іс-тәжірибесімен ұштастыра білген дәрігер 1980 жылы осы орталық ауруханадан алғаш рет реанимация бөлімін ашады. Оған дейін аса ауыр науқастар облыс орталығына жіберіліп отырған екен. Алыс жолды көтере алмай, кейбір науқастар жолда жан тапсырған жағдайлар да кездесіпті. Осыны ой елегінен өткізген дәрігер аса ауыр науқастарды аудан орталығындағы ауруханада емдеуді алғашқы болып қолға алды.
– Ақназар ағамыз жансақтау бөліміне науқас алып келе жатырмыз дегенді естісімен аурухананың алдына шығып, жедел-жәрдем көлігін өзі күтіп тұратын. Бір күні ағамыз түнде ауруханадан шұғыл шақырту алса керек, үйінен асығыс шыққаны соншалықты екі аяғы­на екі түрлі аяқ киім киіп келді. Тездетіп науқастың емін жасап, өмір мен өлімнің арасында жатқан жанның беті бері қараған соң, дәрігерлер бөлмесіне барса, Ақназар ағамыздың аяғына іліп шыққан аяқкиімге көзі түскен ақ халат­тылар ішек сілесі қатып күліпті. Сонда ағамыз: «Мұнда дертіне ем іздеп келген адамның жаны қысылып жатқанда қалайша аяғыма қарап, киімімді түзеп тұрамын? Науқас үшін сағаттың әрбір тырсылдаған секунды маңызды ғой. Шипа іздеп келген жандарды ажалдан арашалап қалуға септігіміз тисе, біз үшін бақыт деген сол емес пе?!» деген екен, – деп еске алады елу жыл көрші тұрған – Зауыткүл Тоқтықбаева анамыз.
Білікті дәрігердің шарапатын көрген жанның бірі – кент тұрғыны Нағима Жанасбаева. Ол кезінде инсульт алып, ес-түссіз жансақтау бөліміне жеткізілген. Сол кезде реаниматолог Ақназар ағамыз науқастың бетін бері қаратуға барлық күш-жігерін жұмсап, күндіз-түні қажетті емін жасаған көрінеді. Аса жанашырлықпен қараған дәрігердің шипа­сы оң нәтиже беріп, ауыр хәлде ауруханаға түскен науқас бірер күнде есін жиыпты. Міне, дәрігер ағамыз жайында әңгіме қозғала қалса, оның осындай іскерлігі, өз ісіне адалдығы, бойындағы асыл қасиеттері мен көркем мінезі де қоса айтылады.
Халықтың қалтқысыз сеніміне ие болған Ақназар ағамыз 1994 жы­лы Жа­ла­ғаш ауданының бірінші шақы­­рыл­ған мәслихатына депутат болып, денсаулық саласының өзекті мәсе­лелерін шешуге өзіндік зор үлесін қосты. Білікті маман қай кезде де қоғамға аса қажет. Сондықтан да болар, дәрігер өзінің жетпіс жыл сүрген өмірінің 44 жылын адам өміріне араша тұруға жұмсапты. Әлбетте, бұл айтуға ғана оңай. Ал оның ар жағында дәрігердің қаншама жан күйзелісі, дертке дауа таба алмай, тығырыққа тірелген сәттері, ұйқысыз түндері мен күлкісіз күндері жатыр. Осындай тынымсыз еңбегін елеген елі дәрігер кеудесіне «Шапағат» медалін тақты.
Табиғатынан көркем мінезді Ақназар аға ел-жұртына қадірлі азамат, отбасында қамқор әке бола білді. Сүйікті жары Қанымкүл Шаханова да медицина саласына 40 жыл маңдай терін төгіп, абыройға бөленген жан. Бойындағы турашыл мінезі, табанды еңбегі арқылы талай жетістікке жетті. Ақназар ағамыз бен Қанымкүл ана өмірге 5 перзент әкеліп, олардан немере сүйді. Бүкіл саналы ғұмырын адам өмірін аман сақтауға арнаған, халықтың қалаулы дәрігері А.Бектасов 2013 жылдың маусым айында жетпіс жасқа қараған шағында өмірден өтті. Оның салған сүрлеуін бүгінде білікті мамандар жаңашыл бастамаларымен жалғастырып келеді.
Жақсылық пен жамандықты, бейнет пен зейнетті, қиындық пен қуанышты қатар көрген Қанымкүл анамыз бүгінгі таңда үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетудің үлгісі болған бақытты әже. Ел құрметіне бөленген ағамыздан өрбіген ұл-қыздардың барлығы әр салада еңбек етіп жүр.
Осындай іскерлігімен, сабырлы да салиқалы мінезімен халқына қадір­лі,­ шоқтығы биік азамат – Ақназар Бектасовтың атына кент іргесінен көше атауы берілгелі отыр. Халық қалаулысы, білікті дәрігерге көрсетілген бұл құрмет – оның адалдығын, іскерлігін кейінгі ұрпақ жадында жаңғыртуға, жастарды адал кәсіпке, өз ісінің білікті маманы болуға тәрбиелейтіні анық. Өйткені ол өзінің мағыналы ғұмырында адалдықтың, мейірімділіктің символына айналды, ел-жұртының ыстық ықыласына бөленді. Білгенін кейінгілерге үйретті, адал еңбек­ке баулыды. Бүгінде Ақназар ағамыздың шәкірттері мен тәрбиесін көрген ақ халаттылар адам денсаулығын нығайту жолында халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ

14 қаңтар 2020 ж. 564 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930