АЛЫСТАҒЫ АУСТРАЛИЯ НЕМЕСЕ АДАМЗАТҚА КЕЛГЕН АПАТ
Өздерін қызыл жалыннан құтқарған еріктілерді жас балаша құшақтап, адам баласымен тілдесе алмаса да жүрек түбінде сана мен мейірім бар екенін көрсеткен, аяқтарын, денелерін күйік шалған коала мен кенгурулар, түп тамырымен жанып кеткен биік-биік ағаштар, орнында тек қою түтін қалған кезіндегі жайқалған жасыл орман тасжүрек болмаса кез келген адамның көңілін босатады. Табиғи шығын, жазықсыз жануарлардың миллиондап қырылуы адам баласының бойындағы аяушылық сезімін еріксіз оятып, көзіңе жас алдырады. Аустралиядағы өрт ғарыштан түсірілген суреттерден де анық көрініп тұр. Ондағы суреттерді көріп отырсақ кіндігінде алаңсыз өмір сүрген жан-жануарын алапат өрттен арашалай алмай, өзі де қанша айдан бері тілсіз жаудан құтыла алмаған Жер-Ана ауыр күрсінгендей көрінеді.
Иә, расымен, Жер-Ана қырылған жануарларды ажалдан аман алып қала алмай, бүгінде оларды жоқтап тұрған сияқты. Қазақтың Жер-Ана деген қасиетті сөзінде үлкен мән бар. Жерді неге ана дейміз? Жер құшағы кең, алақаны мейірімге толы, тамырынан нәр беретін, ашықсаң қорегі дайын, бүкіл жаратылыс иелерінің еркелігін көтеретін пейілі кең, жүрегі жұмсақ ана секілді. Біз өмір сүріп жатқан жердің бір бөлігі күзден бері табиғи апатпен алысуда. Жер шарындағы ең құрғақ материк, оның көп бөлігі шөлді аймақтан тұратын Аустралияны қызыл жалын әлекке салуда. Бұл материкте алғашқы сүтқоректілер, қалталылар мен биік эвкалипт ағаштары сақталып қалған. Жағалауында ұзындығы 2300, ені 2 шақырымнан 150 шақырымға дейін жететін жер шарындағы ең ірі маржандық құрылым Үлкен Тосқауылдар орналасқан. Аустралия материгінің жерін бір ғана ел Аустралия Одағы алып жатыр. Аустралия оңтүстік жарты шардың басқа материктерінен оқшау орналасқан. Тек солтүстігінде Азияның аралдарымен жалғасады. Аустралия жағалауларын Тынық және Үнді мұхиттарының жылы сулары шайып жатыр. Аустралияны жан-жағынан мұхит сулары шайып жатқанымен, оның көпшілік бөлігінде жауын-шашын өте аз түседі. Сондықтан болуы керек күзден бері тілсіз жауды ауыздықтау мүмкін болмай тұр.
Бүгінгі күнге дейін қызыл жалын 5,9 млн гектар жерді шарпып өтіпті. Деректерге сүйенсек, жарты милиардқа жуық жануар өрттің құрбанына айналды. Әсіресе коаланың жағдайы алаңдатады. Ол эвкалипт ағаштарында өмір сүреді. Қимылы өте баяу. Бір мезетте қанша шақырымды шарпып өтетін алапат өрттен кенгуру сияқты секіріп, бой тасалау оларға қиынға соғары анық. Ал өрттен аман қалғандары жапан далаға айналған жерлерде қорек таба алмай аштан қырылуда. Бұл құрлықтағы жануарлардың үштен бірі екен. Осыған байланысты Аустралия басшылығы бірнеше мың түйені өлтірмекші болып, шешім қабылдапты. Түйелер қоршауларды сындырып, үйлерге жиі кіріп кетеді, су іздеп кондиционерлерді бұзады екен. Билік 5 күн ішінде 10 мыңға жуық түйені өлтіруді жоспарлаған. Ал қалталыларды аман алып қалу үшін азықпен қамтамасыз ететін «Шатқалды кенгуру операциясы» жүзеге асуда. Сәбіз бен тәтті картоп тікұшақтан өрттен кейін аман қалып, айдаланы кезіп жүрген жануарларға тасталған. Құрлықтың жағдайына алаңдаған еріктілер жұмысшы топпен бірге ондағы жан-жануарларды құтқаруға атсалысуда. Аустралиядағы қайғылы оқиғаны, ұйқысыз қанша уақыт жанталасқан жұмысшыларды, аман қалған жануарлардың қорексіз, сусыз өлімші халге жеткенін көрген еріктілер әлемнің түкпір-түкпірінен көмекке келуде. Өртті ауыздықтауға үш мыңға жуық адам күндіз-түні дамылсыз жанталасуда. Қарапайым халық табиғи апатпен күресуге қауқарсыз болып отыр. Ащы түтіннен уланып, өрт құрсауында қалмас үшін теңіз бетін паналап, сырттан көмек күтуде. Өрттің тек Аустралия емес, Жер шары¬ның экожүйесіне әсер ететіні сөзсіз. Мамандар кей елдердегі климаттың өзгерісін осы жағдаймен байланыстыруда. Кей мемлекеттер Аустралия халқын, билігін салғырттық танытты деп кінәлап, тілсіз жауды тез арада ауыздықтауды айтуда.
Ол өз алдына бөлек материк болғанымен, бәріміз бір жердің бетіндеміз. Жер – біздің ортақ үйіміз. Осындай қиын-қыстау кезде «жығылғанға жұдырық» болғанша, әлем болып атсалыссақ екен дейміз. Мүмкіндігі бар елдерден қосымша жұмыс тобы, тікұшақ жұмылдырылса. Екі мыңға жуық тұрғын үй, 20-дан аса адам өлімі, қаншама жан-жануар опат болды. Осының бәрін көріп, біліп отырып жаның ашиды, жүрегің сыздайды. Жерді бір шетінен бастап жалмап келе жатқан алапат өрт бойыңа қорқыныш, үрей ұялатады. Жаман айтпай, жақсы жоқ, сабыр етіп, Жаратқаннан жағдайдың оңалуын, жер бетінде тыныштық болуын тілегеннен басқа амал жоқ. Әттең, алыстамыз, қол қысқа...