ХАЛЫҚТЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕГІ ЕСКЕРІЛЕДІ
Жалағаш кентін екіге бөліп тұрған теміржол арқылы жаяу жүргіншілерге арналған қауіпсіз өткелдің қажеттігі тұрғындардың көкейінде көптен жүрген мәселе еді. Бұл мәселе аудан әкімінің есеп беру жиналысында да айтылды. Тұрғындардың талап-тілегін ескере отырып, аталған мәселе туралы 2018 жылы «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Магистралдық желілі дирекциясы» филиалының директоры Ж.Изгуловқа хат жолданды. Осы хатқа сәйкес Қызылорда магистральды желі бөлімшесінің №277 бұйрығымен арнайы комиссия құрылып, комиссия 2018 жылы теміржол арқылы жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір салынатын жер учаскесін таңдау, зерделеу, зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Зерделеу жұмыстары барысында аспалы көпір салынатын участок Жалағаш станциясының 2743 км пк 8+18 учаскесі (Өмірбай шешен көшесінің теміржолмен қиылысқан учаскесі) болып белгіленді. Алайда кент тұрғындарынан теміржол арқылы жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір үшін алдын-ала белгіленген жер учаскесі орнын, Өмірбай шешен көшесінен теміржол вокзалы мен тесік көпір өткелі маңына өзгерту жөнінде ұсыныс-пікір түсті. Осыған орай 2018 жылы Қызылорда магистралды желі бөлімшесінің директоры И.Басығараевқа екінші рет хат жолданып, комиссия құрамы қайта шақырылды. Осы жылы комиссиямен жан-жақты зерттеу, талдау жұмыстары жүргізілді. Кент тұрғындары көпір салуға ұсыныс беріп отырған жер (теміржол вокзалы мен тесік көпір маңы) 2744 шақырымның 8-ші жүздігі. Ол жерде №5,7,9,11 теміржол бұрмалары, яғни темір жол бұрмаларын ауыстыру кезінде теміржол крандарына кедергі келтіретіндіктен және жақын арада 50 метр қашықтықта су өтуге арналған көз (тесік көпір) орналасқандықтан, СНиП РК 3.03-2001 ережелеріне сәйкес ол жерге жаяу жүргінші өтетін аспалы көпір салуға болмайтындығы туралы Қызылорда жол дистанциясының бастығы Д.Әбдиевтің 2018 жылғы №120 санды хатымен хабарланып, аспалы көпір салынатын орын зерттеліп, комиссияның шешімімен жер учаскесі белгіленді. (Өмірбай шешен көшесінің теміржолмен қиылысқан учаскесі).
Сонымен қатар осы мәселені түпкілікті шешу мақсатында, қазіргі тесік көпірді жаяу жүргіншілер өтетін өткел ретінде қалдырып, ал автокөліктер үшін Жалағаш кентінің шығыс жақ бетінен теміржол үстінен көліктер өткелін (ескі переезд орны) салу қажеттілігі жөнінде 2018 жылы «ҚТЖ»ҰК» АҚ «Магистральдық желілі дирекциясы» АҚ филиалының директоры Ж.Изгуловқа, 2019 жылы «ҚТЖ» ҰҚ» магистралдық желілер дирекциясы филиалының инфрақұрылым бойынша басқарушы директоры Б.Орынбасаровқа хат жолданды.
Бірақ «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның «Магистральдық желі дирекциясы» филиалының директоры Т.Кенжебековтің 2018 жылғы, «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның «Магистральдық желі дирекциясы» филиалының Инфрақұрылым жөніндегі басқарушы директор-филиал директоры Б.Орынбасаровтың 2019 жылғы хаттарында көрсетілгендей, Қараиірім-Жалағаш аралығының 2741 шақырымындағы 6-пикетінде күзетілетін теміржол өтпесі орналасқандықтан, 2743 шақырым темір жол өтпесін ашу мақсатқа сай келмейтін болды. Сондықтан Жалағаш кенті тұрғындарының талап-тілектерін ескере отырып, теміржолдың екі бетін байланыстырып, тұрғындардың қауіпсіз қатынасын қамтамасыз ету мақсатында биыл Жалағаш кентіндегі теміржол үстімен өтетін жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір құрылысының жоба-сметалық құжаттарын дайындауға аудандық бюджеттен 4 млн теңге қаржы қаралды. Қазіргі таңда аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі арқылы мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізіліп, аспалы көпірдің жобасын дайындайтын жобалаушы мекеме анықталды. Әрі қарай көпір құрылысының жалпы құны есептеліп, қажетті қаржыға ұсыныс беріледі. Ал оған дейін аудан тұрғындарының теміржолдың екі бетіне қауіпсіз қатынасын қамтамасыз ету үшін теміржолдың астынан өтетін автомобиль жолының бір жақ бөлігін темір қоршаумен бөліп, жаяу жүргіншілер жолы жасалып жатыр.
Өмірзақ ЕЛЕУСІНОВ,
аудандық Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы