» » ҚЫС ТҮССЕ, «ҚЫЛ КӨПІРДІҢ» АЗАБЫ БАСТАЛАДЫ

ҚЫС ТҮССЕ, «ҚЫЛ КӨПІРДІҢ» АЗАБЫ БАСТАЛАДЫ

Тағы сол темір жол өткелінің жыры. «Қазыны шайнай берсең дәмі кетеді». Бірақ майлы қазының тіліңнен дәмі кеткенімен, бойыңда қуаты қалады ғой. Ал біз бұл мәселені қанша көтерсек те, еш нәтиже шықпай отыр. Демек, біздің қаламнан қуат кеткен не болмаса осы мақаланы оқитын құзырлы орындар халықтың қамы үшін қимылдауға құлықты емес. Алайда біз мәселені тек жоғарыға ақпар жөнелту үшін көтермейміз. Шешімі табылатын мәселені оқтын-оқтын газет бетіне жылтылдата беру бізге де оңай емес. Бірақ амал жоқ, тұрғындар талап-тілегін тиісті жерге жеткізу міндетіміз. Өйткені халық – Құдайдың бір аты.
Тағы да қыс басталды. Ақ қар, көк мұз жамылған көшелерде көлік тұрмақ, жаяу адамдардың өзі қалт-құлт етіп әзер жүреді. Тайғанақтаған жүргіншілердің мұз үстіне құлап, түрлі жарақат алатын кезеңі осы. Айтпағымыз бұл да емес, сол баяғы темір жол өткелі. Дәуімбай елді мекенінде, яғни темір жолдың арғы бетінде қазірде кент тұрғындарына жете қабыл халық тұрады. Бұл бір қауым ел. Енді сол халықтың барлығы бірдей екі аралыққа қоғамдық көлікпен қатынамайды ғой. Сол қоғамдық көліктердің жүру бағыттары да Дәуімбай елді мекені мен кент орталығын жалғап жатқан «Тесік көпір» арқылы өтеді. Иә, оны жергілікті тұрғындар «Тесік көпір» атап кеткен. Бұл әу бастағы темір жол құрлысы кезінде аяқ су арналары үшін қалдырған жалғыз көз. Ол жерден бір мезгілде екі көлік қатар өте алмайды. Бірін бірі күтуі керек. Кейде жол ережесінің сақталмауынан бұл жерде көліктер соқтығысы орын алады. Ең қауіптісі, дәл осы тар тесіктен кент орталығындағы мектептерге қатынап оқитын төменгі сыныптың оқушылары да көліктермен қатарласа өтіп жатады. Ал көпір астындағы бұл жағдай жол-көлік қозғалысына кедергі келтіретіні айтпаса да түсінікті. Көлік оқиғасы орын алса, адам өміріне де қауіп төнеді. Тек бетін аулақ қылсын дейік. Бірақ жамандықты аузымыздың дуасымен қуып, балалардың өмірін Аллаға аманаттап отыра беруге тағы да болмайды. Құдай да «сақтанғанды сақтаймын» депті. Ендеше, бізге амандығымыз үшін әрекет етуіміз керек сияқты. Қауіпті «қыл көпірден» көліктермен жағаласып өтіп жүрген оқушы балаларды не олардың ата-аналарын да кінәлай алмайсың. Өйткені темір жол бойында екі жақты жалғап жатқан аспалы көпір не өткел жоқ. Ал оқушы сабағына кешікпеуі тиіс. Дәуімбай мен кент орталығына қатынағандардың барлығы «тесік көпір» арқылы өтпейді. Шығыстан батысқа қарай темір жол бойын жағалай қоныс тепкен халық өз үйлерінің тұсынан тура жол салып алған. Сол өткелдің бірі – Қыстаубаев көшесінің тұйықталатын тұсы. Осы жерде перронға көтерілетін баспалдақ бар. Әрине бұл бетон баспалдақ жолаушылар үшін жасалған. Міне, халықтың көбі осы тұстан өтеді. Бергі беттен шыққан жолаушы темір жолға әлгі тас тепкішіктермен оңай көтеріледі де, арғы бетке түсерде қатты қиналады. Темір жолдың биік жарқабағына көтеріліп, түсу қарт кісілер мен балалар тұрмақ біздің өзімізге үлкен күш салады. Биіктен төмен түсіп, төменнен жоғары көтерілу үшін сенің бойыңда күш-қуатыңмен қоса, әдіс тәжірибең де болуы керек. Бұл жермен алғаш өткен адам қанша сақтық жасағанымен құлап, денесінің бір жерін жарақаттайды. Бұл жарқабақтың басынан талай қарт кісілер мен балалар омақаса жығылып, қол-аяғын сындырғанына да куә болдық. Әсіресе бұл жермен өту қыс мезгілінде өте қауіпті. Темір жол қапталындағы жарқабақты жанамалай түскен жалғыз аяқ соқпақ қыста ақ қар, көк мұзбен айнадай жалтыраған сырғанаққа айналады. Бұл жерден тек аяқ киімінің табанында темір бүрі барлар ғана лаждап өте алады. Ал олай болмаған жағдайда бұл аймақтан өту «қыл көпірден» өтуден бір де кем емес.
Бұл мәселені тұрғындар талай мәрте жиналыстарда көтерді. Ақыр соңында, тиісті орындарға: «Бізге бес-алты темір жол шпалын тауып берсеңіздер, тұрғындар ұйымдасып өзіміз-ақ тепкішек жасап алар едік» деп те өтініш жасады. Алайда бірнеше күннен соң кент әкімшілігі тұрғындар өтінішін жоғарыға жолдағанын және олардан келген жауап хатта ол жердің бір күрек топырағын да құзырлы орындардың рұқсатынсыз қозғауға болмайтыны айтылғанын жеткізеді. Енді қайтпек керек, темір жол үстіне аспалы көпір салынғанын күтіп отыра береміз бе? Тұрғындар күтеді-ау, бірақ жазым аяқ астынан емес пе?...

Қуат АХЕТОВ


24 желтоқсан 2019 ж. 540 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930