ЖЫР БӘЙГЕСІНЕН ЖЕҢІСПЕН ОРАЛДЫ
Жерлесіміз, ақын «Алтын домбыраның» екі дүркін иегері Мұхтар Ниязов Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылған Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған «Адамзаттың алыбы – хәкім Абай» атты республикалық айтыста жеңіске жетті.
Сөздің киесі мен қасиетін түсіне білген жалағаштық ақын бүгінгі айтыскерлердің көшін бастап тұр десек, артық айтқандық болмас. Бұған дейін де республикалық, халықаралық айтыстарда топ жарған Мұхтар Сыр елінің үкілі үмітін ақтап жүрген сөз зергері.
Елорда төрінде өткен аламан айтысқа барлығы 16 ақын қатысты. Ақындар сөз сайысына Абай мұрасын арқау етіп, дала данышпаны ұсынған асыл ойларды, өшпес құндылықтарды кеңінен толғады.
Жыр бәйгесінің бас жүлдесі Жалағаштың талантты ақыны Мұхтар Ниязовқа бұйырды. Ал бірінші орынды Сыр елінің тағы бір перзенті Мейірбек Сұлтанхан иеленсе, екінші орынды Еркебұлан Қайназаров пен Серік Қуанған олжалады. Үшінші орынды Тілеген Әділов, Әсем Ережеқызы, Рауан Қайдаров алды.
“ЖЖ” ақпарат