» » ДЕНСАУЛЫҒЫҢ – ӨМІРІҢНІҢ КЕПІЛІ

ДЕНСАУЛЫҒЫҢ – ӨМІРІҢНІҢ КЕПІЛІ

Денсаулықтан асқан байлық жоқ. Алайда, біз көбіне қолымыздағы сол зор байлықтың қадіріне ауырғанда ғана жетеміз. Сырқатыңа ем іздеп, дертіңе шипа алу үшін дәрігердің алдына барасың. Әрине, елімізде науқас адамдар тегін емделеді. Алайда, сол медициналық қызмет көрсету сапасын бұдан да жақсарту, жеңілдету, тұрғындар үшін тиімділігін арттыру мақсатында мемлекет өткен жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін енгізді. Яғни енді әр адам өз денсаулығын сақтандырады. Бұл тәжірибе шет мемлекеттерде бұрыннан бар. Жасыратыны жоқ, біз өз денсаулығымызды күтуге салғырт қараймыз. Ауру бойыңды әбден меңдеп, әлсіреген кезде ғана аурухана жағалаймыз. Осы орайда медицина саласына енгізіліп жатқан жаңа жүйе енді әр адамды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға, уақытылы медициналық тексерулерден өтіп, аурудың алдын алуға қалыптастырады және сырқаттана қалған күнде бұрынғыдай түрлі кедергілерге кездеспей, МРТ, КТ секілді зерттеу аппараттарына әлеуметтік тобына қарай тегін және жеңілдіктермен тексерілуіне мүмкіндігі мол. Өткен жылдан бастап МӘМС жүйесі енгізілді дедік. Алайда, әлі де халық ішінде жаңа жүйеге түсінбей жүргендер бар. Сондықтан аталған жүйені халық арасында ақпараттандыру және түсіндірме жұмыстарын жүргізу үшін аудан бойынша арнайы топ құрылып, барлық елді мекендерде тұрғындармен кездесу өткізді. Қорытынды кездесу аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаевтың төрағалығымен аудандық мәдениет және өнерді дамыту орталығында өтті.
Кездесуге мекеме, бөлім басшылары, шаруашылық құрылымдарының төрағалары, жеке кәсіпкерлер, кент тұрғындары, БАҚ өкілдері қатысты. Кездесуде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Қызылорда облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Абылайхан Рахымов, мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Жомарт Несіпбаев, аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов хабарлама жасап, МӘМС жүйесіне қатысты ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Аудан тұрғындары 2020 жылдың 1 сәуіріне дейін шартты түрде сақтандырылуы тиіс. Жаңа жүйенің негізінде олар тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттеріне кіретін медициналық қызметтерді ала алады. Осы кезеңде азаматтар өздерінің сақтандыру мәртебесін анықтап, міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің талабына сәйкес төлем жасау керек. Сондай-ақ, мемлекет экономикалық белсенділігі төмен тұрғындар үшін жарна төлейтін болады. Жұмыс берушілер жалдамалы жұмысшылар үшін төлейді, ал қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар өздері үшін төлейтін болады. Бұдан бөлек, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жарнасын төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылады. Атап айтсақ, көп балалы аналар, ҰОС қатысушылары мен мүгедектер, жұмыссыз ретінде тіркелгендер, интернаттық ұйымдарда білім алушылар мен тәрбиленушілер, бала тууға, бала асырап алуға байланысты демалыстағылар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, зейнеткерлер, сондай-ақ, баласы үш жасқа толғанға дейін бала күтіп, жұмыс істемей отырғандар заңға сәйкес қорға жарна төлемейді, – деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Абылайхан Рахымов. Сонымен бірге МӘМС жайында егжей-тегжейлі түсінік берген маман бұл жүйе екі мыңыншы жылдардың басынан бастап зерттелеп, зерделеніп келе жатқанын да айтып өтті. Демек, МӘМС медицина саласына аяқ астынан енгізілмеген, әбден пісіп-жетілген жүйе. Ендеше, өз денсаулығын өмірлерінің кепілі санайтын және оған мән беретін әрбір тұрғын жаңа жүйенің тиімділігін түсініп, денсаулықтарын сақтандыруы тиіс.
Кездесу барысында аудан әкімі Қайратбек Әубәкірұлы жаңа жүйеге байланысты мамандар сөзін ары қарай жалғады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тұрғындар үшін тиімділігін кәсіби емес, тұрмыстық тілмен тарқата түсіндіріп, ауылдық округ әкімдері мен шаруашылық төрағаларына жаңа жүйені халыққа түсіндіру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.
Аудан тұрғындары жиын соңында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты сұрақтар қойып, мамандар тұщымды жауап алды.

Қ.АХЕТОВ
11 ақпан 2020 ж. 331 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930