» » Көгілдір отын игілігін көрер күн жақын

Көгілдір отын игілігін көрер күн жақын

Өткен жылдың қорытындысымен эконо­ми­калық дамудың 7 көрсеткіші бойынша Қызылорда үздік 8 облыстың қатарына енді. Сондай-ақ бар болғаны бір жылдың ішінде облыс тайқазанына 400 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Бұл көрсеткішті 2018 жылмен салыстырсақ, 17,4 пайызға дейін өсім барын аңғарамыз. Қаржы саласындағы нәтижелі жұмыстың арқасында облыста құрылыс жұмыстарының көлемі 54 пайызға, тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 8,8 пайыз­ға артқан. Бұл туралы сәрсенбіде облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың халық алдын­дағы есепті кездесуінде айтылды.

Келелі жиында бірқатар сала бойынша өсімдер тілге тиек етіліп, алдағы міндеттер нақтыланды. Мәселен, былтыр аймақта 760 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өңдеу өнеркәсібінде өнім өндіру көлемі 1,3 пайызға артса, бұл көрсеткіш ауыл шаруашылығы саласында 4,3 пайызға жетіп отыр. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асуының арқасында жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 9,3 пайызға өскен.
Басқосуда биыл 3 аудан орталығына көгілдір отын тартылатыны айтылды. Жалағаштықтар үшін жағымды жаңалық соның ішінде біздің аудан орталығы да бар. Қазіргі таңда Жосалы, Тереңөзек және Жалағаш кентішілік газ желілерінің құрылысы жүргізілуде. Биыл осы аудан орталықтары мен Арал ауданы Жақсықылыш кентінің тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізеді деп жоспарлануда.
Бүгінде облыс халқының 63 пайызы табиғи газ тұтынып отыр. Осы уақытқа дейін Қызылорда, Байқоңыр қалалалары мен 4 аудан орталығы газға қосылса, енді ауылдық елді мекендерге де кезек беріледі. Аймақ басшысының айтуынша, орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2020 жылы тұрғындар саны 24 мыңдай адамды құрайтын Қазалы ауданының Қазалы қаласы мен Мұратбаев елді мекенін және Шиелі ауданының Байсын, Қодаманов, Бидайкөл, Н.Бекежанов, Алғабас елді мекендерін газдандыру жобаларын іске асыру жұмыстары пысықталуда. Мұнан кейін тіректі елді мекендерге көгілдір отын тарту жұмыстары қарқын алады.
Алдағы 1-2 жылда шалғай елді мекендердегі тұр­ғын­дардың көгілдір отын тұтынуына жол ашылады. Мәселен, 2021 жылы Төретам және Ақай елді мекендеріне газ барса, 2021-2022 жылдары Сексеуіл, Наурыз және Ж.Махамбетов елді мекендеріне газ тартылады. Бұйыртса, биыл саладағы жұмыстар жүзеге асса, 2020 жылдың соңына қарай елді мекендерді газдандыру деңгейі 70 пайызға дейін жетеді деп күтілуде.
Басқосуда аймақ басшысы Қызылорда облысы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын жүзеге асыруда көш бастап тұрғанын жеткізді. Қазіргі таңда мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында облыста денсаулық сақтау, білім, мәдениет, спорт, қоғамдық тәртіп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және басқа да салаларда 150-ге жуық жоба бар. Олардың 56-сы бойынша жобаларды іске асыру шарттарына инвесторлармен қол қойылған. Енді мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іріктеу барысында бюджеттен инвестициялық шығындарды талап етпейтін, мемлекеттік тапсырыс немесе нарықта қызмет көрсету арқылы жұмыс істейтін жобаларға басымдық беріледі.
– Мойындау керек, біз үшін әлеуметтік-маңызды сұрақтарды шешуге мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін пайдаланудың зор пайдасы тиіп отыр. Соның көмегімен 3-6 жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі тәрбиемен және біліммен 100% қамтылды. Бүгінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде 72 % балабақша жұмыс жасап тұр, – деді Қ.Ысқақов.
Есепті кездесуде денсаулық саласында әлеуметтік нысандарды жаңалау мен маман тапшылығын жою мақсатында аймақта бірқатар жұмыс атқарылғаны айтылды. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласында «2019-2025 жылдарға арналған денсаулық сақтау нысандарының өңірлік перспективалық даму жоспары» бекітілген болатын. Былтыр Шиелі ауданаралық ауруханасы пайдалануға берілсе, Жалағаш ауданында жаңа аурухананың құрылысы жүргізілуде. Сонымен бірге, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде жеті дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілсе, облыстық көпбейінді аурухана мен Қазалы ауданаралық ауруханасына ангиографиялық қондырғы орнатылды. Облыстық бюджеттен 2,7 млрд теңге бөлініп, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық қамтылуы 85,3%-ға жеткен. Дәрігер тапшылығын шешу мақсатында былтыр 95 маман тартылған.
Атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер сараланған жиында облыс әкімі тұрғындардың бірқатар сауалына жауап берді.


Ерлан СОЗАҚБАЕВ
22 ақпан 2020 ж. 505 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930