САНСЫЗ ҰЛТҚА САЯ БОЛҒАН ОТАНЫМ
Ардағым-ай!
Сен менің шолпанымсың, жанған ұдай.
Өзіңде өмір сүрген қандай бақыт,
Өлмейтін махаббатым, арманым-ай!”
Паһ, шіркін, мынау – қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың сүйікті Отанымыз – Қазақстан жайлы тебіренген өлеңі. Қандай әсерлі, қандай тамаша шыққан десеңші. Оқисың да шабыттанасың, жүрекпен ұғып қуаттанасың. Қазақстан баурайын басып жүрген әрбір жанға ыстық. Өйткені елімізде ынтымақ пен бірлікті ту етіп, өмір сүріп жатқан 130-дан астам ұлттар мен ұлыстар армандарын бір арнаға тоғыстырып, мемлекетіміздің жарқын болашағы үшін еңбек етуде.
Алтай мен Атыраудың арасын еркін жайлаған осыншама халықты бірлікке шақыратын, ынтымаққа ұйыстыратын “Алғыс айту күні” бар. Көктемнің алғашқы күнінде атап өтетін осы бір мереке жылы жүзді жандардың жүрегіне нұр құярдай әсер береді. Тіпті жыл өткен сайын “Алғыс айту күнінің” мән-мағынасы артып келеді десек, артық айтқандық болмас.
Жалпы бұл қандай мереке? Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылғы 14 қаңтарда Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні – 1 наурызды елімізде “Алғыс айту күні” деп жариялап, № 173 Жарлыққа қол қойған болатын. Сол жылдан бастап елімізде “Алғыс айту күні” аталып келеді. Яғни 1 наурыз – елімізде тұрып жатқан барлық этнос бір-біріне ризашылығын айтатын күн. Әсіресе, қиын-қыстау заманда елімізге жер аударылып келген түрлі ұлт өкілдері шыдамдылық танытып, ерекше қонақжайлылық көрсеткен қазақ халқына алғыстарын білдіреді. Мұның жай-жапсарын тарихты білетін адам жақсы түсінеді.
Кеңес үкіметінің кезінде елімізге түрлі ұлт өкілдері күштеп көшірілді. Олардың қатарында бүгінде осы жердің тұрғылықты халқын құрайтын кәрістер, шешендер, татарлар секілді көптеген ұлттың өкілдері болды. Қазақ – ежелден қонақжай халық. Елге келген өзге ұлт өкілдеріне сая болып, қолындағы барымен бөлісті. Депортацияға ұшыраған жұрт қазақ халқының осы бір қасиетінің арқасында аман қалды деуге болады. Олар үшін Қазақстан екінші Отандарына айналды.
АЛЖИР лагерінде кезінде мынандай бір оқиға болған. Қара жұмысқа жегілген әйелдерді жергілікті балалар әжуалап, құртпен атады. Сонда күзетшілердің бірі: “Көрдіңдер ме, сендердің халық жауы екендеріңді тек үкімет қана емес, ақыл тоқтатпаған балалар да біледі” деп келеке етеді. Жалған жаламен айдауда жүргендерге жастардың тас атуы мен күзетшінің мысқылы ауыр тиді. Бір қызығы, ауыл балалары бұларға құрт атуын күнделікті дағдыға айналдырады. Бір күні Гертруда Платайс есімді тұтқындағы әйелдің бірі әлгі балалар атқан тастан қорғанбақ болғанда аяғы тайып жерге құлайды. Көптен бері тойып тамақ ішпеген байғұстың мұрнына ірімшік пен құрттың исі келеді. Әлгі тас деп ойлаған тағамның бәрін жинап алып, тұтқындағы қазақ әйеліне көрсеткенде оның құрт екенін айтады. Сонда әлгі әйел өздері қиын жағдайда жүрген жандардың шексіз жомарттығына қайран қалады. Қазір осы бір оқиға бүкіл дүние жүзін жайлап кеткен. Мұндай мейірімділік қазақ секілді текті халықтың ғана қолынан келеді.
Бүгінде қазақ жерін мекендеген барлық ұлттардың арманын бір арнаға тоғыстырып, ауызбіршілігін арттырып, ынтымағын нығайту мақсатында қыруар жұмыс атқарылуда. Мұның барлығы Қазақ Елінің, Алтай мен Атыраудың арасындағы қасиетті топырақты басып жүрген жұрттың кемел келешегі үшін жасалып жатқан жұмыстың бір парасы ғана.
Жүзден аса ұлттар мен ұлыстар тұратын біздің еліміз үшін “Алғыс айту күнінің” орны бөлек. Себебі татулық бар жерде достық бар, бірлік бар жерде береке бар екенін Қазақстан халқы жақсы түсінеді.
Азиз БАТЫРБЕКОВ